Ресей кеше ең ауыр түнді бастан өткерді. Үрей әлі басылған жоқ

16075

Таңға таяу Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігі 145 жаралының тізімін жариялады. 

Ресей кеше ең ауыр түнді бастан өткерді. Үрей әлі басылған жоқ Фото: URA

Ауруханаға жеткізілген жаралылардың кем дегенде 60-ы хәл үстінде жатқан көрінеді.  

Ресейлік басылымдар да, әлемдік ақпарат құралдары да жаға ұстатарлық жайттарды жариялауда.

Біріншіден, осының қарсаңында, биылғы 7 наурызда АҚШ-тың Ресейдегі елшілігі Мәскеуде терактілер болуы мүмкін екенін ескертіп, Американың азаматтарына адамдар көп жиналатын жерлерге, бұқаралық орындарға, соның ішінде әсіресе, концерттерге бармауға табанды түрде кеңес берді. Артынша, өз барлау қызметтерінің деректеріне жүгініп, Ұлыбритания, Германия, Канада сияқты әлемдегі алдыңғы қатарлы біраз мемлекет те Ресейдегі өз азаматтарына ұқсас ескерту жасады.

Мұны жария жасау арқылы озық елдер Ресей билігін де құлақтандырды. Мәскеу де бейғам жатты. Ресейлік Mash және басқа ақпарат құралдары дәл лаңкестік шабуыл қарсаңында, "Крокус Сити Холлдың" кіреберісінде металл детектор рамкалары жұмыс істемегенін, күзет қызметкерлерінің бірде бір адамның сөмкесін тексермегенін хабарлады. Салдарынан терроршылар алып ғимараттың ішіне атыс қаруларын, граната және басқа жарылғыш, жанғыш заттарын еркін алып өткен.

"Новая-Европа" басылымы "Крокус Сити Холл" өзін күзету үшін Росгвардияның "Охрана" кәсіпорнының өзімен контракт бекіткенін әшкереледі.

РБК, Lenta.ru және басқа да ресейлік ақпарат агенттіктері "Крокустағы" терактіге Украинаның және РДК-ның қатысы жоқтығы туралы қысқаша жаңалықтарды басты. Олар Украинаның бас барлау басқармасының өкілі Андрей Черняктың, сондай-ақ "ресейлік еріктілер" өкілінің мәлімдемесіне сілтеме жасады. Украина Президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк бұл оқиғаларға Киевтің еш қатысы жоқтығын нықтап, өз елінің Ресейдің бейбіт халқымен емес, армиясымен майдан даласында шайқасып жатқанын ескертті.

"Новая газета Еуропа" шетелде жүрген ресейлік оппозиционер, Мемдуманың экс-депутаты Илья Пономаревтің бұл лаңкестік актісіне өзімен байланысты "Свобода России" легионының және "РДК"-ның қатысының жоқтығы туралы сөзін жария етті.

"РИА Новости", "Интерфакс" сияқты ресейлік басылымдар "өрт сөндірушілер жылдам жеткенімен, лаулап, тез таралған өртті сөндіруге кіріспегенін" алаңдай жазды. Кейіннен белгілі болғанындай, құтқарушылар арнайы мақсаттағы жасақтардың келуін күтіпті, оған дейін "тілсіз жаумен" күресуге рұқсат етілмеген. Бірқатар ресейлік сарапшылардың пікірінше, өртті ауыздықтауға бағытталған шаралар, мысалы, қалың көбік, су тамшыларынан және будан құралған тұман лаңкестердің қашып құтылуына мүмкіндік жасайды деп санаса керек.

Сонымен қатар, шабуыл орнына Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевтің аттанғаны да хабарланған. Оның жедел штабқа жетекшілік етуі қажет болыпты.

Аталған шектеуге қарамастан, Msk1 және Baza жазуынша, 4 қылмыскер бәрібір қылмыс орнынан қашып, жасырынып үлгерді. Тағы бірнеше лаңкес ғимараттың ішінде баррикада жасап, қорғанысқа көшкен. Мәскеуде "Сирена" шұғыл жоспары енгізілді.

ТАСС хабарлауынша, "Росгвардияның" арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жауынгерлері жеткенше, "Крокус Сити Холл" ғимаратының үштен бір бөлігі толығымен отқа оранып үлгерген.  

Бұған дейін ғимараттың шатырына қашып тығылған ресейліктердің көмек сұрап, шыңғырған дауыстары естілген. RusNews кешкі он жарымда орталықтың өртеніп жатқан шатыры ішіне опырылып құлай бастағанын мәлім етіп, тиісті видеоны жариялады. Соның алдында нысанның ішінде кем дегенде екі жарылыс болып, дүмпуі сыртқа сезілген.

Тек түн он бірден ауғанда ғана РФ Төтенше жағдайлар министрлігі "құтқарушылар көтергіш механизмдердің көмегімен концерттік зал ғимаратының төбесінен адамдарды әкетуді бастағанын" жария етті.

Сондай-ақ осы кезде ТЖМ-нің тікұшақтары да әуеге көтеріліп, төбеден су шашып, "тілсіз жауды" құрықтау шараларына кірісе алды. Оқиға орнында 320 құтқарушы, 130-дан астам өрт сөндіру техникасы және 3 тікұшақ жұмыс істеді. ТАСС мәліметінше, ақырында "Крокус Сити Холлдың" шатыры ішінара күйреген.

Тағы бір жайт: Ксения есімді куәгердің баяндауынша, лаңкестер "Крокустың" концерт залының ортасына да от қойды. Ксения құрбысымен бірге концерт залының бірінші қатарында отырған.  

"Кенет тарсыл-гүрсіл дыбыстар естілді. Жоғары қарағанымызда бельэтажда қашқан адамдарды көрдік. Жапатармағай сахнаға қарай жүгіргенімізде, залдың ортасында үлкен алау жана жөнелгенін байқадық. Сахнаға жетіп үлгермеген көрермендер өзге есіктерге ұмтылды. Бірақ көпшілігі сахна арқылы қашып үлгерді", – деді бойжеткен.

Түн ортасында ғана өрт сөндірушілер тек өрттің таралуын тоқтата алды. "Интерфакс" тілшісі өрттің бірнеше сағат бойы өршігенін, түнде ары қарай жанып жатқанын айтады.

Куәгерлердің дерегінше, ғимарат теракт басталғаннан кейін бірер минут өткенде жана бастаған. Лаңкестердің шабуылы шамамен кешкі сегізде бастау алған еді.

Бүкіл қала қап-қара түтінге бөккендіктен, "Роспотребнадзор" "жану өнімдерінен қалай уланып қалмауға болатыны" туралы рекомендациясын жариялады. Тұрғындарға ведомство көшеге қажетінсіз шықпауға, спортпен айналыспауға, үйлердің есік-терезелерінің саңылауларын ылғалды матамен бекітуге кеңес берді. Созылмалы сырқаттары бар адамдар өз халінің нашарлап кетпеуін бақылағаны жөн. Сондай-ақ балаларды жалғыз қалдырмау маңызды.

РФ ТЖМ-і бастапқыда "Крокус Сити Холлдағы" өрттің аумағы 3 мың шаршы метрді құрағаны туралы хабарлаған. Түнге қарай жалын жайлаған ауданның 13 мың шаршы метрге жеткені мәлім болды. Ақырғы санның одан да асуы ғажап емес.

Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласында, МКАД жанында орналасқан "Крокус Сити" Ресейдегі аса ірі сауда-көрме, іскерлік орталық саналады. Ол 90 гектар аумаққа созылып жатыр.  

"Крокус Сити Холдың" ресми сайтында көрсетілгендей, оның бір ғана үлкен концерт залына 6200 адам, кеңейткенде 9,5 мың адам сияды. Сондай-ақ 3200 адамға арналған орташа, басқа да ұсақ залдары бар. "Пикник" тобының концертіне барлық билеттер сатылып кеткен.

Сондықтан қанша адамның қаза тапқаны, қаншасы зардап шеккені түпкілікті белгісіз. РФ Бас прокуратурасы терактіде мерт болғандардың және жараланғандардың саны нақтыланып жатқанын мәлімдеді. Әлеуметтік желінің рунет бөлігі концерттік залдың ішінде қамалып, тығылып қалған адамдардың жанайқайға толы видеоларына толды. Қаншасы тірі шыққаны беймәлім. Тек түн ортасына қарай арнайы мақсаттағы жасақтар ғимаратқа кіріп, ішінде бекінген лаңкестерді іздеді.

Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевтің пікірінше, құтқарушылар өрттің таралуын тоқтата алған, алайда ол таңға дейін толық сөндірілмеген. Опырылып түскен шатырдың астында да адамдар болуы мүмкін.

Бір белгілісі, лаңкестік акт "Крокус Сити Холда" "Пикник" тобының концерті басталмай тұрып, болған. Бұл кезде көрермендердің бір бөлігі киімдерін гардеробқа тапсырып жатыпты. Сол кезекте тұрғандардың тосыннан қаруларын суырып алып, атысты бастағаны туралы дерек айтылды. Атыс көрермендерді залға шақыратын екінші және үшінші қоңырау арасында басталды.

Куәгерлердің әңгімелеуінше, "әскери камуфляжды форма мен бронды жилет киген, қауға сақалды" кем дегенде үш адам ғимарат ішіне кіре сала, кездескендерді автоматпен атқылауға кірісіпті. Ізінен жарылыстар болған. Кейіндері қолдарына қару ұстаған, тіпті бет-жүзін де бүркемелемеген белгісіз бесеу бейнеленген видео да тарады.  

"Новая газета Европаға" сұхбат берген, терактіден құтыла алған әйелдің айтуынша, ол концерттік залға жайғасып жатқанда, фойеде автомат атысының дыбысын естіген екен. Осы кезде залға ентелей енген күзет қызметкерлері дұрыс қимылдап, адамдарды залдан жандәрмен сахна астындағы әртістерге арналған жасырын өтпемен алып шығыпты. Залдағы бірқатар адам қимылдауға қорқып, қатарлар арасында тығылып қалуға тырысқан. Құтқарушылар бұл дәлізден жүздей адам аман шыққанын хабарлады.  

Куәгерлер "Крокус Сити" ішінде дабылдатқыштың бірден іске қосылмағанын, терактінің басталғаны, қалай қашып құтылуға болатыны туралы дыбыстық хабарландырудың болмағанын қаперге салды.

Лаңкестік актіден кейін Мәскеудегі ірі сауда, ойын-сауық орталықтары жабылып, ішінен келушілер мен сатушылар эвакуацияланды. Мәскеу мэрі Сергей Собянин РФ астанасындағы халық көп жиналатын барлық спорттық, мәдени, бұқаралық жиын-шараларды өткізуге дүйсенбіге дейін тыйым салды. Ресейдің өзге өңірлері, республикалары да солай жасады.

Мектептер және жоғарғы оқу орындары шәкірттерін қашықтан оқуға ауыстырды. Мәскеуде және облысында музейлер мен театрлар жұмыс істемейді.

Ресейде интернетте, барлық дерлік әлеуметтік желілерде, соның ішінде көршіде танымал "ВКонтакте" мен Телеграмда ақаулар орын алуда.

Мәскеудегі терактіге байланысты Беларусь те қауіпсіздік шараларын күшейтті. Бұл туралы республиканың Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.

"Ішкі істер министрі Иван Кубраковтың нұсқауымен, азаматтар көп жиналатын орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда. Баса назар аударуды талап ететін объектілер анықталды. Тәртіп сақшылары нарядтарының тығыздығы арттырылды. Тиімділігін жоғарылату үшін патрульдер ОМОН жауынгерлерімен күшейтілді", – делінген РФ одақтасы Беларусь ІІМ-інің мәлімдемесінде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу