Ресей киноқорында жатқан жүздеген қазақ фильмі елге қайтарылмақ

4226

Бұл жаңалық 2024 жылғы республикалық бюджеттің шығыстарын жариялаған Қаржы министрлігінің дерегінен белгілі болды.

Ресей киноқорында жатқан жүздеген қазақ фильмі елге қайтарылмақ Фото: e-history.kz

Онда айтылғандай, Қазақстан кеңес заманында Мәскеуге әкетілген, бүгінде Ресей "Госфильмофондында" жатқан 312 дана қазақстандық киноны елге оралтуға кіріседі. Бұл шара бірнеше жылға созылуы мүмкін.

Бұл мақсатта "Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру" деп аталатын №033 бюджеттік бағдарлама және "Қазақстан Республикасының кино-коллекциясын цифрландыру және реставрациялау жұмыстарын жүргізу" атты №137 бюджеттік бағдарлама аясында қаражат бөлінеді.

Себебі, ол туындылар елге әкелінген соң цифрландыру мен реставрациялаудан өткізілуге тиіс.

Нәтижесінде, қазақ киносының алтын қорын толықтыру және қалпына келтіру миссиясы жүзеге асырылады.

Соның ішінде осы шараға 2024 жылғы бюджеттен 350,6 миллион теңге бөлінбек.

Бұл мемлекеттік тапсырманың орындалуына жауапты заңды тұлға ретінде Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ-ы бекітілді.

"Қазақстан негізінен кеңес заманында, 1992 жылға дейін "Қазақфильм" студиясында түсірілген, бірақ Мәскеуге әкетілген 312 дана киноматериалымызды қалпына келтіру үшін Ресей Федерациясының Мемлекеттік фильм қорынан кезең-кезеңімен елге қайтаруға кірісті. Оның ішінде 161 көркемфильм, 66 деректі фильм және 85 мультипликациялық фильм бар", – делінген ресми түсініктемеде.

Үкіметтің мәліметінше, бұл ретте келесі шаралар атқарылады:

  • отандық фильмдер топтамасын реставрациялау,
  • цифрлық форматта қалпына келтіру,
  • жоғары сапалы көшірмесін жасау,
  • оларды онлайн-платформаларда орналастыру,
  • білім беру мекемелері, соның ішінде мектептер, жоғарғы оқу орындары, сондай-ақ телеарналар үшін контент ретінде қолдану жоспарланып отыр.

Ең бастысы, осы арқылы Қазақстанның мәдени мұрасын сақтап қалу мақсат етілді.

Өйткені сарапшылардың айтуынша, бірқатар кеңестік киноөнімдер Ресей "Госфильмофондында" жойылып кеткен. Көктеп, бұзылғандары да жоқ емес.

Тек 2008 жылы ғана, 60 жылдығына орай Ресей Мемлекеттік фильм қоры үшін Мәскеу түбіндегі Белые Столбы қаласында заманауи жаңа фильм қоймасы (фильмохранилище) салынды.

Ресей Мемфильм қоры директорының орынбасары болған кинотанушы-архивист, марқұм Владимир Дмитриев кейінгі естеліктерінде осы мекемеге қатысты тоқсаныншы жылдары және бертінде рейдерлік шабуылдар болғанын еске алған еді.

"Госфильмофонд бірнеше шабуылды бастан өткерді. Мұндағы жинақтарға да, қордың территориясына да көз сұғын қадағандар көп болды. Бүкіл коллекцияны талан-тараж еткісі келді. Нұсқаулар ең жоғарғы жақтағы басшылардан түсті. 90-шы жылдардың басында біздің аумақ та үлкен қызығушылық тудырды. Майшелпек жер телімі: айналасындағы инфрақұрылым дамыған, өзі Мәскеудің іргесінде орналасқан. Белые Столбы қаласында жаңа ғимараттар тұрғызылып жатты. Қор аумағын бергім келмегені үшін қоқан-лоққы жасағандар болды. Құзырлы органдарға жүгініп, қорғауды сұрадым, тырп етпеді. Тығырыққа тірелдік, тапанша сатып алу туралы ойласа бастадым. Сонда тек Марк Рудинштейн көмектесті. Ол байланыстарын іске қосқан соң бандиттер бізді жайымызға қалдырды", – деп еске түсірді Владимир Дмитриев.

Ресми дерек бойынша Ресейде мысалы, ХХ ғасырдағы қызыл революцияға дейін түсірілген (соның ішінде Қазақ елі мен Ұлы даламыз бейнеленген) 2 мыңнан астам толыққанды фильм болған екен. Ал тоқсаныншы жылдардан кейін соның тек 300-дейі ғана аман қалған. Ресейлік кинотанушылар мұны "тарих үшін оны толмас шығын" (невосполнимая потеря для истории) деп бағалайды.

Жалпы, егер Қазақстан 300-ден астам қазақ киносын қайтара алса, бұл еліміздің мәдениеті тарихындағы биік бір белес болады. Себебі, Ресей Мемлекеттік фильм қорындағы туындыларды тарихи жәдігер санап, ешкімге бермеуге тырысады.

Атап айтқанда, 1990 жылдары Тбилиси киностудиясында өрт болып, "тілсіз жау" архивті жойып жіберген. Ал кеңес кезінде жасалған грузиялық киноның бүкіл жинағы "Ресей Мемфильм қорында" сақтаулы. Содан Грузия Мәскеуге ресми жүгініп, босқа құрығалы тұрған сол жинақты түпнұсқа-исходниктерімен өзіне тапсыруды сұратты. Ресей беруден үзілді-кесілді бас тартты.

Бүгінде сол жинақтан қаншасы қалғаны, жаңа заманға жырымдалмай жеткені белгісіз. Оның үстіне 2008 жылғы соғыстан аралары бұзылғанын ескерсек, Сакартвело халқының сол алтын қорына әзір қол жеткізе алуы неғайбыл.

Қазақстан бұған дейін де елімізге қатысты фильмдерді Ресей "Госфильмофондынан" алып жүрді. Мысалы, былтыр көршінің қоры ХХ ғасырдың 40-60-шы жылдары "Қазақфильм" түсірген 3 кинокартинаны елімізге табыстады.

Олардың арасында 1966 жылы Шәкен Аймановтың өзі түсірген "Атамекен" ("Земля отцов"), режиссер Қуат Әбусейітовтың 1959 жылғы "Өмір жолында" ("Дорога жизни") көркем фильмдері және "Под звуки домбр" (Қазақтың киноконцерті, ақын Дина Нүрпейісованың өнері, 1943) деректі фильмі болды.

Яғни, аздап, бірлі-жарымын береді. Енді әңгіме бірден 312 кинотуындыны қайтару туралы болып отыр. Олардың атаулары, басқа егжей-тегжейі елге әкелінгенде жарияланады.

Айта кететін жайт, биыл анимация немесе фильм түсіргені үшін бөлінетін миллиардтар сыртында, "Қазақфильм" АҚ студиясы өзге де қаржы тасқынына қол жеткізді.  

"Қазақфильмге" мысалы, "анимация саласындағы танымал мамандарды шақыра отырып, студенттерге, кинематография мамандарына арнап, практикалық сабақтар, мастер-кластар өткізу" үшін 498,7 миллион теңге беріледі.  

"Қазақфильм" АҚ-ы қазақ киносының алтын қорын цифрландырғаны және қалпына келтіргені үшін биыл 350,6 миллион теңге сұратып алды.

Бюджеттік бағдарламадан белгілі болғанындай, "Қазақфильм" студиясы 1992 жылға дейін өзінде түсірілген, қолында бар фильмдерді сол бойы толық цифрландырмапты. Көбісі архивте шаң басып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу