Ресей КҚК-ны тоқтату арқылы төрт мақсатқа қол жеткізбек – Рашид Жақсылықов

18326

Белгілі экономист, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы Рашид Жақсылықов еліміздің мұнай-газ секторында орын алып отырған жағдайға қатысты inbusiness.kz-ке сұхбат берді.

Ресей КҚК-ны тоқтату арқылы төрт мақсатқа қол жеткізбек – Рашид Жақсылықов Фото: sputnik.kz

– Рашид Хасенұлы, әңгімені Каспий құбыр консорциумынан бастағанымыз дұрыс шығар. Бұл жерде Ресейдің түпкі мақсаты қандай?

– Ресей Каспий құбыр консорциумын тоқтату арқылы төрт түрлі мақсатқа қол жеткізуді көздеп отыр. Бірінші – Еуропадағы шикі мұнайға деген тапшылықты ұлғайту. Еуропаның кейбір мемлекеттеріндегі шикі мұнайдың 30 пайызға дейінгі көлемін Қазақстан қамтамасыз етіп отыр. Екінші – Қазақстанды экономикалық тұрғыдан ыңғайсыз жағдайларға итермелеп, өздерінің саяси шешімдерін мойындату. Үшінші – түбінде Каспий құбыр консорциумын жекешелендіріп алу. Төртінші – Қазақстанның мұнай тасымалына кедергі келтіру арқылы шетелдік инвесторлардың біздің нарықтан кетуге мәжбүрлеу.

– Сіз атаған төртінші мақсат – инвесторларды біздің елден бездіру туралы аса көп айтылмайды екен...

– Иә. Негізі мен атаған төрт мақсаттың ішінде соңғысына аса бір қатты мән берілмей келеді. Шын мәнінде маңыздысы – осы. Жағдайды реттей алмасақ, әлемдік алпауыт компаниялар Қазақстанның мұнай-газ өндірісінен кетуі мүмкін. Ал олардан кейін босап қалған орынға Ресей өздерінің компанияларын ұсынуды көздеп отыр. Осы төрт мақсатқа қол жеткізу үшін Ресей тарапы Каспий құбыр консорциумын құрал ретінде пайдаланып отыр. Сондықтан дәл қазіргі уақытта әр қадамды ойлап жасаған абзал. Экономикалық тұрғыдан шығын шексек те, саяси тұрғыдан елдің болашағына зиян әкелетін қадамдарға бармаған дұрыс. Асылы алдағы 4-5 жыл көлеміндегі экономикалық қиындықтарға шыдап, тығырықтан шығуға тиіспіз.

– Каспий құбыр консорциумынан Қазақстан қандай зардап шекпек?

– Мұнай – Қазақстан экономикасының бел омыртқасы. Оны сындырып алсақ, мұнай-газ секторы ғана емес, тұтас елдің экономикасы зардап шегеді. Біздің экспортқа бағдарланған мұнайдың бәрі Каспий құбыр консорциумы арқылы өтеді. Сондықтан бұл мәселені жедел түрде оңтайлы шеше алмасақ, оның зардабын елдегі 19 миллион халықтың бәрі сезінетін болады. Негізі Каспий құбыр консорциумы Қазақстанның идеясы екенін ұмытпайық. Біздің ел аталған жобаға инвестор іздеп, қаражат тауып, бірнеше жыл көлемінде тыңбай жұмыс істеп, іске қосқан еді. Осы факторды одақтасымыздың дәл қазіргі уақытта ескермей отырғаны өкінішті. Бұдан тиімді сабақ алуға тиіспіз.

– Тығырықтан шығу үшін қазір бірнеше балама жол ұсынылуда. Сіздің бұған көзқарасыңыз қандай?

– Балама жолдың қарастырылуы орынды. Алайда әзірше ұсынылып жатқан жолдардың бәрі Қазақстанның қазір өндіріп жатқан мұнайын экспорттауға, тасымалдауға дәрменсіз. Сонда өндірілген мұнайдың қалғанын қайда жібереміз? Ресейді айналып өтіп, Еуропаға мұнай жеткіземіз десек, қаншама мемлекетпен келісімшартқа отыруымыз керек. Олардың бізге қоятын талабын орындауымыз қажет. Мұның бәрі бір күнде бола қоятын дүние емес. Заңдастыру, келісімшартты талқылау, бекіту сынды маңызды міндеттер тұр. Балама жолды физикалық тұрғыдан салудың өзі айтуға ғана оңай. Бұған 3-5 жыл уақыт керек. Балама жолдарды іске қосуға Қазақстанның ішкі коммуникациясы дайын ба? Мұнай тасымалдайтын темір жолға арналған цистерналар мен су жолына арналған танкерлер бар ма? Біздіңше, бұл да маңызды сұрақ. Өкінішке қарай, біздің ішкі коммуникациямыздың жағдайы өте төмен. Ішкі жағдайымызды реттей алмай жатып, сырттағы елдің сенімін алу қаншалықты дұрыс?!

– Ойыңызды ашық айтыңызшы, Сіз қай бағытты құптайсыз?

– Дәл қазіргі уақытта біз үшін ең тиімді жол – отандық мұнайды шығысқа қарай айдау. Шығыста екі үлкен мемлекет бар. Олар – Қытай мен Үндістан. Екеуінің де халқы көп. Демек ондағы тұтыну нарығы да үлкен. Қытаймен келісімге келер болсақ, арамызға басқа мемлекеттер де кіріге алмас еді. Өйткені Қытайдың инвестицияға да, басқа мақсаттарға да жұмсар қаржысы жеткілікті. Қазақстан мен Қытай арасындағы коммуникацияның деңгейі де жақсы. Екі жерден темір жол мен автомобиль жолы өтеді. Құбырымыз да бар. Атасу-Алашанкөл құбырын айтып отырмын. Тек, құбырдың қуатын арттыру маңызды. Қысқасы, дәл қазір бетпе-бет келіп отырған тығырықтан шығар ең жылдам балама жол – Қытаймен байланыс орнату. Болашақта сауда-саттығымыз жоғары деңгейге өтіп, бір-бірімізге деген сенім күшейетін болса, Қытай арқылы мұхитқа да шығуға мүмкіндік бар. Ұсақ мемлекеттер тоған жағалайды, орташа мемлекеттер теңіз жағалайды, ірі мемлекеттер мұхит жағалайды деген сөз бар.  Мұны ертедегі ғұламалар айтқан. Мұхит арқылы кез келген бағытқа қатынауға болады. Сондықтан бізге мұхит жағалап тұрған ірі мемлекеттермен қатар жүрген дұрыс.

– Мұнайды темір жолмен тасымалдау мүмкіндігімізді қалай бағалар едіңіз?

– Каспий құбыр консорциумына қатысты жағдай наурыз айында басталды. Алдымен апат орын алды деді. Кейін мина іздеуге көшті. Енді міне экологиялық жағдайды алға тартып отыр. Осының бәрін біздің Үкімет білмеді емес, білді. Бірақ халыққа жағдайды түсіндіріп, ашық айтпады. Бұл дұрыс емес. Шыны керек, Үкімет қазір де алдағы келеңсіз жағдайларға дайындалып жатыр. Алайда мұның бәрінен бұқара халық хабарсыз. Каспий құбыр консорциумына қатысты дау басталғалы төрт ай өтті. Осы уақытта тым құрығанда темір жолмен тасымалдау мәселесін де шеше алмадық. Мәселен, Қытай мен Қазақстанның темір жолдары бір-біріне сәйкес келмейді. Біздікі кеңестік кезеңнен қалған жолдарға лайықталған. Ал Қытайдыкі біз пайдаланып жүрген жолдармен салыстырғанда әлдеқайда жіңішке. Сондықтан Қытай шекарасына өткенде біздің вагондардың дөңгелектері ауыстырылады. Осы мәселені де реттеп алатын уақыт болды ғой.

– Сонда біздің темір жолдарымыз алдағы өзгерістерге дайын емес дегіңіз келе ме?

– Иә. Өйткені біз қазіргі уақытта жанар-жағармай таситын цистерналардың өзін Украина, Беларусь, Ресей секілді елдерден жалға алып отырмыз. Сөйте тұра құбыр салғымыз келеді. Әрине, амбиция болғаны жақсы. Бірақ әр амбицияның астарында дұрыс жоспар, ұтымды шешім, іскер команда тұруы керек. Халықтың көңілін алдап, жылы сөз айта салуға болмайды. Әрі-беріден кейін "жақсы еді" деген жауаппен құтылатындай біреудің жаназасында жүрген жоқпыз ғой. Еліміздің баянды болашаққа бастап апарар жолын салмақпыз.

– Сонша таусыла сөйлегеніңіз қалай?..

– Рас, төрт айдың төңірегінде Ресейдің бізді түртпектей беруі жанымызға батты. Каспий құбыр консорциумы бір күнде салына салған дүние емес қой. Бұл – отыз жылдық тәуелсіздіктің жемісі. Жемқорларға есе жібермей, еңсе тіктеген жоба болған соң да жанымыз ашиды. Енді бізге де мінез танытып, қыр көрсететін уақыт жетті. Қазақтың "Екі түйе сүйкенсе арасында шыбын өледі" дегені дәл қазіргі жағдайға байланысты айтылғандай. Ресей мен Еуропа арасындағы текетірестен бейбіт өмір сүріп, саудасын жүргізіп жатқан Қазақстан қиын жағдайға тап болып отыр.

– Тағы алып-қосарыңыз бар ма?

– Өкінішке қарай осы күнге дейін мұнайдан түскен пайданың бәріне ескерткіш орнатып, аш халыққа стадион салып, қажеті жоқ шаралар ұйымдастырып келеміз. Ал шынында осындай дүниелерге жұмсалған қаржыны экономикалық тұрғыдан маңызды жобаларға жұмсауымыз керек еді ғой. Бүгін жұмсаған 1 теңге болашақта 1 мың теңге болып қайтатын жолды іздеуіміз керек. Президент "Қазақстанның жер қойнауындағы байлықтың бәрі халыққа тиесілі" деді. Ендеше бұқараға тиесілі дүниенің болашағын талқылауға халықтың өзі де қатысуы керек. Үкімет осыны ескерсе екен.

– Әңгімеңізге рақмет!

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу