Ресей клубы қазақ баласына қызығып отыр

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3685

Футболдан қазақтың жас таланты Еркебұлан Сейідахметке Ресейдегі "Уфа" клубы қызығушылық танытып отыр.

Ресей клубы қазақ баласына қызығып отыр Фото: fctobol.kz, granatkin.com

Ақпан айының басында 18-ге толатын Еркебұлан Сейідахмет биыл Ресейдің "Уфа" клубына ауысатын секілді. Әуел бұл ақпаратты Ресейдегі Нобель Арустамян деген комментатор жариялады. Ол өз твиттеріне "Таяу арада РФПЛ-де тағы бір трансфер жүзеге асады. Қазақстанның ең үздік таланттарының бірі Еркебұлан Сейідахмет (2000 ж.т.) "Уфаға" ауысуға шақ тұр" деп жазды.

Әрине, бұл ақпаратты біздің елдегі электронды басылымдар бірден іліп әкетті. Тіпті оның ұстаздарының бірі, "Монтажник" клубының іргесін қалаушы Георгий Хутидимен хабарласып, тілдескендері де бар. Аталмыш маман бұл ақпаратты теріске шығармаған.

Георгий Хутидидің sports.kz сайтындағы сөздеріне сенсек, Еркебұлан қаңтардың ортасында "Уфа" клубымен Кипрде өтетін оқу-жаттығы жиынына аттанады екен. Ал келесі айда, яғни 4 ақпанда 18-ге толған соң Башқұртстан клубымен келісімшартқа отыратын көрінеді. Бұл клуб оның кәсіби тұрғыда жетіле түсуіне ең қолайлысы болған сыңайлы.

Алайда "Уфа" клубының ресми сайты әлі мұндай ақпарат таратқан жоқ. Екі жақ еңбек келісіміне қол қоймай, ресми түрде мәлімдеме жасамайтындары да бесенеден белгілі. Десек те, "Уфа" клубының Бас директоры Шамиль Газизов қазақтың жас талантына қызығып жүргендерін жасырмаған.

Нақтырақ айтқанда, "Біз оның өнерін қадағалап жүрміз, біздің команда оған қызығушылық танытып отыр деуге болады. Ол – өте дарынды, біртума футболшы. Икемі бар, енді оны жетілдіре түсу керек" депті. Бас директордың пікірін vesti.kz сайты жариялады.

Негізі, Еркебұланға былтырдан бері Ресейдің "Зенит" клубы қызығып жүрген болатын. Былтыр тіпті жасөспірімдер арасындағы құрамына шақырып, 10-25 ақпан аралығында Кипрде өткен оқу-жаттығу жиыны да алып барған. Одан кейін наурыз айының ортасында Италияда өткен жасөспірімдер арасындағы "Viareggio Cup" турниріне алып барды.

Осы турнирде "Зенит" жеткіншектері АҚШ-тың "Атлетик Юнион" деп аталатын клубын 8:0 есебімен ойсырата жеңіп, алғашқы төрт голды 30 минуттың ішінде Еркебұлан Сейідахмет соққан болатын.

Бірақ "Зенит" өткен жылы "қазақтың Мессиі" атанған жас футболшымен келісімшартқа отыра алмады. Өйткені ФИФА ережесі бойынша, 18 жасқа дейінгі жас футболшылармен халықаралық трансферге тыйым салынған. Сөйтіп, Ресейдің бай клубы Еркебұланды бір жыл бойы сырттай бақылап отыратын болып, үйіне қайтарған.

Бірақ биыл Еркебұланның таңдауы өзгерген сияқты. Себебі Санкт-Петербор клубы сапында – ылғи ығай мен сығайлар. Еуропа футболының жұлдыздары да бар. Сондықтан "Зениттің" бапкерлерінің қазақтың жас баласына көп мүмкіндік бере қоюы екіталай. Жастары ойнайтын командасына жіберуі де ықтимал.

Ал "Уфа" – жас таланттарға мүмкіндік беретін клубтардың бірі. Яғни Еркебұланның дәл осы команда сапында негізгі құрамда ойнау мүмкіндігі мол. "Зенитке" барып, қосалқы құрам орындығын "тоздырғанша", Башқұртстан клубында тәжірибе жинақтаған әлдеқайда пайдалы.

Мәселен, 2015 жылдан бастап осы команданың сапында ойнаған Украина таланты Александр Зинченко 2016 жылдың жадыраған жазында ағылшынның "Манчестер Сити" клубына ауысып, бес жылға келісімшартқа отырды. 22 жастағы жартылай қорғаушы қазір өз елінің ұлттық құрамасы сапында ойнап жүр.

Сонымен қатар, қазір "Уфа" сапында ойнап жүрген Иван Обляков деген 19-дан асқан футболшы Ресейдің жасөспірімдер және жастар арасындағы құрамаларында ойнайды. Мамандар оның да өнерін жоғары бағалайды. Яғни "Уфа" шынымен де жас таланттардың бағын аша алатын ұжым сияқты.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу