Еуропа аспанында соғыс бұлты қайта қоюлана бастағандай. Германия мен Солтүстікатлантикалық альянс бойынша одақтастары аса қауіпті сценарийге – Ресейдің 2029 жылға қарай, тіпті одан да ерте НАТО елдерінің біріне тұтқиылдан шабуыл жасауына қазірден тас-түйін дайын болуға тиіс.
Politico басылымына сұхбатында ГФР Құрлықтағы әскерінің қолбасшысы генерал-лейтенант Кристиан Фройдинг Батыс әлемін сескендірген мәлімдеме жасады.
"Біз сұрапыл соғысқа дайын болуымыз керек. Еш шегінбей, табанды шайқасуға қабілетті болуымыз қажет. Одақтастар арасында ортақ мәміле мен нақты түсінік бар. Ресей осы онжылдықтың соңына дейін альянс аумағына шабуыл жасауы мүмкін. Бұл тек Берлиннің жеке ұстанымы емес, барлық одақтастардың келісілген барлау бағасы. Барлық 32 серіктес "Мәскеу 2029 жылға қарай НАТО-ға мүше елге басып кіру әлеуетіне ие болады" деген пікірде", – деп дабыл қақты армия қолбасшысы Берлиндегі ILA аэроғарыш көрмесінде.
Генерал-лейтенант Фройдинг Кремльдің жағдайды бұдан да ерте ушықтыруға баруы мүмкін екенін қосты. Оның мәліметінше, Берлин қару сатып алуды жеделдету үшін шұғыл қадамдарға кірісті, немістің әскери өндіріс орындары да өз қуаттылығын еселеп арттыруда.
Бұған дейін ұқсас үрейлі байламды Бундесвердің бас инспекторы Карсен Бройер де ашық білдірген еді. BBC-ге сұхбатында ол Ресейдің жыл сайын 1,5 мыңға жуық танк жасайтынын қаперге салды. Бұл ауыр техниканың бір бөлігі Украинадағы майданға емес, резервке және "Батыс бағытында арнайы өрістетілген жаңа әскери құрылымдарға" бағытталып жатыр. Сарапшы Беларусь аумағын РФ-тың Калининград облысымен жалғайтын және Балтық елдерін Еуропаның қалған бөлігінен бөліп тұрған Сувалк дәлізін "Ресей алғашқы болып басып алуға тырысатын ең осал тұс" деп бағалады.
"Біз 2029 жылға дайын болуымыз керек… Қарулы қақтығыстың одан ертерек басталмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан дәл бүгін түнде соғысуға дайын тұруға тиіспіз!" – деді генерал.
Бұл қатерлі болжамдарды еуропалық державалардың саяси басшылығы да қолдап отыр. Ұлыбритания Премьер-министрі Кир Стармер барлау мәліметтеріне сүйеніп, Ресейдің 2030 жылға дейін НАТО-ға ықтимал шабуылы туралы деректерді қорғаныс шығындарын шұғыл түрде арттырудың басты әрі бұлтарпас уәжі ретінде ұсынды.
Әрине, Украинаға қарсы соғыс қарсаңындағы сияқты, Кремль бұл айыптауларды да алдын ала жоққа шығарып отыр. РФ президенті Владимир Путин ол мәлімдемелерді Батыстың әдейі ұйымдастырған арандатушылығы деп санайды.
"Еуропалық лидерлер Ресеймен тайталасты сылтау етіп, өз экономикаларын милитаризациялауға ақша алу үшін өз халқын ақымақ қылып, алдап отыр", – деген пікір білдірді.
РФ басшысы Мәскеудің еуропалық мемлекеттерге шабуыл жасау ниеті жоқ екеніне сендіргенімен, артынша: "егер олардың өздері қақтығысқа себеп болса, РФ соғысқа дәл қазір дайын" екенін айтып, сес көрсетті.
Дәл осы кезде германиялық экономист Янис Клюге (Берлиндегі ғылым және саясат қоры, SWP) соңғы есептеулерін ұсынды: тек 2026 жылдың І-ші тоқсанында ғана Ресейдің әскери шығындары тарихи максимумға шарықтап, орасан зор 5,9 трлн рубльді (шамамен 77,5 млрд долларды) құраған.
Substack платформасында жарияланған зерттеу солтүстік көршінің басымдықтарын көрсетеді. Бүгінде армия қажеттіліктеріне РФ федералды бюджетінің барлық шығыстарының жартысына жуығы, яғни, 46%-ы жұмсалып жатыр.
Спутниктен көрінген шындық: РФ батыс шекараларын қалай нығайтуда?
Саяси мінберлерде сөз сорпадай сапырылып, дипломатиялық айтыс қызып жатқанда, жергілікті жерде нақты әрі қауіпті әскери белсенділік белең алуда. РФ Балтық елдері мен Солтүстік Еуропа шекараларының түбіндегі әскери базаларын алапат қарқынмен кеңейтуде.
Онда ормандар жаппай кесіліп, ескі ғимараттар тегістеліп, жаңа алып казармалар мен қару-жарақ қоймалары бой көтеруде, сондай-ақ әскери техникалар жедел түрде шоғырландырылып жатыр. Бұл туралы Дания радиосы (DR), Норвегияның NRK телерадиокомпаниясы, Швецияның SVT хабар таратушысы және Балтықтың Delfi басылымының бірлескен зерттеуінде ашық жазылды.
The Telegraph тексеруінше, Финляндия, Норвегия, Балтық жағалауы елдері шекараларында ресейлік әскери базалардың жаңа құрылысы мен кеңеюі, сондай-ақ шекара түбіне тізілген қарулы күштердің күрт артуы жаңа спутниктік суреттер арқылы толықтай айғақталды.
Бұл құпия спутниктік досьені Финляндия әскери барлауының бұрынғы офицері және РФ-тағы әскери атташенің бұрынғы орынбасары Марко Эклунд мұқият талдап шықты. Оның бұл сенсациялық тұжырымдарын скандинавиялық арнайы қызметтердегі дереккөздер мен жоғары лауазымды офицерлер де растапты. Сондай-ақ, бұл құрылыстардың барысы туралы Ресейдің ресми құжаттарында да жазылған екен.
Эклундтың бағалауынша, Украинадағы кең ауқымды соғыс аяқталғаннан кейін РФ Печенгадан Калининградқа дейінгі өзінің бүкіл батыс шекарасы бойында саны 115 мың сарбаздан тұратын жер қайысқан әскери қолды өрістете алады. Аналитик жалпы алғанда модернизациядан өтіп жатқан 20-дан астам әскери нысанды бақылапты. Бірақ зерттеуде оның ішіндегі ең ірі 5 стратегиялық нысан егжей-тегжейлі сипатталған.
Печенгадағы база (Мурманск облысы) – Норвегиямен шекарадан тек 11 шақырым жерде ғана тұр. Зерттеуде көрсетілгендей, мұнда орналасқан бригада жедел түрде дивизияға айналды. Жеке құрамның саны 4 мыңнан бірден 10 мың адамға дейін өсуде. Тұтастай алғанда, бұл аймақта 17 мыңға дейін әскери шоғырлануы мүмкін, өйткені көршілес әскери бөлімдерге де қосымша күш қосылады деп күтілуде.
Кандалакша маңындағы база (Ақ теңіз жағалауы) – Финляндия шекарасынан 110 шақырым жерде орналасқан. Мұнда Мәскеу шабуылдау операциялары кезінде алыс қашықтыққа жойқын отты қолдау көрсетуге арналған жаңа артиллериялық бригаданың базасын құруда. 2024 және 2026 жылдардағы спутниктік суреттерді салыстыру жаңа казармалар мен асханалардың, әскери техникаға арналған жабық қоймалардың жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптағанын дәлелдейді. Финдік Yle телеарнасы бұл нысанда құрылыс басталғанын алғаш 2025 жылдың маусымында-ақ жария еткен еді.
Петрозаводск ауданындағы база (Карелия) – Финляндиядан 200 шақырым қашықтықта тұрғызылуда. Бұрын әскерилердің ізі де, иісі де болмаған Новая Вилга елді мекенінде қазіргі кезде ауқымды құрылыс үшін жерді тегістеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Тек 2025 жылдың қыркүйегінен бері база орнында шамамен 1 шаршы шақырым орман оталып, жаңа әскери нысандардың іргетасы қаланып үлгерген.
Марко Эклундтың тұжырымдауынша, мұнда Ленинград әскери округінің құрамындағы жаңа 44-ші армиялық корпусты өрістету үшін стратегиялық инфрақұрылым жасақталуда. Нәтижесінде, бұл нүктедегі әскерилер саны нөлден 16 мың адамға дейін күрт шарықтайды.
РФ Қорғаныс министрлігінің ресми мәлімдемелеріне сәйкес, бұл алаңда 50 ірі нысан, соның ішінде әскерилерге арналған заманауи жатақханалар, спорт кешендері және ауыр әскери техниканы орналастыруға арналған арнайы аймақтар бой көтереді. Таяуда ғана Финляндия мен Швецияның НАТО-ға кіргенін ескерсек, Ресей әскерилерінің фин шекарасы түбіндегі бұл жоғары белсенділігі Батыс тарапын қатты тіксінтіп отыр.
Луга қаласындағы база (Ленинград облысы) – Эстония шекарасынан 115 шақырымдай жерде тұр. Сарапшылар Эстония бағытында әскери техниканы шоғырландырудың күрт артқанын тіркеді. Эклундтың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта мұндағы техника саны Украинаға қарсы соғыстың барлық жылдарындағы ең жоғары шегіне жетіп, қаптап кетті. Сарапшы бұл орасан зор резервтердің Украинадағы майдан шебіне аттану үшін дайындалып жатуы мүмкіндігін де жоққа шығармады. Алайда бұл техника базаның өзінің тұрақты әскери әлеуетін арттыру үшін қалуы да ықтимал.
Балтийск ауданындағы база (Калининград облысы) – НАТО шекарасына қол созым жерде, бар болғаны 23 шақырымда орналасқан. Мәскеу Калининград өңіріндегі бұл анклавқа ерекше стратегиялық маңыз беріп отыр. Себебі, бұл орын – РФ Әскери-теңіз флотының Балтық флоты мекен еткен негізгі плацдармы.
Зерттеу материалдарына жазылғандай, сонда дислокацияланған бригада жедел түрде дивизияға, ал, жеке құрамының саны 7 мың адамға дейін ұлғайтылуда. Барлау мәліметтері бұл бөлімшенің арнайы десанттық операцияларға, Балтық теңізіндегі Готланд және Борнхольм сияқты стратегиялық маңызы жоғары аралдарды ықтимал басып алуға бейімделіп жатыр деп болжайды.
Батыстық әскери сарапшылар бірауыздан мынадай тоқтамға келді. Егер Еуропада келесі ауқымды қақтығыс бұрқ ете қалса, Калининград Ресейдің Балтық теңізін оқшаулауға, соның ішінде шведтік Готландқа, даниялық Борнхольмға және финдік Аланд аралдарына қарсы жойқын операциялар жүргізуге арналған басты форпостына айналады.
Тежеу стратегиясы: "Бүгін түнде соққы беруге дайынбыз"
"Ресей әзірше Украинадағы соғыс батпағына батып, жербауырлап жатқанда, бізге төнер әскери қауіп үлкен емес. Алайда Украинада атысты тоқтату келісімі жасалғанда, жағдай қауіпті жылдамдықпен күрт өзгеруі мүмкін", – деп ескертті НАТО-ның Балтық және Польшадағы күштерінің қолбасшысы генерал-майор Брайан Ниссен.
Оның бұл сөзін Финляндия әскери барлауының басшысы Пекки Турунен де қуаттайды. Ол Кремльдің фин шекарасында күштерді жедел қордалап, альянс қауіпсіздігіне ұзақ мерзімді жаңа қатер ошағын қолдан жасап жатқанын мәлімдеді.
"Ресейлік әскери нысандарды модернизациялау Норвегия мен Финляндияның полярлық аймақтарынан бастап Литвамен шекараға дейінгі тұтас шеп бойында тоқтаусыз жүріп жатыр. Украинадағы қақтығыс тоқтасымен, босаған тәжірибелі бөлімшелер еуропалық бағыттағы осы жаңартылған базаларға жаппай лап қояды. Құрылыс толық аяқталғанда, шекара маңындағы күштердің жалпы саны 115 мың сарбазға жетеді. Бұдан бөлек, жетілген теміржол желісінің арқасында РФ өте қысқа мерзімде шекаралық аймаққа елдің түкпір-түкпірінен тағы жүздеген мың әскери қызметшіні шұғыл жеткізуге қабілетті", – деп жазды даниялық dr.dk басылымы.
Ресей бұл айыптауларды үзілді-кесілді теріске шығаруда.
РФ-тың Даниядағы елшілігі бұл деректерді "негізсіз қиял" деп атады. Ресей елшісі Владимир Барбин журналистерге берген түсініктемесінде: "НАТО елдеріне Ресей қауіп төндіріп отырған жоқ, керісінше, олар бізге қатер төндіруде", – деп мәлімдеді.
Бұған дейін Латвия қарулы күштерінің қолбасшысы Ресейдің ұшқышсыз технологиялар (дрон) саласында орасан зор артықшылыққа ие болғанына және теориялық тұрғыдан 2028 жылға қарай Балтық елдерінің қорғаныс шебіне тісін батырып, тексеріп көруден, әскери авантюра жасаудан тайынбайтынына назар аудартқан болатын.
Осыған қарамастан, альянс басшылығы өз күшіне бек сенімді. Deutsche Welle хабарлағандай, НАТО-ның Еуропадағы біріккен күштерінің бас қолбасшысы, АҚШ Әскери-әуе күштерінің генералы Алексус Гринкевич өзінің басты миссиясы – РФ-тың Балтық елдеріне шабуылына тосқауыл қою және Мәскеудің бұл қадамы өзі үшін өліммен тең екенін нақты түсінуіне қол жеткізу болатынын нықтады.
Америкалық генерал НАТО-ның барлық 32 мүшесі қажет болған жағдайда "дәл бүгін түнде" кез келген басқыншыға жойқын әрі аяусыз соққы беруге тас-түйін дайын екенін және бұл жауынгерлік қуат күн санап арта беретінін айтып, нүкте қойды.
"Ресейлік қолбасшылық мұндай әрекетінің соңы өзінің күйреуімен аяқталатынын біледі, сол себепті тәуекелге баруға батпайды. Меніңше, Ресей НАТО-мен тікелей қақтығысты қалап отырған жоқ. Олар біздің қорғаныстық альянс екенімізді және бізде теңдесі жоқ түрлі әскери артықшылықтардың бар екенін өте жақсы түсінеді", – деп түйді Гринкевич.
Альянс бұл стратегиялық үстемдігін алдағы уақытта да уысынан шығармай, өрістете беруге ниетті.