Ресей Қытайға газ жеткізетін құбырды Қазақстан арқылы тартуды көздейді

309

Бұған дейін жоба Моңғолия арқылы жүргізіледі деп жоспарланған болатын.  

Ресей Қытайға газ жеткізетін құбырды Қазақстан арқылы тартуды көздейді Фото: ria.ru

Ресей Қытайға газ жеткізетін "Сібір күші-2" құбырын Қазақстан аумағы арқылы өткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстан энергетика министрінің айтуынша, егер құбыр Қазақстан арқылы өтсе, ел аумағында кемінде 10 млрд текше метр газ қалуы ықтимал. Бұл ішкі нарықтағы тапшылықты азайтып, транзиттен қосымша табыс табуға және газ инфрақұрылымын дамытуға жол ашады.

"Ресей газ құбырын Қазақстан арқылы тарту нұсқасын байыппен қарастырып жатқанын білемін. Өйткені бұл оларға газ тұтынуды қосымша арттыруға мүмкіндік береді. Біз Қытайға тасымалданатын қосымша 35 млрд текше метр газ туралы айтып отырмыз, сондай-ақ кемінде 10 млрд текше метр газ республика аумағында қалуы мүмкін", – деді министр.

Ерлан Ақкенженов Энергетика министрлігінің өз кезегінде саяси бағалаудан бас тартатынын, негізгі назарды экономикалық құрамдас бөлікке аударатынын атап өтті.

Ведомство басшысының айтуынша, жоба Қазақстан арқылы жүзеге асқан жағдайда оның экономикалық тиімділігі күмән тудырмайды және бұл газ тасымалдау көлемінің артуымен, сондай-ақ елдің транзиттік әлеуетінің күшеюімен тікелей байланысты.

Айта кетейік, "Сібір күші-2" Батыс Сібірдегі газ кен орындарын Қытаймен жалғайтын магистральды газ құбыры болып табылады. Оның өткізу қуаты жылына 50 млрд текше метрге дейін газды құрайды.

Магистральдың жобалау жұмыстары 2020 жылдың қыркүйегінде басталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу