Ресейде балаларға арналған ойын алаңдары әскери плацтарға айналып барады. Тынық мұхиттан Қара теңізге дейінгі мектептерде тіпті балабақшадағы бүлдіршіндердің өзі форма киіп, маршқа қатысады. Ал ересектеу балалар окоп қазуды, граната лақтыруды және нағыз оқпен атуды үйреніп жатыр.
Елдің барлық мектептерінде қарулы күштердегі қызмет дәріптеліп, жасөспірімдердің "ерікті роталары" құрылып, Отан қорғауға ерекше мән беретін ұлттық оқу бағдарламасы жасақталуда.
Бір сөзбен айтқанда, Ресей балалары қазірден бастап соғысқа дайындалып жатқандай.
Ресейдің мемлекеттік мектептерін милитаризациялау РФ армиясының Украинаға басып кіруінен кейін күшейді, бұған патриоттық сезім емес, Мәскеудегі үкімет себепші.
Инвестиция орасан. Жақында білім министрі Сергей Кравцов айтқандай, қазір Ресей мектептері мен колледждерінде "әскери-патриоттық" сипаттағы 10 мыңға жуық клуб бар және олардың жұмысына бір жарым миллиондай адам қатысады.
Бұл үйірмелер - мектеп бағдарламасын түбегейлі өзгертуге бағытталған көп салалы жұмыстың бір бөлігі ғана. Әскери-патриоттық құндылықтар бойынша міндетті сабақтар өткізіледі; жаңартылған тарих кітаптар болса, Ресей әскерінің жеңістерін мадақтайды.
Өзгерген оқулықтар
Тамыз айында Владимир Путин мектептерде "Қауіпсіздік және Отан қорғау негіздері" атты міндетті жаңа курсты енгізу жайлы заңға қол қойды.
Содан кейін Білім министрлігі осы бастама аясында әскери бөлімдерге экскурсияларды, "әскери-спорттық ойындарды, әскери қызметкерлермен, ардагерлермен кездесулерді" және дрондарды үйренуді қамтитын курстарды ұйымдастыра бастады.
Министрліктің хабарлауынша, жоғары сынып оқушылары "тәжірибелі әскери бөлімше офицерлерінің немесе нұсқаушылардың жетекшілігімен майдан шебінде" оқ атуға машықтанады.
Биыл сынақтан өтіп жатқан және 2024 жылы енгізілетін бұл бағдарлама оқушыларды "әскери киімнің, әскери рәсімдердің және жауынгерлік дәстүрлердің эстетикасын түсіну мен қабылдауға" үйретеді.
Қазіргі заман тарихы да қайта жазылып жатыр. "Ресей тарихы" атты стандартты оқулықтың мұқабасында Қырым көпірі, ал мазмұнында Украина тарихына арналған жаңа тарау пайда болды. Сонымен қатар, онда "Тарихты бұрмалау", "Нацизмнің жаңғыруы", "Украина неонацизмі", "Ресей – батырлар елі" деген бөлімдерді кездестіруге болады.
Путин Ресейдің Украинаға басып кіруін орыстілділерді "неонацистердің" геноцидінен қорғаудың "арнайы миссиясы" деп бірнеше рет жалған сипаттағаны белгілі.
Сонымен қатар, жаңа тарауларда Украинаның "ядролық қаруға ие болғысы келетінін ашық мәлімдегені" және "Батыс Ресей экономикасын құлату үшін бұрын-соңды болмаған санкциялар жариялағаны" да айтылған. Сірә, бұл кітап ресейлік балалар арасында тарихи реніш сезімін оятып, елдің өмір үшін шайқасып жатқанын насихаттауды көздеп отырса керек. Дегенмен, бұның бәрі РФ-ның мемлекеттік ақпарат құралдары үшін баяғыда-ақ ортақ тақырыпқа айналып кеткен.
Президент Путин Ресей мектептеріне патриоттық тәрбие беру науқанын өзі басқарып отыр. Осы айда Кремльде өткен шарада ол бір топ балаға атасының Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистермен соғысқан әкесіне жолдаған хаты туралы айтып берді.
"Атам әкеме "нақұрыстарды ұрыңдар" деген. Мен Ұлы Отан соғысында неліктен жеңіске жеткенімізді осыдан түсіндім. Мұндай көзқарастағы адамдарды жеңу мүмкін емес", - дейді Кремль басшысы.
CNN телекомпаниясы әлеуметтік желілерде жүргізген кең ауқымды сауалнама Ресейде жеті-сегіз жастағы балалардың өзі бастапқы әскери дайындықтан өтіп жатқанын көрсетіп берді.
Өскелең ұрпақ әскери қызметке әзірленіп жатыр
Ресейдің балалары да соғысқа іс жүзінде соғысқа өз үлестерін қосып жатыр. Биліктегі "Единая Россия" партиясы Владивостокта мектеп оқушылары сарбаздарға шалбар мен қалпақ тігіп беретін бағдарламаны бастады.
Воронеждегі техникалық училищенің студенттеріне ресейлік әскерилер үшін жылжымалы пештер мен окопқа арналған майшамдар жасау тапсырылған. Ал Уссурийск қаласындағы мүгедек жасөспірім қыздар Солтүстік әскери округі үшін "Дос-дұшпан" атты таңғыштар тігіп жатса, Қиыр Шығыстағы Бурятияда жетім балалар Украинада соғысып жатқан жауынгерлерге "сәттілік әкелетін" тұмарлар дайындаған. Ал Астрахань қаласындағы балабақша бүлдіршіндері униформа киіп, Z әрпімен безендірілген машинамен ойнаған.
Орынбор облысында 14 командадан 180 спортшы, соның ішінде Украинадан заңсыз аннексияланған облыстардан келген балалар, граната лақтыру, кедергілерден өту, Калашников автоматын жинау және әскери тарих бойынша викторинаға қатысты.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бұл шаралардың түпкі мақсаты - "өзара көмек пен жолдастық қолдау сезімін ояту, жоғары моральдық және психологиялық қасиеттерге тәрбиелеу, сондай-ақ, өскелең ұрпақты Ресей Федерациясының Қарулы Күштерінде қызмет етуге дайындау" екен.
Си-эн-эн-нің хабарлауынша, әскерилер мектептерді де аралайды. Осы телекомпанияға берген сұхбатында бурятиялық балалар айтқандай, жаралы жауынгер оларға Украинада поляк жалдамалыларымен соғысқанын, ал украиндардың өздері "соғысқысы келмейтінін, бірақ біреулер оларды қолға қару алуға мәжбүрлейтінін" баяндап берген.
Ата-аналардың мектептерге милитаристік оқу жоспарын енгізуге қалай қарайтынын анықтау қиын. Олардың кейбірі өздерінің қарсылықтарын білдірген. Бірақ қоғамдық пікір сауалнамаларына сенетін болсақ, көпшілік бұл әскери-патриоттық науқанды қолдап отырған сияқты.
Мемлекеттік ақпарат агенттігі РИА Новости жүргізген сауалнама қорытындысына жүгінсек, ата-аналардың 79%-ы балаларына соғыс туралы бейнероликтер көрсетуді қолдайтынын хабарлаған.
Әлеуметтік желідегі зерттеулер көптеген ресейліктердің өз елдері дұшпан державалардың қоршауында қалды деп есептейтінін көрсетіп берді. Бұдан шығудың жалғыз жолы - қорғану. Президент пен мемлекеттік БАҚ таратқан бұл месседж қазір мектептерге де жетіп жатқандай.