Ресей мен Германияға көшіп жатқан павлодарлықтардың саны қанша

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3042

Қаңтар-шілде аралығында облыстың үш мыңнан астам тұрғыны шетелге қоныс аударған. 

Ресей мен Германияға көшіп жатқан павлодарлықтардың саны қанша

Павлодар облыстық статистика департаментінің басшысы Жеңіс Шақатовтың мәліметінше, осы жылдың қаңтар-шілде аралығында облыс аумағынан 8 414 адам көшіп кеткен. Оның 3 235-і шетелге қоныс аударған.

"Тарқатып айтар болсақ, 2 979 адам ТМД елдеріне көшті. Оның 99,2%-ы Ресей мемлекетін таңдаған. Сондай-ақ 256 адам әлемнің өзге мемлекеттеріне қоныс аударды. Оның 89,1%-ы Германияға көшкен", – деді Жеңіс Шақатов.

Сонымен қатар 5 179 адам Қазақстанның өзге өңірлеріне қоныс аударыпты. Оның 49,7%-ы Нұр-Сұлтан қаласын бетке алса, 9,3%-ы  Алматыны таңдаған.

"Жеті айдың ішінде Павлодар облысына 5 123 адам көшіп келген. Оның 162-сі шетелден қоныс аударған. Бұл ретте, 132 адам ТМД елдері аумағынан келген. Облысқа көшіп келген шетелдіктердің 89,4%-ы Ресейден қоныс аударып отыр. Ал 30 адам әлемнің өзге мемлекеттерінен келген. Оның 43,3%-ы Германиядан келіп отыр",–деп нақтылады статистика департаментінің басшысы.

Сондай-ақ Ертіс-Баян өңіріне Қазақстанның өзге облыстарынан 5 мың адам көшіп келген екен. Олардың 28,5%-ы Астанадан қоныс аударса, 15,7%-ы Алматы облысынан келген.    

"Алты айдағы көші-қон сальдосы теріс қалыптасып, 3 291 адамды құрады. Бұл ретте, облыс аумағынан көшіп кетіп жатқан иммиграттардың басым бөлігін, яғни 46,3%-ын орыстар мен қазақтар (22,8%) құрап отыр. Ал Павлодар облысына қоныс аударып жатқан эмигранттардың көшін орыстар (74 %) мен украиндар (9 %-ы) бастап тұр", – деді Жеңіс Шақатов.

Департамент басшысының сөзінше, осы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша Павлодар облысындағы халық саны 752 936 адамды құраған. Оның 70,5 %-ы немесе 531 135-і – қалалықтар. Қалған 29,5 %-ы немесе 221 801-і ауылда тұрады.

Азаматтық хал актілерін жазу (АХАЖ) органдарының мәліметінше, қаңтар-шілде аралығында облыста 6 725 сәби дүниеге келген. Оның 3 484-і – ер бала, 3 241-і – қыз бала. Бұл ретте, 107 ер балаға 100 қыз баладан айналады. Жаңа туғандардың ішінде бір үшем және 72 егіз дүние есігін ашқан.

"2019 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстың 4 351 тұрғыны өмірден өтті. Қайтыс болғандардың 53 %-ы – ер адамдар, 47 %-ы – әйелдер. Өкінішке қарай, өмірден озғандардың 19,1 %-на қан айналымы жүйесі аурулары, 12,7 %-на ісік аурулары, ал 10,5%-на тыныс жолдары аурулары себеп болған. Халықтың табиғи өсімі 2 374 адамды құрады", – деді Жеңіс Шақатов.

2019 жылдың бірінші жартыжылдығында 2 665 жұп неке қидырса, 1 787 жұп ажырасқан. Сонда 1 мың некеге 670 ажырасудан айналып отыр.

Заңды некеге тұрған ең жас қалыңдық 16 жаста. Бұл ретте, Павлодар облысы бойынша 16 жастағы 9 қыз тұрмысқа шыққан. Ал шаңырақ көтерген ең жас күйеу 17 жаста. Осы орайда, 17 жастағы үш павлодарлық отағасы атанған.

"Ең егде қалыңдықтың жасы 79-да. Ал некеге тұрған ең егде күйеу 73 жаста", – деп нақтылады департамент басшысы.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу