Ресей мен Германияны дауға ұрындырған құпия әңгіме

2429

Неміс офицерлері Қырым көпірін құлатуға қанша ракета қажеттігін де талқылаған.

Ресей мен Германияны дауға ұрындырған құпия әңгіме Фото: news.myseldon.com

Ресейлік оппозиция жетекшісі Алексей Навальный Мәскеуде жерленген күні мемлекеттік ақпарат құралдары неміс әскери офицерлерінің Украинада ұзақ қашықтыққа арналған "Таурус" зымырандарын қолдану мүмкіндігін талқылаған аудиожазба тарап кетті.

Нәзік тақырыпты әңгіме еткен материал көпшілікке арналмаған және бұл ақпараттың әлемді шарлап кетуі Германияны жерге қаратып, оның коммуникацияларының қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық тудырып отыр.

Германияға ашуланған Мәскеу үнсіз қалмай, Берлинге қоқан-лоққы көрсетті.

"Егер ештеңе жасалмаса және неміс халқы мұны тоқтатпаса, ең алдымен Германияның өзі үшін ауыр зардаптар болады", – деді дүйсенбіде Ресей Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова.

Содан кейін немістің DPA агенттігі Германия Сыртқы істер министрі Анналена Баербоктың "Егер Ресей бұл елге қатыгездікпен шабуыл жасамағанда, Украина өзін қорғауға мәжбүр болмас еді" деген мәлімдемесін таратты.

Шын мәнінде, неміс офицерлері "Таурус" зымырандарын жіберуді тек теориялық түрде талқылады. Германия Украинаның бірнеше ай бойы қысым көрсетуіне қарамастан, бұл қаруды оның жеріне орналастыруды мақұлдаған жоқ.

Неміс БАҚ-тары "телефонды тыңдау ісі" деп атаған даудың салдары мен осы шиеленістің негізінде жатқан "Таурус" жайлы негізгі мәліметтердің қысқаша мазмұны төмендегідей.

"ТАУРУС" РАКЕТАЛАРЫ ДЕГЕНІМІЗ  НЕ ЖӘНЕ ОЛАР НЕГЕ ҚАУҚАРЛЫ?

Көзге аса түсірмейтін "стелс" технологиясымен жабдықталған бұл зымырандар 500 шақырым қашықтыққа жетіп, Украинаға Қара теңіз бен басқа жерлерде Ресейге қысым көрсетуге көмектеседі.

Германия мен Швецияда жасалған "Таурус" ракеталары Украина жерінен Ресей аумағына бойлай еніп, көздеген нысанаға жете алады. (Taurus –  Target Adaptive Unitar and dispenser Robotic Ubiquity System деген сөздің стенографиясы.) Латын тілінде taurus "бұқа" дегенді білдіреді.

Бұған дейін Украинаға Ұлыбритания мен Франция бір-біріне ұқсайтын Scalp және Storm Shadow атты ұзақ қашықтыққа арналған қанатты зымырандарын жібергені белгілі.  Киев олардың қатарын толықтыру үшін Германиядан да ракета сұрап отыр.

ГЕРМАНИЯНЫҢ УКРАИНАҒА ЗЫМЫРАН ЖІБЕРУ БОЙЫНША ҰСТАНЫМЫ ҚАНДАЙ?

Германия – Украинаға АҚШ-тан кейінгі екінші ірі әскери көмек жеткізуші. Берлин биыл Киевті қолдауды одан әрі күшейтіп жатыр. Бірақ Германия канцлері Олаф Шольц Украинаға "Таурусты" жіберуден бас тартты. Себебі оның ойынша, мұндай қадам Германияны соғысқа тікелей араластыру қаупін туындатуы ықтимал.

"Неміс сарбаздары ешқашан және ешбір жерде бұл жүйе жететін нысанамен байланысты болмауы керек", – деді Шольц өткен аптада жасаған мәлімдемесінде.

Консервативтік оппозицияның кейбір мүшелері мұндай ракеталарды Украинаға жібергісі келеді. Бірақ бұл идея көпшілікке ұнамай отыр.

Әскери стратегтер үшін басқа да алаңдатарлық проблемалар бар.

Олардың ойынша, Украинаға жіберілетін болса, "Таурус" зымырандарының Германияда қоры таусылып қалуы мүмкін. Екіншіден, "ресейліктер бұл қарудың Украинада жұмыс істеп жатқанын көріп, оған қарсы шаралар мен оның жасырын сипаттамалары туралы түсінік алуы ғажап емес".

ТАРАП КЕТКЕН АУДИОЖАЗБАДА НЕ БАР?

38 минуттық жазбаны ресейлік мемлекеттік RT телеарнасының бас редакторы Маргарита Симонян жұма күні әлеуметтік желіде жариялады.

Аудиодан Германияның әскери-әуе күштерінің басшысы Инго Герхарцтың Қорғаныс министрі Борис Писториуспен кездесер алдында үш әріптесімен Украинаға "Таурус" зымырандарын орналастыру сценарийін талқылап жатқанын тыңдауға болады.

Симонянның айтуынша, бұл әңгіме 19 ақпанда жазылыпты.

Төрт әскери офицер Киевтің Ресей армиясына қарсы "Таурус" зымырандарын қалай пайдалана алатынын және Германияның Украинаға техникалық қолдау көрсетуі қажеттігін талқылайды.

Содан кейін төртеу жаңа зымыранды жеткізу, оған оқыту сияқты өзге де мәселерді сөз етеді. Бұған қоса, талқылау барысында әскерилер Ресей мен аннексияланған Қырымды байланыстыратын Керчь көпірін қиратуға қанша ракета қажеттігіне тоқталады.

Офицерлер "Таурус" зымырандарын Украинаға жылдам орналастыру неміс сарбаздарының қатысуымен ғана мүмкін болатынын, ал украин сарбаздарын бұл шаруаға үйретуге болатынын, бірақ бұл іс бірнеше айға созылатынын айтады.

Тағы бір айта кететін жайт, жасырын жазбада Германия үкіметінің Украинаға "Таурусты" жеткізуге рұқсат бермегені анық ескеріледі.

ГЕРМАНИЯНЫҢ РЕАКЦИЯСЫ ҚАНДАЙ БОЛДЫ?

Неміс шенеуніктері аудионы қолдан жасалған деп мәлімдеген жоқ. Осының өзі халықаралық дау көтерген жазбаның шынайы екенін білдіреді.

Аудионы ресейлік БАҚ жұмада жарияланғаннан кейін бірнеше сағат бойы неміс шенеуніктері үнсіз отырды. Содан кейін сенбіде осы елдің Қорғаныс министрлігі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады. Ал Шольц бұл жайтты тез түсіндіруді қажет ететін "өте маңызды мәселе" деп атады.

Германия Қорғаныс министрі Писториус жексенбі күні құпия жазбаның жаһанға жариялануын Батысқа қарсы "ақпараттық соғыс" деп сипаттап, бұл әрекеттің түпкі мақсаты – Германия қоғамында алауыздық тудыру екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, аудионың Навальныйды жерлеу күні тарап кеткені кездейсоқ емес.

"Бұл дезинформацияға бағытталған гибридті шабуыл. Оның бірлігімізге нұқсан келтіретіні анық", – дейді Писториус.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу