18 ақпандағы сауда нәтижесі бойынша ұлттық валюта нығайды. Қазақстан қор биржасындағы ең жоғары көрсеткіш 1 доллар үшін 429,50 теңгені құрады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Ұлттық валюта долларға қатысты 427,80-429,50 теңге аралығында саудаланды. Соңғы мәміле 1 доллар үшін 428,30 теңгемен жабылды. Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 15:15-те Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттық барысында жалпы сомасы $130,3 млн болатын 333 мәміле жасалды.
Күндізгі сауданың нәтижесінде доллардың орташа сараланған бағамы 428,32 теңгені құрады. Бұл өткен жұмыс аптасының соңындағы көрсеткішпен салыстырғанда 0,78 теңгеге төмен.
"DAMU Capital Management" ЖШС бас директоры Мұрат Қастаевтың айтуынша қазіргі кезде ұлттық валюта бағамына бірнеше фактор әсер етуде. Оның ішінде геосаяси тұрақсыздық бар.
"Яғни Ресей мен Украина арасында шиеленіс туралы айтып отырмын. Біздің экономика Ресеймен Еуразиялық одақ аясында тығыз байланысты болғандықтан, егер аталған ел соғыс бастаса, оған салынатын Батыс елдерінің санкциялары Қазақстан экономикасына да тікелей теріс әсер етеді және валютамызды әлсіретеді", – дейді қаржы сарапшысы.
Сонымен қатар төл теңгемізге әлемдегі жоғары инфляцияға байланысты ең ірі экономикалардағы (АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбритания сияқты) орталық банктердің мөлшерлемелерін көтеруі ықпал етуде.
"Бұл доллардың күшеюіне, шикізат бағаларының төмендеуіне әкеп соғады. Соның салдарынан мұнай бағасы түссе, оны өндіріп, сататын елдердің валюталары да әлсірейді", – деп түсіндірді Мұрат Қастаев.
Сарапшы Қазақстанның өзіндегі экономикалық және саяси жағдайды да естен шығармаған жөн деген пікірде.
"Егер Президент жариялаған реформалар тез және тиімді түрде жүзеге асса, экономиканымыз ілгері дамып, елімізге инвестиция ағыла бастайды. Инвестициялардың келуі теңгенің бағамына оң әсер етеді. Бұған қоса республикадағы инфляция мен базалық мөлшерлеменің деңгейін де ұмытпаған абзал. Егер Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеруінің нәтижесінде инфляция төмендей бастаса, ал базалық мөлшерлеме инфляция деңгейінен жоғары болып тұрса, ол теңгенің бағамына қолдау болады", – деп қорытындылаған "DAMU Capital Management" ЖСШ басшысы алдағы уақыттағы доллар бағамы бойынша болжамымен бөлісті.
"Бағам жоғарыдағы және одан басқа бірқатар факторларға тәуелді болып, құбылады. Сол факторларға қарай болжамызды да өзгеріп отырады. Біздің қазіргі қысқа мерзімді, яғни 3-6 ай шамасындағы доллар бойынша болжамымыз 425-440 теңге аралығында, жыл аяғына дейінгі болжам 430-450 теңге аралығында", – деп түйіндеді сарапшы.
Құралай Құдайберген