Ресей неліктен Украина әскерінің басып кіруіне дайын болмай шықты?

1790

Украина армиясының көрші елдің Курск облысындағы шабуылдары 11-ші күнге ұласты. Бұл – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ресейге жасалған ең ірі шабуыл.

Ресей неліктен Украина әскерінің басып кіруіне дайын болмай шықты? Фото: Reuters

Украина әскері Ресейдің Курск облысына батыл басып кіріп, көптеген ауылдарды жаулап алып, жүздеген адамды тұтқындап, ондаған мың бейбіт тұрғынды эвакуациялауға мәжбүр етті.

Бір аптадан астам шайқаста орыс әскерлері Украина жауынгерлерін елден ығыстыруға әрекет жасап жатыр.

Ұзын шекара

Ресейдің Курск, Брянск, Белгород облыстары Украинамен 1160 шақырым шекараны бөліседі. Оған Курск облысындағы 245 шақырымдық учаске кіреді. Бұл шекара 2022 жылы Мәскеу Украинаға басып кіргенге дейін символикалық түрде ғана қорғалды. Соғыс басталғаннан кейін негізгі жолдардағы бақылау-өткізу пункттері мен далалық бекіністер күшейтілгенімен, мұнда берік қорғаныс құру қиынға соққан.

Ресейдің ең қауқарлы деген әскери бөлімшелері болса, Украинаның шығысында соғысты жалғастырып, бірнеше секторда шабуылдарды күшейтіп, біртіндеп болса да тұрақты табыстарға қол жеткізіп жатыр. Мәскеу Курск аймағын Украинаға авиациялық және зымырандық шабуылдар жасау үшін пайдаланғанымен, бұл облыстың өзін қорғауға жаяу әскерді көбірек бөле алмады.

Ресей дрондарының, бақылау жабдықтарының және барлау құралдарының Украинаның шығысында шоғырлануы, Киевке қалың орман арқылы Ресей жеріне жасырын әскер енгізуге көмектесіп отыр.

Ресей парламентінің төменгі палатасының депутаты отставкадағы генерал Андрей Гурулев әскерилерді шекараны қорғай алмағаны үшін сынады.

"Өкінішке орай, шекараны қорғайтын күштерде жеке барлау құралдары болмады. Ешкім шындықты ұнатпайды, барлығы бәрі жақсы екенін естігісі келеді", – дейді ол.

Тосын шабуыл

Кейбір мәліметтерге қарағанда, украин сарбаздары Курск облысына басып кіретіндерін бір күн бұрын ғана білген. Бұл құпия әрекет Украина армиясының былтырғы сәтсіз контршабуылдарының басталуына мүлде ұқсамайды.

Айта кетсек, 2023 жылы  Зеленский үкіметі Қырымды Ресеймен жалғайтын құрлықтық жолды кесу жоспарын бүкіл әлемге жария етті. Бірақ сол әскери операция мақсатына жете алмады. Себебі украин жауынгерлері миналанған жолдардан өте алмай, ресейліктердің дрондық және артиллериялық шабуылдарына ұшырап, тоқтауға мәжбүр болды.

Украина әскерлері Курск аймағына кірерде мұндай кедергілерге тап болған жоқ.

Украиндер бірнеше бағытпен Курск облысына бойлай еніп,  аз қарсылық көрген және аймақта хаос пен үрей тудырды.

Бұл операция Украинаның 2022 жылдың қыркүйегіндегі контршабуылдарға ұқсайды. Сол кезде Украина армиясы Ресей аримиясындағы адам күші тапшылығын мен далалық бекіністердің жоқтығын пайдаланып, солтүстік-шығыстағы Харьков облысын қайта бақылауға алғаны белгілі.

Екі жыл бұрын Харьков операциясын басқарған генерал Александр Сырский – қазір Украинаның ең жоғары лауазымды әскери офицері. Ал Курскідегі ресейлік жауынгерлер 2022 жылы Харьков маңындағы шайқаста Мәскеу күштеріне қолбасшылық етіп, сәтсіздіктерге ұшырағаны үшін қатты сыналған генерал Александр Лапинге бағынышты.

Бірақ Лапиннің Бас штаб жетекшісі генерал Валерий Герасимовпен сыбайластығы оның аман қалуына, тіпті жоғары лауазымға көтерілуіне көмектесті деген ақпарат бар.

Сырскийдің айтуынша, украин күштері Курск облысының 1000 шаршы шақырымнан астам аумағын бақылауға алған.

Ресей жауап беріп жатыр, бірақ баяу

Ресейдің әскери қолбасшылығы бұл шабуылды тоқтату үшін әуелі әскери ұшақтар мен тікұшақтарға сүйенді. Кем дегенде бір ресейлік тікұшақ атып түсірілді, екіншісі зақымдалған.

Сонымен бірге, Мәскеу қосымша күш тартып, Украинаның ілгерілеуін бәсеңдеткенімен, украин жауынгерлерінің ормандар арқылы маневр жасауына толықтай тосқауыл қоя алмай отыр.

"Ресей күштері динамикалық жауапты талап ететін жағдайда өте нашар әрекет ететін сияқты", – дейді Карнеги қорының әскери сарапшысы Майкл Кофман өзінің подкастында.

Кофманның сөзінше, Курск облысын қорғауға жіберілген ресейлік резервтердің жауынгерлік тәжірибесі жоқ тәрізді және аймақта әскерилердің әрекеттерін бір-бірімен үйлестіру қиынға соққан.

Ресейлік қарулы колонна шабуыл басталғаннан кейін көп ұзамай ұрыс жүріп жатқан жердің маңындағы жол жиегінде абайсызда тоқтап қалып, украиналықтардың зымырандық соққысынан тез арада жойылды.

Батыс ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ресей Күрск облысын қорғауға әскер жіберуге кірісті. Ал Украина қолбасшылығы ел ішіндегі майдан шебіндегі әскери қақығыстардың 15-17 пайызға азайғанын айтады.

Украина әскеріне төнген қауіп

Киев күштері Курск аймағында бекінуді немесе Украинаға оралуды көздеп отыр ма деген сұраққа әлі жауап жоқ. Бірінші нұсқа қауіпті, себебі жеткізу желілері ресейлік соққылар алдында осал болуы мүмкін, дейді сарапшылар.

"Негізгі қауіп сол – украиналықтар күш біріктіріп, позицияларында бекініп қалуға әрекетте отырып, майдан шебін ұзарта түседі", – Лондондағы Корольдік Біріккен Қызметтер институтының әскери ғылымдар жөніндегі директоры Мэттью Савилл АР агенттігіне берген сұхбатында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу