Ресей Орталық Азия елдеріне визалық режим енгізуі мүмкін

1018

Көрші елде мигранттарға қарсы қысым жаңа жылда жаңа күш алғалы тұр.

Ресей Орталық Азия елдеріне визалық режим енгізуі мүмкін Фото: Semen Salivanchuk / iStock

Ресейлік заң шығарушылар мигранттардың адымын аштырмай, "байлап-матап" тастайтын шектеу шараларды одан сайын күшейте түсуді талап етуде. Бұған қол жеткізу үшін олар Орталық Азия елдерімен арада қазіргі визасыз режимді жоюды талап етіп жатыр.

МемДума депутаты және "Справедливая Россия–За правду" партиясының төрағасы Сергей Миронов Ресейдегі миграциялық күрделі ахуал ағымдағыдан да қатаң шараларды талап ететінін жариялады. Ол мәлімдемесін "Россия 24" федералдық мемлекеттік телеарнасынан жасады. Депутат:

·      Мигранттарға кез келген салада заңды түрде еңбек етуге рұқсат ететін патент жүйесінен түпкілікті бас тартып, тек вахталық жұмыс әдісін қалдыруды,

·      Шетелдік жұмысшы кез келген қылмыс жасаған жағдайда оның отбасын ғана емес, бүкіл туыс-туғанын бірге депортациялауды,

·      Орталық Азия елдерімен арада виза режимін енгізуді ұсынды.

Айта кету керек, тіпті Мироновтың бастамасы жүзеге асқанның өзінде ол Қазақстан мен Қырғызстанға таралмауы ықтимал, өйткені бұл екі ел Еуразиялық одаққа кіреді. Ал, оның келісімдері ЕАЭО мүшелері арасында визасыз режимді қарастырады.

"Біз Орталық Азия елдерімен визалық режимге көшуіміз керек! Әйтпесе, ресейліктер, кейбір аудандардан, кейбір ұжымдардан кетуге мәжбүр, себебі, олардың мәліметінше, ол жерлерді келімсектер жайлап алды. Олар сонда өз әдет-ғұрыптары мен заңдары бойынша өмір сүреді", – деді ресейлік депутат Миронов.

Оның байламынша, бұл біршама қатаң шараларды талап етеді.

"Біріншіден, сырттан келген жұмысшыларға арналған баспана елді мекендердің ішінде болмауы керек, одан алыста, немесе құрылыс жүріп жатқан жерде орналасуы қажет. Олар жерсінбеуге тиіс, "кел, жұмыс істе, табыс тап, еліңе кет" қағидаты бойынша өмір сүруі шарт. Екіншіден, егер кез келген мигрант қылмыс жасаса, заңға сәйкес жазалануға, ал, оның отбасы және туыстары дереу депортациялануға тиіс. Менің ойымша, ақырында біз Орталық Азия елдерімен визалық режимге бәрібір көшетін боламыз", – деп болжады депутат Миронов.

Kun.uz порталы бұл оның мигранттарға қарсы шараларды күшейту қажеттілігі туралы алғашқы мәлімдемесі емес екенін еске салады. Сергей Миронов бұған дейін "бізге миграция қажет емес" деп жариялаған еді. Оның дәйектеуінше, "миллиондаған мигранттардың" тек аз ғана бөлігі жұмыс істейді, қалғаны "жеке және отбасылық себептермен" келеді, үйленіп, РФ-та қалады, сол арқылы әлеуметтік салаға жүктеме түсіреді.

Атқарушы билік шетелдік еңбекшілерді босқа кінәлайтын мұндай негізсіз байбаламдарды елемей тастау орнына, оларға құлақ қойып, жедел үн қатуға тырысады. Содан экономиканың әртүрлі саласынан шетелдік жұмыс күшін ығыстырып шығару талаптары өрістеді. Мысалы, жаңа жылдан бастап Ресейде мигранттарға кейбір салаларда жұмыс істеуге мүлдем тыйым салынатын болды.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап РФ-та патент бойынша жұмыс істейтін шетелдік азаматтарды жұмыспен қамтуға қатысты жаңа шектеулер күшіне енеді. Үкімет мигранттар еңбегіне толығымен тыйым салынатын немесе айтарлықтай шектеу қойылатын салалардың тізімін кеңейтті. Тиісті жарлыққа Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин осы аптада қол қойды.

Құжатқа сәйкес, келесі жылдан бастап мигранттарға келесі салаларда жұмыс істеуге ресми түрде, әрі түпкілікті тыйым салынады:

·      Алкоголді ішімдіктердің бөлшек саудасы;

·      Темекі өнімдерін сататын дүкендер мен басқа да бөлшек сауда орындары;

·      Фармацевтикалық өндіріс, фармзауыттар (оларға тіпті дәрілік шөптерді өсіретін шаруашылықта еңбек етуге тыйым салынады);

·      Фармацевтикалық өнімдердің саудасында, барлық дәріханада;

·      Базарларда, жылжымалы сауда нүктелерінде, дүңгіршектерде және дүкендерден тыс кез келген бөлшек сауда орындарында.

Бұдан бөлек, Үкімет құрылыс саласында мигранттардың үлесін қатты азайтуды, шетелдік жұмыс күшін біртіндеп жергілікті жұмысшылармен алмастыруды көздеп отыр.

Сонымен қатар, жаңа ережелерге сәйкес, жұмыс берушілер шетелдік мамандар санын аймақтық және салалық шектеулерге де сәйкестендіруге міндетті. Нақтылағанда, жолаушылар мен жүк тасымалдау салаларындағы мигрант жұмысшылардың үлесі бүкіл қажетті жұмыс күшінің 24%-ынан аспауға тиіс. Құрылыста бұл шек – 80%-дан 50%-ға дейін, көкөніс өсіруде – 50%-дан 40%-ға дейін, орман шаруашылығы мен ағаш өңдеуде – 40%-ға дейін күрт төмендетілді.

Егер он күннен кейін, 1 қаңтарда компаниядағы шетелдік жұмысшылар саны жаңа шектеулерден асып тұрса, жұмыс беруші кейбір қызметкерімен еңбек келісімшартын жедел бұзуға мәжбүр болады.

Егер шектеуді орындауға асықпаса, айыппұл төлеуге тура келеді. Лауазымды тұлғаларға 45 000-нан 50 000 рублге дейін, заңды тұлғаларға 800 000-нан 1 миллион рублге дейін айыппұл салынады немесе компанияның қызметі 90 күнге дейін тоқтатылады.

Жалпыресейлік талаптар сыртында, Ресейдің өңірлері де өз шектеулерін енгізу құқығын белсенді пайдалануда. Podrobno.uz порталының ескертуінше, РФ субъектілерінде келесі жылы шетелдік азаматтар үшін "тыйым салынған" мамандықтардың географиясы мен тізімі айтарлықтай кеңейеді.

Мысалы, 2026 жылы іргедегі Орынбор облысы шетелдіктерге білім беруде, қалалық және қала маңындағы жолаушылар тасымалында, таксиде, жалға берілетін көліктерде жұмыс істеуге рұқсат етпейді.

Челябі облысында мигранттардың таксиде, қалааралық көлікте және қоғамдық көлікте жұмыс істеуіне тыйым салу 10 жыл бұрын енгізілген болатын. Мәскеудегі Crocus кешеніндегі трагедиядан кейін бұл тыйым тағы 19 жұмыс пен қызмет түріне кеңейтілді. Арасында көтерме және бөлшек сауда орындары, тамақтандыру, қонақ үй индустриясы, автомобильдерді сату және жөндеу, спорт, демалыс және ойын-сауық, сондай-ақ үй жұмыстары бар.

Ресейлік сарапшылар мигранттардың орнын роботтар басады деп болжайды. Әйтпесе, олардан босайтын орындар жергілікті тұрғындарды қызықтырмайды екен.

"Бұрынғы тәжірибе көрсеткендей, мысалы, ұзақ уақыттан бері ресейліктер құрылыс саласын кәсіби мамандығы ретінде таңдамайды.  Себебі, бұл салада ұсынылатын жұмыс жағдайларын тым ауыр санайды. Бірақ мигранттар кетсе, бәлкім, жұмыс берушілер еңбек өнімділілігін жұмыс күші мен ауыр жұмыс жүктемесі арқылы емес, Қытайдың үлгісімен роботтық технологияларды жаппай енгізу арқылы арттыруға назар аудара бастайтын шығар", – деп үміттенеді РФ Үкіметі жанындағы Қаржы университетінің профессоры Александр Сафонов.

Орал және Сібір құрылыс компаниялары одағының бағалауынша, мигранттар еңбекке әлдеқайда ынталы, әрі тәртіпті болып келеді.

"Олар еңбекқор, төзімді. Біздің жергілікті жұмысшыларымыз тәжірибе жинағысы келмейді, ұзақ еңбектенуге ерінеді, ұзақ демалады, немесе темекі шегуге жиі шығып кетеді. Ескерту жасасаң, өзіңмен салғыласады. Олар күніне төрт-бес сағат қана жұмыс істейді, ал, еңбек мигранттары одан да аз жалақыға кейде екі ауысымда жұмыс істеуге дайын", – деп түсіндірді одақ басшысы Юрий Десятков.

Дегенмен, ресейлік депутаттар жұмыс берушілерді мигранттарды жұмысқа алудан мүлдем жирентіп, мұны тиімсіз етуге білек сыбана кірісті. Көрші елде шетелдіктерді кез келген құқық бұзушылық үшін елден қууға рұқсат ететін заңнамалық түзетулер былтырдан бері қолданысқа енгізілуде. 2025 жылы Ресей Парламенті заңнаманы өзгертіп, полицияға мигранттарды ешқандай сотсыз, үкімсіз, өз бетінше депортациялауға үлкен өкілеттік берді.

Бұған қоса, келесі жылы мигранттарды депортациялау шығынын толығымен жұмыс берушісінің иығына арту жоспарлануда. Осы мақсатта шетелдіктерді жұмысқа алатын барлық жұмыс беруші арнайы банк шоттарын ашуға міндеттеледі. Тиісті заң жобасын ЛДПР төрағасы Леонид Слуцкий бастаған депутаттар ұсынды.

Заң жобасы осы шоттарда жинақталған қаражатты шетелдік жұмысшыларға салынған әкімшілік айыппұлдарды төлеуге және депортация шығындарын "жабуға" пайдалануды көздейді.

Сондай-ақ РФ шетелден жұмысшыларды тек ұйымдасқан түрде жұмысқа тартуға көшуді қарастырып жатыр. Яғни, екі қолға бір күрек іздеген адам өз бетінше Ресейге жалғыз бара алмайды. Өз елінде Мәскеу құратын арнайы құрылымдардың тексеруінен өтіп, орыс тілін, Ресей тарихын және басқасын білуін, Мәскеудің саясатына көзқарасын анықтауға бағытталған түрлі емтихан тапсырып, командаға бірігіп қана кіре алады. Тиісті жобаны былтырдан Өзбекстанда сынағаны белгілі.

Енді 2027 жылы Ресей Үкіметі барлық елден келетін мигранттарды мақсатты-нысаналы түрде жұмысқа тарту бойынша пилоттық жобаны іске қосады. Ішкі істер министрлігі және басқа да тиісті ведомстволар экспериментке қажетті дайындық жұмыстарын 2026 жылы аяқтайды деп күтілуде, деп хабарлады "Коммерсантъ" газеті.

Әйтсе де, басылым шетелдіктерді ұйымдасқан түрде жұмысқа орналастыру бастамасы шағын және орта бизнес үшін қолайсыз екеніне назар аудартты. Ірі құрылыс орындары, алып кәсіпорындар осы тәсілмен бірден бірнеше мың жұмысшыны әкелуі мүмкін. Шағын компаниялар мен фирмалар үшін әрі кетсе, ондаған еңбек мигранты қажет. Мұндай ұсақ көлемге құзырлы құрылымдар бас қатырмайды.

Ұйымдасқан мигранттарды жұмысқа орналастыру жүйесі тізілім-реестр моделін қамтиды. Мысалы, алып объектіні салуға тартылса, ол аяқталған соң бәрі ұйымдасқан түрде елден кетуі және қайта оралу үшін келесі команда құрамына кіруге талаптануы шарт.

Газеттің жазуынша, қазіргі жүйеден айырмашылығы, шетелдік жұмысшылар өз елдерінде РФ-тің қажетті тексерулерінен өткен соң Ресейдегі нақты жұмыс берушілерге жеткізіледі. Қазіргі ескі жүйеде олар РФ-қа енген соң патентін рәсімдеп, жұмыс істеуге рұқсат алып, содан кейін ғана өз бетімен жұмыс іздеуге кірісетін.

24.kg ақпараты бойынша, 2026 жылдың 1 желтоқсанына дейін Ресей Ішкі істер министрлігі мен Цифрлық даму министрлігі мигранттарды нысаналы және ұйымдасқан түрде іріктеудің ақпараттық жүйесін, сондай-ақ мобильді қосымшасын іске қосады.

1 шілдеге дейін Ішкі істер, Еңбек, Цифрлық даму министрліктері, Росстат пен Роструд Ресей экономикасының мұндай жұмыс күшіне деген қажеттілігін анықтап, есептеу үшін мигрант жұмысшыларды жұмысқа алатын жұмыс берушілер арасында сауалнама жүргізу әдістемесін әзірлейтін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу