Ресей Орталық Азияға және мигранттарға "сұрапыл соққы" берді

870

Салдарынан, РФ жұмыс күшінің үштен екісін жоғалтқалы тұр. 

Ресей Орталық Азияға және мигранттарға "сұрапыл соққы" берді Фото: kloop.kg

Солтүстік көршіде 2025 жылдың басынан бері шетелден, негізінен Орталық Азиядан келетін еңбек мигранттарына қарсы бағытталған көптеген тыйымдар мен шектеулер қолданысқа енгізілді. 

Енді оларға жаңа шектеулер қосылғалы тұр. Мемдумаға енгізілген жаңа заң жобасына (законопроект №1012482-8) сәйкес, мигранттардың өз елдеріне аударатын қаражатының көлемі қатты қысқартылатын болады. Бұл туралы Мемдума сайты хабарлады.

"Депутаттар мигранттардың құжат жүзінде, ресми табатын табысынан асатын соманы аударуына тыйымды қарастыруда. Мысалы, егер жұмысшы құжаттар бойынша 45 мың рубль ғана айлық алатын болса, онда ол үйіне осы көлемнен асатын ақшаны жібере алмайды. Егер жіберсе, бұл оны қудалауға негіз болады. Сондай-ақ, ақша аударар кезде банк одан өз жұмыс берушісінен ресми жалақысын растайтын анықтама әкелуді талап ете алады. Егер анықтамада жұмысшының небәрі 45 мың рубль ғана табатыны көрсетілсе, онда банк айталық, 50 мың және одан көп ақша аударуға қатысты транзакциясын өткізбей тастайды", – деп түсіндірді жаңашылдықты e.Glavbukh.ru порталы.

Құқық қорғаушы ұйымдардың түсіндіруінше, бұл шектеу ертерек енгізілгендерімен қосылып, әсіресе, Орталық Азиядан келген еңбекқорларға үлкен соққы болғалы тұр. Өзбекстандық Имронбек Мәскеудің Даниловский ауданындағы құрылыс алаңында учаске шебері болып істейді. Ол жаңа шектеу үлкен қиындық әкеледі деп есептейді.

Мәліметінше, РФ-та мигранттардың басым көпшілігі айлығын конвертпен алады. Заңдастырылып, патент алғандарына жұмыс берушілері "МРОТ" (ресми бекітілетін "еңбекақы төлеудің ең төменгі мөлшерінде"), яғни, 22,5 мың рубль айналасында ғана айлық жазады екен.

"Одан көп белгілесе, құзырлы органдар тарапынан сұрақ туындайды. "Неге жақсы жалақылы жұмыс орнына Ресей азаматын алмайсың?" деп талап қояды. "Олар негізінен жалқау, маскүнем, дұрыс жұмыс істемейді, кадр тапшы" деген сияқты дәйектемелер қабылданбайды. Егер үйге тек 22 мың рубльді ғана аударуға рұқсат етсе, қалған табысымызды не істейміз? Жатақханада, жалдамалы пәтерде көп қаржыны шкафта ұстасақ, баспана иесі, басқасы ұрлап алуы мүмкін. РФ банкіне салымға салсақ, бұғатталып қалады, одан елге аудара алмаймыз. Егер бір жігіт жұртқа ақша аударуға кетсе, бірнеше жұмысшы ақшасын соған тапсырады. Бәрі бір махалляда тұрады, отбасылары өзара бөлісіп алады. Енді оған тыйым салмақ", – деп қапаланады Имронбек.

Жаңа заң жоба авторларының тұжырымдауынша, бүгінде көптеген мигрант жалақыны конвертпен алады және ірі сомадағы сол ақшаны тып-тыныш еліне аудара қояды.

"Өткен жылы мұндай аударымдар ауқымы 18 миллиард долларға жетті. Жаңа заң мигранттарды жұмыс берушілерінен конверттегі жалақысын заңдастыруды талап етуге итермелейді. Барлық салықтар мен жарналарды төлеп, "ақ жалақы" алуға мәжбүрлейді. Егер адам ресми табысынан көбірек ақша аударса, құзырлы органдар алдында сонша қаражаты қайдан алғанын түсіндіруіне тура келеді", – делінген заң жобасына түсіндірме жазбада.

e.Glavbukh порталы бұл заң күшіне енген соң мигранттарды жұмысқа алған компаниялардың бухгалтерияларына қосымша жүктеме түсетінін ескертті. Бір жағынан, банктер және құзырлы органдар тарапынан сұрау салулар, есептерді талап етулер мен тексерістер артады. Екінші жағынан жұмысшылары түрлі анықтама сұрап, жиірек бас сұғады.

Бұған қоса, Мемдума мигранттарға жұмыс берген компанияларға қарсы басқа да жаңа тыйым енгізуге ниетті. Олардың мемлекеттік сатып алуларға қатысуына жол берілмейді. Бұл бастаманы Мемдума депутаты, "Справедливая Россия – За правду" партиясының төрағасы Сергей Миронов ілгерілетуде.

Оның байламынша, шетелдік мигранттарды жұмысқа қабылдайтын Ресейдегі резидент және бейрезидент компаниялардың мемлекеттік, соның ішіндегі орталық федералдық және жергілікті муниципалдық тендерлерге қатысуына тыйым енгізу қажет. Бұл туралы ол премьер-министр Михаил Мишустинге үндеуінде хабарлады.

Миронов өз ұсынысына түсініктемесінде РФ ІІМ дерегіне сәйкес, ресейлік фирмаларда 6 миллионнан астам жатжұрттық мигрант еңбек етіп жатқанына назар аудартты.

"Шет мемлекеттер азаматтарының осындай алапат ағыны бюджетке орасан зор салмақ түсіреді. Олар жылына шамамен 3 триллион рубльді алып қояды. Сондай-ақ, шетелдік азаматтарға әлеуметтік және медициналық қызмет көрсетуге көп қаражат жұмсалады. Тек бір ғана депортациялау шараларына өткен жылы 1 миллиард рубльден аса шығын шығарылған", – деді бастама авторы Миронов.

Шынында, мигранттар әлеуметтік және медициналық жарналарды аударады, бұл аударымдар олардың ресми жалақысынан ұсталады. Ресейлік депутат тек шетелдік жоғары білікті мамандарды тартатын ұйымдар үшін ғана жеңілдік жасауды ұсынды.

Жалпы, мигранттарды жан-жақтан қыспаққа алудан ресейлік депутаттар кеңес заманындағыдай "социалистік жарыс" ұйымдастырып жатқанға ұқсайды. Осының алдында "Газета.Ru"-ға сұхбатында басқа парламенттік фракцияның жетекшісі, ЛДПР басшысы Леонид Слуцкий еңбек мигранттарын Ресейде медициналық сақтандыру полисін сатып алуға мәжбүрлеу туралы бастамасын дайындап жатқанын мәлімдеді.

Оның мәліметінше, жаңа заңнамалық түзетуге сәйкес, егер келімсек бұл талапты бұзса, бұл оны депортациялап, Ресейге келуіне 5 жылға тыйым салуға негіз болады.

Бұл жобаның түсіндірме жазбасында көрсетілгендей, мұндай шара РФ денсаулық сақтау жүйесінің орнықтылығын сақтауға және шетел азаматтарына медқызмет көрсету шығындарын азайтуға септеседі. Слуцкий соңғы 5 жылда РФ-қа келгендерді емдеуге 60 миллиард теңге жұмсалғанын жеткізді. Бірақ бұл деректі қайдан алғанын нақтыламады.

Ресей шетелдік еңбеккерлердің еліне ақша аударуын қатаң шектеп тастаса, бұл Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдерге қиын тиюі мүмкін. Өйткені осы республикалардың шетелдегі отандастарынан алатын валюталық ағыны Қазақстан тартатын тікелей шетелдік инвестиция (2024 жылы – 17,2 млрд доллар) көлеміне жетеқабыл.

Econix порталының дерегінше, ортаазиялық мигранттар өз елі үшін нағыз "қаржылық күретамырға" айналды. Осы артериямен 2024 жылы:

• Ресейден – Өзбекстанға 12,6 млрд доллар (алдыңғы жылдағыдан +29% көп),

• Ресейден – Қырғызстанға 2,6 млрд доллар (бұл Қырғыз Республикасының ЖІӨ-сінің 24%-ына тең),

• Ресейден – Тәжікстанға 5,8 млрд доллар (ЖІӨ-сінің 45%-ына барабар) қаражат аударылыпты.

Қазіргі кезде РФ-та шамамен 6 миллион мигрант еңбек етуде. Оның 4 миллиондайы – Орталық Азия тумалары. Соның ішінде:

• Өзбекстандықтардің үлесі – 23,3%,

• Тәжікстандықтар – 16,7%,

• Қырғызстандықтар – 10,4%.

Дегенмен, әлгі айтылған сомаға таңдай қағып, тамсануға асықпаңыз. РФ-тегі мигранттардың басым көпшілігін құрайтын ортаазиялық үш елдің өкілдері 21 миллиард доллар ғана аударса, Германиядан шетелдік жұмысшылар өз отандарына 50,9 млрд еуро ақша аударған екен.

Іргесіндегі Мексика Америка Құрама Штаттарындағы өз азаматтарынан жыл сайын кемінде 65 миллиард доллар аударым қабылдайды. Әйтсе де, әлемдік абсолютті чемпион басқа: Үндістанға жер-жаһандағы диаспоралары жыл сайын 125 миллиард доллардай ақша аударылады. Оның төрттен біріне жуығын, 23%-ын АҚШ-та істейтін үнділіктер жолдайды. Америкада орасан көлемде үндістандық ІТ-мамандар мен дәрігерлер еңбек етеді.

"Ремиттенс", яғни, шетелде қызмет атқаратын мигранттардың ақша аударымдары көптеген ел үшін валютаның негізгі қайнары. Ол қаржы ағыны ел экономикасын демейді, инвестиция болып құйылады, отбасыларға көмектеседі және тіпті тұтас өңірлердің тұрмыс деңгейін жақсартады. 

Оның үстіне бұл қысым ақыр соңында ресейлік бизнесті қинауда. "Коммерсантъ" жазуынша, мысалы, мигранттарға таксиші және курьер болып жұмыс істеуге салынған тыйым Петерборда және басқа ірі мегаполистерде жеткізудің қымбаттауына соқтырды.

Осыған орай РФ Көлік-логистикалық және пошта-курьерлік компаниялар қауымдастығының президенті Александр Митюков биліктің мигранттарды жұмысқа қабылдауға қойған шектеулерін қатаң сынады.

Оның мәліметінше, мысалы, Санкт-Петербургте жаңа шектеулерге бейімделу, ескі командасынан арылып, ұжымға РФ азаматтарын алу үшін небәрі 3 ай ғана берген. Бұл мерзім қараша айында аяқталады. Ал, күз кезінде дәстүрлі түрде жеткізу қызметіне деген сұраныс елде күрт артады.

Қауымдастық курьерлік жеткізу құнының 1,5-2 есеге, ал, жергілікті тұрғындардан құралған курьерлер тобының сыйақысы – 20% және одан көпке артқанын тіркепті. Өйткені мигранттардан айырмашылығы, ресейліктер аздау еңбекақыға жұмыс істеуден бас тартады.

Петерборда 60 мыңнан аса курьер бар, оның шамамен 20%-дан астамы – шетел азаматтары. Митюков олардың жылдар бойы іріктелген, тәжірибесі мол, тиісті дағдылары бар, еңбекқор, кәсіпқой жеткізуші екеніне назар аудартты.

Ресейде миллиондаған еңбек мигранттары экономиканың тұтас салаларының – құрылыс, такси, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, логистика, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызметтер салалары, курьерлік жеткізу, басқа да толып жатқан салалардың жұмысын ілгерілетеді, елді дамытуға сүбелі үлес қосады.

Ресейлік бизнес жұмыс күшінің үштен екісінен айрылғалы тұрғанына шағымданады. Мысалы, танымал "Шоу’рма" желісінің негізін қалаушы Анастасия Филиппова қызметкерлерінің басым көпшілігі – шетелдіктер екенін мәлім етті.

Ол жаңа шектеулер кесірінен қоғамдық тамақтандыру орындары – қарапайым дүңгіршек, асханадан бастап, дәмхана, мейрамханаларға дейін кадрлық дағдарысқа тап болатынын болжады.

"Біздің аспаздардың, даяшылардың, кассирлердің, жеткізушілердің шамамен 70%-ы – Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Түрікменстаннан келген жігіттер мен қыздар. Әрқайсысы – өз ісінің майталманы. Әрі керемет еңбекқор. Жалқауларынан біз еш қынжылусыз арыламыз. Егер оның бәріне тыйым салса, бір бөлігі жасырын істеуі мүмкін. Күш құрылымдары қудалап, жаппай тазалау жүргізсе, қоғамдық тамақтандыру саласындағы кәсіпкерлердің 30%-ы жабылады. Мысалы, дәмі тіл үйіретін ас әзірлей алатын аспаз табу өте қиын. Бренд сондай шеберлерге сүйенеді. Тұтынушылар соларға бола келеді", – дейді ресейлік кәсіпкер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу