Бүгін қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов журналистерге қайғылы оқиғаға қатысты Ресейдің ұстанымын түсіндірді. Бұл ретте министр мырза "ол жерде шөп қана жанды ғой" дегенге саятын пікірін де білдіре кетті.
Сонымен, Жезқазған маңында ресейлік зымыран-тасығыштың бөлшектері құлауы кесірінен туындаған өрт үшін Қазақстан өтемақы ала алмайтын болыпты.
"Зымыран-тасығыштың бірінші сатысының фрагменттері әу бастан солар құлау үшін бөлінген ауданға құлады. Өртті сөндіру жұмыс жүргізілді. Мұндай оқта-текте, екі-үш жылда бір рет мерзімділікпен орын алып тұрады. Аспаннан құлаған темір қатты қызады. Оның үстіне ол жер – шөлейт аймақта орналасқан, шөп күйіп кетеді, далада аптап ыстық тұрады. Бұған қоса, аумақтың өзі солар құлау үшін белгіленген" деп қайталай нықтады министр.
Ақпарат құралдары өкілдері даламызды өртегені үшін Ресейдің шынымен өтемақы төлемей, құтылып кете беретінін нақтылаған. Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, зымыран құлауының салдарларын жою іс-шараларына қатысты барлық жұмыстардың шығыстарын ресейлік тарап көтеруге тиіс. Бұл "Байқоңыр" кешенін жалға алу шығыстарында қарастырылады.
"Ол жерде шөп жанып кетті ғой. Оның барлығы Ресей бізге төлейтін аренданың жалпы сомасына кіреді" деді министр.
Шынын айтқанда, онда біз үшін шөптен де қымбат арыстай ерлер, қазақстандық азаматтар отқа оранды.
Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің айтуынша, "Роскосмос" өрт кезінде зардап шеккен қазақстандыққа көмек көрсету мәселесін қарастырып жатыр екен. Бірақ нақты сомасы қанша болатынын айта алмады.
"Көмек көлемі қанша болатынын мен айта алмаймын, ол қазір қарастырылуда. Бұл – Ресей Федерациясының бюджеті ғой. Зардап шеккен адам ресейлік кәсіпорынның жұмысшысы болып табылады, бірақ Қазақстан азаматы. Сонда жалақы алып келген. Сақтандырылған... Қаза тапқан адам мен зардап шегуші отбасыларына көмек толығымен ресей тарапы есебінен өтеледі. Бұл – жазатайым оқиға болды. Мерт болған жүргізуші машинаның ішінде отырғанда, желден екпін алған өрт машинаны жауып қалған. Бұл – өндірістік жағдай, адам зымырандардың сатылары құлағаннан кейін салдарларды жоюмен айналысатын арнайы кәсіпорында жұмыс жасайды. Осындай әрбір оқиғадан кейін олар зымыран сатыларының қалдықтарын жиып әкетіп, жерді өңдеуге жауапты" деді Бейбіт Атамқұлов.
Ақпарат құралдарының өкілдері одан қазақстандықтарға Қазақстан үкіметі тарапынан қандай көмек көрсетілетінін сұрастырды, бірақ министр бұл сұраққа жауап беруге қиналды.
Хабарланғанындай, өткен аптада, 14 маусымда ғарышқа ұшып, Халықаралық ғарыш стансасымен түйіскен "Союз 2-1а" зымыран-тасығышының бүйірлік блоктары Жезғазған қаласының батысына, шамамен 50 шақырымдай ғана қашықтықта жерге (Ұлытау ауданына) құлаған. РФ-ның "Роскосмос" мемлекеттік корпорациясы бұған өздерінің зымырандарын емес, "қазақ жеріндегі ауа райын" айыптайды: "Фрагментердің құлаған ауданында күрделі метеоахуалдың туындауы (+34, өкпек жел) салдарынан адамдар мекен етпейтін жерде дала өрті туындады" деп хабар таратты ол ресейлік ақпарат құралдары арқылы.
Қазақстандық тараптың байламынша, ондаған шақырымды жайлаған алапат өрт зымыранның құлау кезінде қызған бөліктері кесірінен туындаған.
Өртті сөндіру кезінде ресейлік "Машиностроения" ҒӨБ" кәсіпорнының жұмысшысы болып табылатын қазақстандық азамат – "КамАЗ" көлігінің жүргізушісі қаза тапты. Желмен бірге өрекпи өрістеген өрттің жалындары әп-сәтте жүк көлігін жауып қалған. Зымыранның сынықтарын жинаумен айналысқан екінші жұмысшыны да қатты күйік шалып, ол ауруханаға жеткізілген. Бұл жұмысшыны алда "теріні қайта қондыру бойынша операциялар және басқа да бірқатар пластикалық операциялар" күтіп тұр.
"Теріні қайта қондыру бойынша операция таяу уақытта жүргізіле алмайды, себебі, сырқат ауыр жағдайда жатыр. Ол өзі тыныс алуда, бірақ күйіктері терең" деп хабарлады Қарағанды облысының денсаулық сақтау департаментінің баспасөз хатшысы Айжан Иса.
Өңірдегі Мақажанов атындағы ортопедия және травматология орталығы директорының орынбасары Серік Төлеубаев 49 жастағы ол сырқаттың тек жараларын дәкемен орау ғана жүзеге асырылып жатқанын мәлім етті. "Орауды жарақаттың ауданы мен тереңдігін анықтау үшін наркоздың күшімен жүргізудеміз. Оның денесінің 40 пайызын күйік шалған. Оның ішінде 35-і терең. Сондай-ақ денесі жанған өнімдермен уланған" деп баяндады журналистерге С.Төлеубаев.
Қазақстандық "Ғарыш экология" ғылыми-зерттеу орталығы өрт сөндірілгеннен кейін топырақ пен ауа сынамаларын алыпты. Орталық мамандарының бағалауынша, өрт 193 шаршы шақырым даланы қамтыпты.
Бақыт Көмекбайұлы