Ресей параллель импортты заңдастыруда. Қазақстан үшін қандай қауіп-қатер бар?

Көршінің әрекетінен батыс елдерінің санкциясына ілініп кетуіміз әбден мүмкін.

Ресей параллель импортты заңдастыруда. Қазақстан үшін қандай қауіп-қатер бар?

Мамырдың басында Ресейдің 200-ден астам брендтің өнімін паралель импорттауды заңдастырды. Бұл туралы бірқатар ресейлік БАҚ, қазақстандық телеграм арналар жазды. 

Тізімде Land Rover, Apple, Samsung, Bentley, Tesla және басқа да танымал брендтер бар. Осылайша, Ресей өнім иесінің рұқсатынсыз, "сұр тауарды" басқа елдерден кіргізбек, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жалпы сұр тауардың сатылуы көптеген елдерде қалыпты нәрсеге айналып кеткен. Ресейде iPhone-ның түпнұсқасы мен Қытайда жасалған сұр нұсқасы сатыла береді. Әрине, соңғысының сапасына ешкім кепілдік бермейді. Бағасы да төмен болады. Көбіне ресми сатылмайды. Бұл заң бойынша тыйым салынған, қылмыстық іс. Параллель импортты мұнымен шатастырмау керек, алайда бұл да заңсыз. 

Брендтер бір тауар түрін әр нарыққа әртүрлі бағамен сатады. Мысалы, iPhone-ның Қытай нарығындағы бағасы бөлек, Еуропада бөлек болуы мүмкін. Еуропалық сатушы қытайлық диллерге шығып, өнім иесінің келісімінсіз телефонды қытайлық бағамен сатып алып келсе параллель импорт саналады. 

Бұрын Ресейде өнімдердің параллель импорты үшін жауапкершілік болған. Бұл жолы РФ монополияға қарсы қызметі біз түпнұсқа тауарлардың импорты туралы айтып отырмыз, сондықтан бұл контрафактілік көлемдердің өсуіне әкелмейді, деп өздерін ақтап отыр. 

Экономикалық байланысы тығыз көршінің мұндай қадамы Қазақстанға қалай әсер етеді? 

Сарапшылардың мұның екі жағы бар екенін алға тартады.  

"Біріншіден, Қазақстанға брендтік тауарлар импортының балама арнасы ретінде әрекет ету мүмкіндігін білдіреді. Сонымен қатар мұндай әрекеттердің Қазақстан үшін санкциялар алу түріндегі тәуекелдері де бар", – деп жазады Tengenomika телеграм арнасы. 

"DAMU Capital Management" ЖШС бас директоры Мұрат Қастаев та параллель импорт мәселесі Қазақстан үшін екі жақты екенін айтады. 

"Бір тұсы, біздің ел және біздің компаниялар арқылы тауарларды тасымалдау тиімді болады, біздегі бюджетке төленетін салықтар артады, жұмыс орындары кем дегенде сақталады, тіпті қосымша жұмыс орындары ашылуы мүмкін. "Сұр нарықты" заңдастыру бұл жалпы теріс нәрсе, яғни тауар өндірушілердің экспорт нарықтарына қойылатын талаптарды ескермей, олардың тауарларын өндіруші рұқсатынсыз сату болып табылады. Оның түбі өндіруші жағынан бізге деген сенімін төмендетеді, яғни біз тауарды әрдайым Ресейге сатып отырсақ, өзімізге керек кезде ала алмауымыз мүмкін. Себебі өндіруші біз сол тауарды қайтадан Ресейге сатпайтуымыз мүмкін деп есептейді. Сондықтан егер санкциялардың әсерінен Ресейге келе алмайтын тауарлар Қазақстан арқылы жеткізіліп тұрса, онда санкциялардың әсері әлсірейді. Оны түсінген Батыс елдері біздің елге екінші кезекті санкциялар салуы мүмкін немесе басқа да жолдармен Ресейге реэкспортты тоқтатуды талап етуі ықтимал", – дейді сарапшы. 

Ал бізге қандай жолмен болса да Батыс елдерінің санкциясына ілікпеу маңызды. 

"Тіпті уақытша болса да, Еуразиялық одақ аясындағы шекаралардағы кеден бақылауын қайта орнатып, бірте-бірте Еуразиялық экономикалық одақтағы мүшелігімізді толық тоқтатуымыз қажет", – дейді Мұрат Қастаев. 

Ал Сауда және интеграция министрлігі inbusiness.kz-ке берген ақпаратында Қазақстан 2016 жылы Еуропалық одақпен стратегиялық серіктестік аясында аймақтық жағдайда құқықтардың сарқылуы міндеттемесін қабылдағанын айтты. Бұл Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттердің аумағына өндірушінің немесе дистрибьюторының келісімімен әкелінген тауарды, одақ ішінде олардың келісімінсіз қайта сатуға мүмкіндік береді. 

"Ресейде кейбір тауарларға осы мүмкіндік берілген. Қазақстан халықаралық құқықты сақтайды. Сондықтан құқықтардың бұзылу міндеттемесін қарастырмайды", – дейді министрлік. 

Яғни Қазақстан Ресеймен салыстырғанда параллель импортқа рұқсат бермейді.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу