8 қыркүйек Қазақстан қор биржасында (KASE) доллардың орташа сараланған бағамы 465-466 теңгеге дейін өсіп, ақша айырбастау орындары АҚШ валютасын 470-тен сата бастады, деп жазады inbusiness.kz.
Алайда демалыстан соң, теңге бағамы қайта төмендеді. KASE 11 қыркүйекте сағат 11:00-де доллардың орташа сараланған бағамы 464,44 теңге болды.
кurs.kz мәліметтеріне сүйенсек, елорданың айырбастау пунктерінде америкалық валютаны сатудың максималды бағамы 14:00-де 468 теңге, Алматыда – 466,8 теңге.
Ұлттық банктің 11 қыркүйектегі ресми (нарықтық) бағамы 1 долларға 466,29 теңгені құрайды.
Бұл ретте төл валютамыздың биржадағы сауда сайын құбылуының себебін танымал сарапшы, DAMU Capital Management компаниясының бас директоры Мұрат Қастаевтан сұрадық. Сала маманы бұған ықпал еткен факторларды атады.
"Доллардың өсуіне бірнеше себеп бар деп ойлаймын. Біріншіден, квазимемлекеттік мекемелер мен экспорттаушы кәсіпорындарға валюталық кірістің 30%-ын міндетті түрде теңгеге ауыстыру керек деген талапты алып тастау. Екіншіден, нарықта Ұлттық банк басшысы ауысып, жаңа басшыға базалық мөлшерлемені төмендету міндеті қойылды деген пікір бар", – дейді сарапшы.
Үшіншіден, Мұрат Қастаев бағамға жолдау ықпал еткенін айтады.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында бірталай мәселелер көтеріп, көптеген тапсырма жүктеді. Соларды жүзеге асыру үшін алдағы жылдары бюджеттен көп шығын шығарылып, экономикаға көп қаржы құйылады, нәтижесінде теңгенің бағасы түседі деген ой қалыптасты. Бірақ теңгенің әлсіреуі уақытша құбылыс деп болжауға болады", – дейді сарапшы.
Оның ойынша қазіргі мұнай бағасы төл валютамызға қолайлы. Сондықтан "қара алтынның" құны артқан сайын теңгеге қысым азаяды.
"Қазір мұнайды бағасы 90 доллардан асты, осы көрсеткіш жылдың аяғына дейін сақталса, онда теңгенің қайта күшеюіне жол ашылады", – деп қорытындылады Мұрат Қастаев.