Ресей санақтан бас тартты, Қазақстан соған ере ме?

11500

Планшет пайдалана білетіндерді санақшыға қабылдау басталды. 

Ресей санақтан бас тартты, Қазақстан соған ере ме? Фото: sputniknews.kz

Ел Президенті өткізген кеңесте "шара қабылданбаса, тамызға қарай күн сайын 27 мың адам коронавирус жұқтырып, ауруханаларда 300 мың орын қажет болады" деген болжам елді шошытты. Осыған орай сарапшылар ел Үкіметіне биыл халықтың жаппай санағын өткізуден бас тартуды ұсынды. Әйтпесе, үйден-үйге кіріп, елді аралайтын санақшылар өз баспаналарынан шықпай, оқшауланып отырған адал азаматтарға обал жасап, вирус таратуы ықтимал.

"Кеңес кезінде жалпыхалықтық санаққа саяси мән берілетін. Мысалы, 1939 жылы бүкілодақтық санақ жүргізілді. Алайда оның нәтижелері күні бүгінге дейін жарияланбаған! Себебі, оның қорытындысында Сталин КСРО-да халық күрт азайып қалғанын анықтады. Соның алдында Қазақстанда екі рет алапат ашаршылық болып, халқымыз толық дерлік қырылып қала жаздады. Сталин санақшылар жұмысының қорытындысына сенбей, ашуға мініп, оның барлық деректерін құпияландыруды бұйырады. Ал оны жүргізгендер "халық жауы" деп жарияланды. Сол кездегі қазақ өлкелік статистика органы – "Казнархозучет" басшысы Мұхтар Саматов өлім жазасына кесілді. Сонымен бірге Қазақстанда "нархозучеттың" облыстық және аудандық басшыларының ешқайсысы қалдырылмай, тегіс атылды. Бүгінде атып-аспағанымен, санақшылар жұмысы бәрібір қауіпті болып тұр", – дейді әлеуметтанушы Қайсар Мақанов.

Ол былтырдан бері жоғарғы биліктің тапсырмасымен санақ сұрақтары әлденеше рет қайта қаралғанына назар аудартты: алдағы санақ арқылы билік қазақстандықтардан көп нәрсені сұрап білгісі келеді.

Оның үстіне Еуразиялық одақ аясындағы келісім бойынша ұйымға мүше елдер он жылда бір оралатын осы маңызды шараға ұлттық емес, интеграциялық сипат беріп, бір мезгілде, қатар өткізбекші болды.

"Қытайдан тараған індет одақтастардың бұл жоспарының быт-шытын шығарды. Көрші орыстар науқанды "Создаём будущее!" девизімен биылғы 1–31 қазан аралығында дүрілдетіп өткізбекші болған. Алайда Ресейде COVID-19 кеселі ушығып тұр. Жұқтырғандар саны 700 мың адамға жуықтады, кеше бір тәулікте ғана Ресейде 216 адам коронавирустен қайтыс болды. Сондықтан "Росстат" өткен апта соңында Бүкілресейлік халық санағын 2021 жылғы сәуірге қалдыру ниетін мәлімдеді. Осы дүйсенбіде, 29 маусымда сол ақпарат ресми түрде расталды. Ал Қазақстан билігі науқанды биыл ұйымдастырып жіберу жоспарынан бәрібір бас тартпауда", – дейді сарапшы.

Тәуелсіздік тарихындағы екінші, 2009 жылғы санақты Статистика агенттігі өткізгені мәлім. Оның төрайымы Анар Мешімбаева санаққа бөлінген 1,1 миллиардтың жеті жүз миллиондай теңгесін ұрлағаны үшін 7 жылға сотталып, оның 4 жылында отырып шықты. Қазақстанда қазіргі кезде бөлек статистика ведомствосы жоқ. Тек Ұлттық экономика министрлігі құрамындағы Статистика комитеті ғана бар.

Еліміздің бас экономисі Руслан Дәленовтың айтуынша, Үкіметтің №419 қаулысына сәйкес, Қазақстанда халықтың ұлттық санағын 2020 жылғы 1–30 қазан аралығында өткізу жоспарланып отыр.  

"COVID-19 індетіне байланысты ахуалды және Қазақстанда карантиндік шаралар қабылданғанын ескере отырып, биылғы 1–30 маусым аралығында өтеді деп жоспарланған санақтың бірінші, дайындық кезеңі өтпей қалды. Әзірше оны 2020 жылғы 27 шілде мен 25 тамыз аралығына ауыстырып отырмыз. Қазақстанда карантиндік шаралар қайтайтылса, санақты өткізу мәселесі арнайы комиссияның отырысында қаралатын болады. Осы науқанды дайындау және өткізудің ұйымдастырушылық және инструкциялық мәселелері де сонда шешіледі", – деді ұлттық экономика министрі Р.Дәленов.

Ол санақты өткізу үшін сұхбатшы-интервьюерлер және инструктор-бақылаушылар даярланатынын айтты. Олардың барлығы осыған тілек білдірген қарапайым қазақстандықтар арасынан іріктеледі. Оларға келісімшарт бойынша жалақы төленеді, жол жүру билеті беріледі.

"Жалданатын адамға талаптар мынау: ол бастамашыл, жауапты, тіл табысқыш-коммуникабельді болуы керек. Санақшы атануы үшін Қазақстан азаматы болуы міндет. Жасы 18-ге толған әрі планшетте жұмыс істей білуге тиіс. Жұмыс өтіліне немесе жоғары біліміне қатысты ешқандай талап қойылмайды. Қандай да бір қосымша мәселе туындаса, +7172 74 90 10, +7172 74 90 11 телефон нөмірі немесе e.stat@economy.gov.kz электронды поштасы арқылы Статкомитеттің Ақпараттық қызметіне жүгіне аласыз", – деп нұсқады министр.

Бұл ретте Нұр-Сұлтанның Статистика департаменті ұлттық санақты жүргізу үшін қызметкерлер жалдауға кірісіп те кетті: инструктор-контролерларды іріктеуге конкурс жарияланды. Ресми мәлімет бойынша елордада 20 шілде мен 2 қыркүйек аралығында 23 нұсқаушы қажет болады. Барлық қатысушылардың білімі маңызды емес, тіпті мектеп бітіргендер де жарайды. Кәмелет жасқа толса болғаны. Жұмыс өтілі бойынша да талап жоқ. 

"Конкурсқа қатысуға тілек білдірушілер Нұр-Сұлтан қаласының Статистика департаментіне құжаттарын ұсынуы қажет. Байланыс телефоны: 8(7172) 32-87-61; 31-62-53. Түйіндемені maa-309@mail.ru электронды поштасына жіберу керек", – деді елорда әкімдігі.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу