Ресей соты Каспий құбыр консорциумының қызметін бір айға тоқтатты

Бұл шешім арнайы аудит барысында өндірістік нысандарда экологиялық бұзушылықтардың анықталғанына негізделген.

Ресей соты Каспий құбыр консорциумының қызметін бір айға тоқтатты

Наурыз айының соңында компания бірнеше құбырдың зақымданғаны туралы мәлімдеп, консорциум жұмысы шектелді. Арада көп уақыт өтпестен тағы бір мәселенің шеті шықты. Бұл жол Ресей тарапы өндірістік нысандарда экологиялық бұзушылықтар анықталды деген "желеумен" құбыр қызметін 30 күнге тоқтатып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

РБК басылымы Новороссийск қаласының Приморск аудандық соты 5 шілдеден бастап Каспий құбыр консорциумының (КҚК, Ресей мен Қазақстанның қатысы бар компания) қызметін 30 күнге тоқтату туралы шешім қабылдағанын хабарлады.

Оған Ространснадзордың КҚК өндіріс орындарында экологиялық бұзушылықтарды анықтауы себеп болды. Тексеру 6 мамырда вице-премьер Виктория Абрамченконың тапсырмасы бойынша өтіп, бір айдан кейін хаттама жасалған.

"Каспий құбыр консорциумы Ресей Федерациясының заңнамасы шеңберінде жұмыс істейді және сот шешімін орындауға мәжбүр. Шешімге заңда белгіленген тәртіппен шағымдануға  болады", – деді компания өкілдері.

КҚК ірі акционерлері "Транснефть" (24%) және "ҚазМұнайГаз" (19%).

Еске сала кетсек, наурыз айының соңында КҚК үшінші қашықтан байлау қондырғысының зақымданғаны туралы хабарлады. Сонымен қатар екінші қондырғыдағы 9 және 13-ші түтіктерінде ақаулар анықталды.

"Көрсетілген зақымдар өте маңызды және құрылғының қауіпсіз жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді", – деп хабарлаған еді компания.

КҚК-да қажетті құбырларды ауыстыру үшін керекті жабдықтар бар екенін атап өтті, бірақ санкцияларға байланысты қосалқы бөлшектер жеткізуге келісім-шарт жасауда қиындықтар туындайтынын ескертті. Осыған орай, мұнай айдау көлемі қысқарған еді.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу