Ресей спортта гидридті "спецоперациясын" бастады

4046

Солтүстік көрші саясаттан тыс болуға тиіс саланы да төл Z-идеологиясын таратуға пайдалануға тырысуда.  

Ресей спортта гидридті "спецоперациясын" бастады Фото: google

Кеңес одағы және оның мұрагері Ресей бұрын жаһандық спорттық держава болғаны жасырын емес.

ХХ ғасырда КСРО жалпы саны 9 жазғы және 9 қысқы Олимпиада ойындарына қатысып барып, күйреді.

Ресей Федерациясы отыз жыл ішінде 6 жазғы және 6 қысқы Олимпиадада бағы мен бабын сынап үлгерді.

Халықаралық олимпиадалық комитеттің 2017 жылғы 5 желтоқсандағы шешімімен Ресейдің олимпиадалық комитеті және барлық спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалары халықаралық жарыстардан шеттетілді. 

Себебі, Дүниежүзілік антидопинг агенттігінің (World Anti-Doping Agency, WADA) зерттеуі көрсеткендей, Кремлдің өзі ресейлік спортшылардың жаппай допинг қабылдауын ынталандыратын бағдарламаны қолдаған, ал арнайы органдары допингтің ізін жасыру жүйесін жолға қойған.

Салдарынан 2018 және 2022 жылғы қысқы Олимпиадаларға және 2020 жылғы жазғы олимпиадалық ойындарға РФ ұлттық құрамасы қатыса алмады. Оның орнына ресейлік спортшылар Халықаралық олимпиада комитетінің бейтарап туының астында өнер көрсетті.

Ал 2022 жылғы 24 қыркүйекте Мәскеу Украинаға кең ауқымды шапқыншылық жасағалы бері РФ құрамаларына ғана емес, ресейлік спортшыларға да халықаралық спорт сайыстарына қатысуға жаппай тыйым салынды.

Нәтижесінде, ресейлік көптеген спортшы спорттық мансабын аяқтауға мәжбүр болды. Өйткені халықаралық ірі аламандарға қатыспаса, шыңдалмаса, спортшы кері кетіп, формасынан, дағды, машықтарынан айрылып, біліктілігін, рейтингін жоғалтатыны мәлім.

Ал жастары және өз болашағын ойлағандары өзге елдердің туының астында өнер көрсетуге шешім қабылдап жатыр. Мысалы, Inbusiness.kz бүгін ресейлік конькишілердің Қазақстан құрамасына ауысуға ниетті екенін хабарлады.

Дегенмен, Мәскеу спорт саласындағы санкцияларды айналып өтудің заңсыз схемаларын құруға жанталасып жатыр. Осы арқылы РФ төл идеологиясын жаһандық жарыстарда насихаттауға ұмтылып отыр. Осы тұрғыда ресейлік спортшылар жанжал тудырып жүр. Олар өздеріне рұқсат етілген азынаулақ халықаралық спорт додаларына бейтарап спортшы ретінде қатысқанымен, марапаттаудың салтанатты рәсіміне киіміне "Z" белгісін таңбалап шығады.

Енді ресейлік және шетелдік ақпарат құралдары тағы бір схеманы әшкерелеп отыр: ресейлік спортшы әйелдердің Сирияның ұлттық құрамасының қатарында қатысып жатқаны анықталды.

Кеше Алжирде Панараб Ойындары басталды. Барлық араб елдері сайысатын спорттық тартыс 15 шілдеге дейін жалғасады.

Оның барысында кем дегенде 5 ресейлік спортшы әйел Сирия құрамасының қатысушылары ретінде заңсыз ұсынылғаны белгілі болды. Бұл туралы спорт журналисі Сергей Лисин хабарлады.

"Араб олимпиадасына" қатысушылар қатарында Ресейдің келесі спортшылары әшкереленді:

  •  бадминтоншы Дарья Джеджула: оған Dasha Dhedhula деген жалған төлқұжат берілген.
  •  Веложарысшы Татьяна Малькова: жалған аты-жөні Tatia Malko.
  •  Дарья Малькова: Darie Malko ретінде ұсынылған.
  •  Жеңіл атлетші Карина Полудкина. Ол Karina Polud деген әйелге айналып шыға келген.
  •  Жүзгіш Анастасия Сорокина: Enas Sorkine деген атпен өнер көрсетуде.

С.Лисин тіпті Дарья Джеджула мен Дарья Малькованың құжаттарында туған жылдары да өзгертілгеніна назар аудартты. Бірінші Дарья шынында 1995 жылғы 19 қарашада дүниеге келген, ал жаңа құжатында бұл дата 1999 жылғы 19 қарашаға ауыстырылып, төрт жылға жасарып шыға келген. Яғни, жалған паспортымен ол кейінгі Олимпиадаларға да қатыса алар еді.

Джеджула РФ құрамасының негізгі құрамының резервіндегі спортшы саналады.

Екінші Дарьяның туған күні мен жылы да өзгеріске ұшыраған: 2000 жылғы 16 қарашада өмірге келген ол "жаңа нұсқасында" 2001 жылғы 5 шілдеде туған болып шықты.

Велоспортшылар Дарья және Татьяна Мальковалар РФ құрамасына кандидаттардың тізімінде тұр. Яғни, жаңа схема алдымен қосалқы құрамдағыларға сыналып көрілгенге ұқсайды.

20 жасар Краснодар тұрғыны, Karina Polud деген жалған құжатпен қатысып жатқан жеңіл атлетші Карина Полудкина аталған жарыстарда қазірдің өзінде найза лақтырудан қола жүлдені жеңіп алып үлгерді.

Мұның мемлекеттік деңгейде жасалған алаяқтық екенін ресейлік журналистер де түсінеді. Бірақ ол үшін ұялып отырған жоқ, тек оны ақтап алатын амал, сылтау, дәйектеме іздеуді ұсынды.

"Әлдекімнің бадминтон, су спорты түрлері, велоспорт және жеңіл атлетика бойынша халықаралық федерациялармен алдын ала келісімге келіп, олардан ресейлік спортшылардың азаматтығын ресми ауыстырусыз, тіпті екеуінің туған күндерін өзгерттіріп, Сирия ұлттық құрамасы атынан өнер көрсетуіне рұқсат алуы неғайбыл. Әсіресе, жеңіл атлетиканың халықаралық федерациясымен бұлай келісу мүмкін емес. Бізді алапат жанжал күтіп тұр. Осы спорт түрлері бойынша жалпыресейлік федерацияларымыз бұл ахуалға қатысты қандай да бір түсініктеменің нұсқасын дайындай бастағаны жөн", – деді Сергей Лисин.

Бұдан бөлек, тағы екі ресейлік спортшының Сирия намысын қорғап жатқаны анықталды. Оның бірі де тегін өзгертіп алған.

Оның бірі – дзюдошы Милана Мугу (жаңа есімі Milana Mrad). Екіншісі — гимнастшы Александра Максимова (Aleksandra Maksimova). Бірақ халықаралық федерация бұдан бұрын бұл екеуін сириялық спортшы ретінде бекіткен, лицензия берген. Соған қарағанда ресми ауысса керек.

Бұл ретте Мәскеу ескі әніне басып, кезекті рет "Мен білмеймінге" салды.

Велоспорт бойынша ресейлік құраманың аға жаттықтырушысы "РИА Новости" агенттігіне сұхбатында ресейлік спортшылардың Сирия құрамасынан қалай бір-ақ шыққанын түсіне алмағанын мәлімдеді.

"Мұны қалай түсіндіруге болатынын мен білмеймін. Жалпы, шынын айтқанда бұл сұрағыңызға дәл қазір ешкім де жауап бермейді", — деді Сергей Ковпанец.

Спорттық гимнастика бойынша РФ құрамасы да, Бүкілресейлік жеңіл атлетика федерациясы (ВЕЛА) да өз спортшыларының, Максимова мен Полудкинаның Панараб Ойындарында не істеп жүргенінен хабарсыз екенін жарыса мәлімдеді.

Велогоншы Дарья Малькова "Базаға" сұхбатында Сирияға өткен айда жаттығуға жіберілгенін жеткізді. Спортшылар соғыс жүріп жатқан елге жаттығуға, жиынға бармайтыны белгілі.

Оның айтуынша, бір ай бұрын Лесгафт атындағы Дене шынықтыру, спорт және денсаулық университетінің қызметкерлерінің бірі оған шығып, Дамаск қаласына баруды ұсыныпты. Ондағы мақсат – Сирияның велоспорт бойынша құрамасының мүшелерімен бірге жаттығу. Ал ол кураторының өзі сириялық тараптан шақырту алған көрінеді.

Ресей барлық жаһандық жарыс атаулыдан шеттетілген спортшыларын кез келген жолмен әлемдік аламандарға қосудың түрлі жолдарын қарастыруда. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, бұл жолда ол тіпті халықаралық спорт шенеуніктеріне пара беруден де арланбайды.

Аңдыған алады деген. Биылғы 29 сәуірде Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) атқарушы комитеті халықаралық санкцияларға қарамастан, ресейлік спортшылардың барлық халықаралық сайыстарда бейтарап статуста өнер көрсетуіне рұқсат етті.

Бұл ретте федерация тек бір талап қойып отыр: спортшылар соғысты насихаттамауы шарт. Z-идеологияға берілген спортшыларды анықтау үшін IJF тәуелсіз компанияны тартатын болады: аудитор ресейлік спортшылардың әлеуметтік желілердегі контенттерін тексеріп, олардың соғысты дәріптегенін анықтауға тиіс. Ендеше РФ дзюдошыларына парақшасын тазартып қойса және "арнайы әскери операция" тақырыбында сұхбат бермесе, жеткілікті көрінеді.

Сонымен бірге өткен маусым айының соңында Халықаралық олимпиада комитеті Халықаралық бокс қауымдастығын (IBA) мәртебесінен айырды. Жемқорлық пен былық жайлаған, ұзақ жылғы қаржылық және басқарушылық дағдарыстан шыға алмаған бұл қауымдастықты ресейлік Умар Кремлев басқарады.

Бұл бүкіл бокстың болашақта Олимпиада бағдарламасынан алып тасталатынын білдіреді. Әйтсе де, ХОК шешімімен бокс алдағы 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиадалық ойындардың бағдарламасында қалады.

2020 жылдың соңында IBA тізгінін ресейлік Умар Кремлев өз қолына алды. Қауымдастық Ресей және Беларусь боксшыларын халықаралық жарыстардан аластаудан бас тартты. Осыдан кейін бұған наразылығы ретінде АҚШ, Ұлыбритания, Швеция, Швейцария, Германия, Нидерланды және Филиппин бокс федерациялары IBA құрамынан шығып кетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу