"Ресей теңіздерінен айырылды"

7383

Ресей сарапшыларының өзі Батыстың тосын шешімін осылай деп бағалауда. Шынында, енді сауда кемелері ресейлік жағалауларға кіруден жаппай бас тартуы мүмкін. Мұның Қазақстанға не зияны бар? 

"Ресей теңіздерінен айырылды"

Батыс елдері санкцияның алтыншы топтамасы аясында Ресей кемелерінің адымын аштырмай тастайтын тосқауыл құрмақ. Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен мәлімдегендей, ЕО-ның Ресейге қарсы санкцияларының жаңа пакеті ресейлік кемелерге еуропалық порттарға кіруге, аялдауға және ЖЖМ құйып алуға тыйым салуды қарастырады. Осындай тыйымды АҚШ пен Канада да енгізбек.

Ресей порттарынан шыққан алып жүк кемелері, танкерлер Еуропаның бірде-бір порттарына кіріп, аялдай алмайды, оларға қызмет көрсетілмейді. Бұл алыптардың алапат ауқымда ЖЖМ тұтынатыны мәлім. Ал жолай жанар-жағармайын толықтырып алмай, теңіз-мұхиттарда жүзу қиын.

Дегенмен солтүстік көршіге тағы бір "кесір-қырсық" күтпеген жақтан жабысты. Reuters хабарлағандай, жаһандық ең ірі теңіз сақтандырушысы London Marine Insurance Market Ресейдің барлық теңіз суларын "әскери аймақ" деп танитынын жариялады. Яғни оның Қара теңізден бастап, Балтық теңізіне, сондай-ақ Қиыр Шығыстағы порттарына дейін тегіс қауіпті аймаққа жатқызылды.

Бұл шешімге сәйкес, енді қандай да бір кеме осы аймаққа кіруді, сондағы ресейлік порттардың біріне аялдауды жоспарласа, онда кеменің иесі өз сақтандырушысын сол туралы алдын ала құлақтандыруға және қосымша "арнайы әскери сыйақыны" төлеуге міндетті болады. Яғни Ресей порттарын пайдалануды жалғастыратын кеме қожайындары су көлігінің және ондағы жүктің жалпы құнының 5%-ы көлемінде қосымша жарна төлеуге мәжбүрленеді.

Reuters мәліметінше, дүйсенбі күні күшіне енген бұл ереже "Ресеймен өзге елдердің теңіз арқылы саудасын күрделендіріп жібереді". Себебі Лондон теңіз сақтандыру нарығы – әлемдегі бүкіл кемелердің үштен бірін сақтандыратын ең ірі нарық.

Егер Батыс елдерінің өз порттарына қатысты санкциялық топтамасы астық, энергиялық ресурстар тиелген кемелерге жеңілдік жасап, оларды шектеуден босатса, ал сақтандырушылардың талабы қатаң әрі барлық жүктерге бірдей қолданылатын болады. Оның үстіне Ресей өз порттары арқылы мұнай мен бидай сатудан ең көп пайда табады.

Айтпақшы, Қазақстанның мұнайын жаһандық нарыққа жеткізетін негізгі жолы – КТК магистральді құбыры да елімізден бастау алып, ресейлік Новороссийск теңіз портына дейін жетеді. Әрі қарай теңіз астымен салынған құбыр жоқ. Сол жерде қазақтың "қара алтыны" кеме-танкерлерге тиеліп, әлемнің әр еліне жол тартады. Сарапшылар лондондық сақтандырушылардың талабы осы экспорттық құбырға қосымша ауыртпалық түсіруі мүмкін деп тұспалдайды.

Financial Times бағалауынша, орташа кеменің жүгімен бірге құны 30 млн долларға жетеді, егер ол кеме "әскери аймаққа" теңестірілген Ресей порттарына кірсе, 1,5 млн доллар үстеме жарна төлеп, шығындалуына тура келмек. 

Әдеттегіден қымбатқа түсетін мұндай сақтандыру өзін-өзі ақтауы үшін кеме өте қымбат тауарларға, айталық, электроникаға немесе аса қат дәрі-дәрмек, медициналық жабдықтарға лық толуға тиіс. Бірақ сақтандырушылар ондай кемелер енді сирейді деген пікірде. Дамыған елдерге тиесілі кемелердің басым көпшілігі тасымалдың табыстылық-рентабельділігі күрт төмендейтіндіктен ресейлік суларға кіруден аяқ тартуы кәдік. 

Әрине, бұл аймаққа кедей елдердің кемелері кіре береді. Өйткені олар Лондон нарығында емес, дәрежесі әлдеқайда төмен, сыйақы сомасы аз компанияларда сақтандырылады. Бірақ ондай кемелерге ірі корпорациялар, беделді жүк жөнелтушілер құнды жүктерін сеніп тапсырмайды. Бұлар көбіне арзанқол, халық кең тұтынатын тауарларды ғана тасиды.

Сарапшылардың айтуынша, РФ-ның теңіз суларын "тәуекелі жоғары аймақ" деп жариялау Ресейдің көптеген елдермен саудасының күрт құлдырауына соқтыруы ықтимал. Әрі бұл шара солтүстік көршінің беделіне дақ түсірмек. Өйткені оның судағы шекаралары коммерциялық теңізде жүзу үшін қауіпті, "соғыс, қарақшылық, терроризм қатері жоғары аудан" деп танылып отыр. Мұндай баға әдетте теңіз қарақшылығымен айналысатын, қайыршы елдерге қатысты қолданылатын. Лондондық сақтандырушылар Ресей жағалауларында кемелерге зымыран тиіп, батып кету қаупі жоғары деген байламға келген.

Бұл санкция Ресей және оның одақтасы Қазақстан үшін қандай теріс салдарларға соқтыруы мүмкін? Себебі қазақстандық жүктердің үлкен бөлігі – мұнай, астық, көмір, метал және басқасы Ресей порттары арқылы жаһандық нарыққа шығатыны мәлім. 

Еуропалық астық трейдері батыстық журналистерге сұхбатында "қандай да бір ресейлік порттарға кіруге дайын кемелердің иесін табу қиындап кеткенін, өйткені ол кеме жолай әскери қауіптерге килікпейтініне еш кепілдік жоғын" жеткізген. Мысалы, қарсыластарының кемесін Украинаға көмекке жібермеу үшін Ресей тарапы Қара теңізге тастады деген қалқымалы миналардың бірі жақында Түркиядағы Босфор бұғазына дейін жеткені мәлім. 

Ресейлік белгілі экономист, қоғам және мемлекет қайраткері Сергей Алексашенконың пікірінше, бұл ең алдымен Еуразиялық одаққа келетін импорттың үлкен бөлігінің жоғалып кетуіне соқтыруы ықтимал.

"Бүкіл импортымыздың бір ширегі, шамамен 25 пайыздайы Қытайдан келеді. Ол әрине, негізінен сақталады. Бірақ айналма жолдармен емес, тікелей ҚХР-дан келуі қажет. Әйтпесе, кемемен Балтық елдеріне жетіп, сол жақтан теміржолмен бері әкелінетін Қытай импорты да бар. Импорттың 40 пайыздайы – Еуропа, АҚШ, Канада секілді Батыс елдерінен жеткізіледі. Енді шипингтік компаниялар Ресей порттарына контейнерлерді жеткізуден бас тарта бастауы мүмкін. Бұған бір жағынан Батыс әлемінің тікелей санкциялары тыйым салады. Екінші жағынан санкцияны айналып өтушілер үшін де бұл аса қымбатқа түспек. Мысалы, ЕАЭО елдерін электроникамен, чиптермен, смартфондармен, жоғары технологиялардың керек-жарақтарымен қамтып отырған тайваньдық компаниялар алда бұл жаққа өнімдерін жөнелтуден бас тартуы мүмкін. Олардың өніміне бізсіз де сұраныс зор", – дейді С. Алексашенко.

Яғни бір бағытта батыстық санкциялар, тағы бір бағыттарда сақтандырушылардың қосалқы санкциялары жұмыс істейді, қос жақтан соққы береді. Осының бәрі өнім жеткізу және логистикалық тізбектердің үзілуіне әкеледі.

Сарапшы бұның салдары нақты сандар, көрсеткіштер, пайыздық үлестер түрінде дәл қазір дөп басып айту айту қиын деп отыр.

"Бәрін тек тәжірибе жүзінде, басқа түскенде білеміз. Үкімет төрағасы Михаил Мишустин МемДума мінберінен сөйлеп тұрып, бұл шектеулердің мән-жайын, кесір-салдарларын түсіну үшін жарты жылдай қажет болатынын, қазір қандай жарға маңдай соққанымызды түсінбейтінін ашық айтты. Қолында барлық саладан бүкіл жедел мәліметтер шоғырланған Премьердің өзі мұның неге апаратынын білмесе, өзгелерге тек жорамалдау ғана қалады. Соғыс кесірінен сыртқы санкциялық қысым күшейіп барады. Енді міне, көркем тілмен айтқанда Ресей теңіздерден қол үзгелі тұр. Кезінде І Петр Ресей аумағын теңізге дейін кеңейтіп, Еуропаға, теңіздегі сауда жолдарына "терезе" ашса, қазір ол терезе жабылып жатыр", – деді сарапшы.

Қалай болғанда, Ресейге және оның порттарын пайдаланатын Қазақстанға "Бермуд аралдары, Швейцария және басқа да сақтандыру нарықтары ұқсас шешім қабылдамайды" деп дәмелену ғана қалады. Сонда оларда сақтандырылған кеме-танкерлерді баламаға іздей алар еді.

Соның алдында сақтандырушылар Ресей және Украинаның Азов, Қара теңіз порттарын да осы "қара тізімге" қосқан. Қазір тізім Ресейдің барлық суларына таралып отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу