Ресей мен Украина арасындағы қарулы жанжалға – тура 1 ай

2595

НАТО-ның дерегінше, РФ көрші елге әскер кіргізіп, төрт аптада 30-40 мың адам жоғалтты. Армиясы "жауынгерлік рухы төмендеп", тұралай бастаса да, Путин "арнайы операцияны" доғаруға сыңай танытпай отыр.

Ресей мен Украина арасындағы қарулы жанжалға – тура 1 ай

Ресей армиясы Украинаға басып кіргеннен кейін қарулы қақтығыстардан мыңдаған адамның өмірі қиылып, талай қала қирап, миллиондаған адам үйлерін тастап кетті. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропадағы ең ірі әскери қақтығыс халықаралық қауіпсіздік тәртібін де бұзып, жаһандық экономикаға қатер төндіріп отыр.

Қарулы жанжалдың елеулі сәттеріне шолу жасасақ, олардың қысқаша сипаты төмендегідей:

Жанжалға жол

2021 жылдың басында Ресей әскерлерінің Украина маңында жиналуы шабуыл қаупін күшейтті. Мәскеу былтыр сәуір айында олардың бір бөлігін әкетіп, Президент Джо Байден мен Ресей Президенті Владимир Путиннің маусым айында өтетін саммитіне жол ашты. Алайда бұл кездесу Ресей мен АҚШ арасындағы шиеленісті айтарлықтай жеңілдете алмады.

Украина шекарасы бойына ресейлік әскерлердің шоғырлануы қазан айының соңында қайта басталып, жыл соңына қарай олардың саны шамамен 150 000 адамға жетті. Дегенмен Мәскеу Украинаға шабуыл жасау жоспарларын жоққа шығарып, Батыстың алаңдаушылығын Ресейді қаралау науқанының бір бөлігі деп атады. Сонымен бірге РФ АҚШ пен оның одақтастарынан Украинаның НАТО-ға кіруіне жол бермеуді және альянстан Шығыс Еуропадағы контингентін әкетуді талап етті.

Содан кейін, ақпанның 21-і күні Путин күтпеген жерден Украинаның шығысындағы ресейшіл көтерілісшілер бақылауындағы аймақтардың тәуелсіздігін мойындады.

Басқыншылықтың басталуы

Ақпанның 24-і күні теледидар арқылы сөйлеген сөзінде Путин Украинаны демилитаризациялау және "неонацистік ұлтшылдарды" жою мақсатында "арнайы әскери операция" басталғанын жариялады. Кремль басшысы осы мәлімдемені жасап отырғанда, Ресей армиясы Украинаның әскери нысандары мен негізгі инфрақұрылымдарына бірқатар әуе шабуылдары мен зымырандық соққылар жасады.

Ресей әскерлері Украинаға оңтүстіктегі Қырымнан, бүкіл шығыс шекарадан және солтүстіктегі Беларусь тарапынан кірді.

Ресей тек әскери объектілерді нысанаға алып жатырмыз деп мәлімдегенімен, Украинадағы тұрғындар кварталдарына, мектептер мен ауруханаларға да әуе шабуылдары мен артиллериялық соққылар жасап жатыр.

- 1 наурызда Харьковтегі облыстық әкімдік ғимаратына ресейлік зымыран түсіп, 24 адам қаза тапты.

- 9 наурызда Ресей авиациясының шабуылынан қоршаудағы Мариуполь портындағы перзентхана қирап, кемінде үш адам қаза тауып, 17-сі жараланды.

- 16 наурызда украиндар тротуарға үлкен ақ әріптермен "балалар" деген сөзді жазғаннан кейін де, Мариупольдегі тарихи театрды ресейлік бомба жарып жіберді. Бірақ жергілікті билік жертөлеге жасырынған жүздеген адамның аман қалғанын айтады.

- Дүйсенбі күні Киевтегі сауда орталығында Ресей әуе күштерінің соққысынан кем дегенде 8 адам қаза тапты.

Ресейдің оңтүстігіндегі басты мақсаты – Азов теңізіндегі стратегиялық порт Мариупольді алу. Бұл қала бірнеше апта бойы қоршауда тұр. Орыстардың тынымсыз бомбалауынан оның бүкіл аудандары қирап, мыңдаған адам қаза тапты. Қазір Мариуполь бейбіт халық тартқан сұмдық азаптың символына айналып отыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, ақпанның 24-нен бері Украинадан кемінде 3,5 миллионнан астам адам көрші елдерге бас сауғалаған.

Батыстың санкциялары

Батыстағы одақтастар бұл басқыншылыққа тез арада бұрын-соңды болмаған экономикалық және қаржылық санкциялармен жауап берді.

Жазалау шаралары Ресейдің 640 миллиард долларлық валюталық резервінің жартысына жуығын бұғаттап, ресейлік негізгі банктерді SWIFT қаржылық хабар алмасу жүйесінен ажыратып тастады және де Мәскеудің доллар мен еурода қолма-қол ақша алуына тыйым салынып, Ресей экономикасының алуан түрлі секторларына бағытталған саудалық шектеулер жарияланды. Ірі халықаралық компаниялар Ресей нарығынан жаппай кете бастады.

Бұған дейін мұндай санкцияларға Иран мен Солтүстік Корея сияқты елдер ғана ұшыраған. Санкциялар рубльді құлдыратып, банктерден депозиттерді қашырып, тұтынушылар дүрбелеңін тудырды.

Ресей билігі бұның бәріне валюталық операциялар мен қор нарықтарына қатаң шектеулер жариялау арқылы жауап берді.

Украина көбірек қару сұрап, аспанын жабуды өтініп отыр

Батыстың санкциялары мен қару-жарақ жеткізуін құптай отырып, Украина Президенті Владимир Зеленский АҚШ пен Еуропаны Ресейді тоқтату үшін оған қарсы тіпті қатаң шаралар қабылдауға үндеп отыр.

Ол АҚШ пен НАТО-дан Украина аспанын ұшуға болмайтын аймақ деп жариялауды үнемі тадап етіп келеді. Алайда одақтастар бұл талапты орындау Ресеймен тікелей қақтығысқа апарып, тіпті жаһандық соғысқа ұрындыруы мүмкін деп қауіптеніп отыр.

Зеленский, сондай-ақ Батыстағы одақтастарынан Украинаға әскери ұшақтар мен ұзақ қашықтыққа арналған әуе қорғанысы жүйелерін беруді өтінді. Ресей болса, Батысқа мұндай қадамға бармауды қатаң ескертіп келеді. Ал Батыс жағдайдың әрі қарай ушығуына жол бермеу үшін Шығыс Еуропадан Украинаға кеңестік дәуірден қалған жойғыш ұшақтар мен әуе шабуылына қарсы қару-жарақ жеткізуден бас тартты.

Украина АҚШ пен ЕО-дан ресейлік мұнай мен газ экспортына тыйым салуды қамтитын санкцияларды күшейтуді де сұрады. Алайда аталған одақтың Ресей отынына тәуелді мүшелерінің көбі бұл идеяны қолдамады.

Ресейдің шабуылдары бәсеңдеді

Алғашқы күннен бастап шабуыл Путин ойлағандай болмады. Басында Киевтің шетіне тез жеткен орыс әскерлері көп ұзамай қала маңында тұрып қалды

Кремль үміттенгендей берілудің орнына, украин әскерлері әр секторда қиян-кескі қарсылық көрсетіп, ресейліктердің Харьков пен Черниговқа және басқа да ірі қалаларға жылдам ену әрекетін тежеп тастады. Ресей, сондай-ақ елдің әуе күштері мен "ПВО" жүйесіне соққы беріп жатса да, Украина аспанын толық бақылауға ала алмады.

Ресейлік әскери колонналар Беларусьтен шығатын тас жолдың бойымен ондаған шақырымға созылып, украиндардың рейдтері мен шабуылдарының оңай нысанасына айналып отыр. Ал шығыста ресейлік әскерлер Украинаның күшейтілген позицияларына тап болып, мардымсыз ғана табыстарға қол жеткізді.

Мариупольді ұстап, Бердянск және Херсон порттарын тез басып алғанына қарамастан, орыстар Украинаның негізгі кеме жасау орталығы – Николаевты аламын деп сәтсіздіктерге ұшырап, батысқа қарай – Одесса жаққа шабуылды үдетіп отыр.

Батыс мемлекеттері өкілдерінің айтуынша, қарулы жанжалдар кезінде ресейлік жауынгерлер азық-түлік пен жанар-жағармай ала алмай қиналған және суықта қажетті құрал-жабдықтар тапшылығын көріп отыр.

Наурыздың басында ресейлік әскерилер 498 сарбазын жоғалтқанын хабарлады. Содан кейін Мәскеу шығын санын ешқашан жаңартпады. Керісінше, НАТО сәрсенбі күні төрт аптадағы шайқаста Ресейдің 7 мыңнан 15 мыңға дейін жауынгер мен офицер жоғалтқанын хабарлады. Осы альянстың өзге бір дерегінше, ізім-қайым кеткендерді, жараланғандарды қоса алғанда, Ресей Украинада 30-40 мың адам жоғалтса керек. Салыстырып көрсек, Кеңес Одағы Ауғанстанда 10 жыл соғысып, 15 мыңға жуық әскерінен айырылғаны белгілі.

Британдық барлаушыларға жүгінсек, Ресейдің жауынгерлік рухы төмендеген армиясы барлық майдандарда тұралап, Киев маңында қоршауға түсуге жақын.

Ядролық және химиялық қарудан төнген қауіп

Шабуылдың алғашқы күнінде ресейлік күштер 36 жыл бұрын тарихтағы ең ауыр ядролық апатқа ұшыраған Чернобыль АЭС-ін бақылауға алды.

Арада бірнеше күн өткенде олар Еуропадағы ең үлкен Запорожье атом электр станциясын басып алды. Сол кезде кешенде өрт ұшқындап, үлкен қорқыныш туындады.

Халықаралық қауымдастық екі станцияның да қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп отыр.

Наурыздың 21-інде Украинаның шығысындағы Сумы қаласындағы химиялық зауытта аммиак ағып, радиусы 2,5 шақырымнан асатын аумақты ластады. Бірақ желдің әсерінен 263 мың тұрғыны бар қалада бірде-бір бейбіт тұрғын зардап шекпеген.

Ресейлік әскерилер бірнеше рет украин "ұлтшылдары" ядролық немесе химиялық нысандарды жаруды жоспарлап, кейін сол үшін Мәскеуді айыптайды деп мәлімдеді. Алайда Батыс Ресейдің өзі осы жағдайды сылтау етіп, химиялық шабуыл жасауы мүмкін деген пікірде.

Батыстағы кейбір сарапшылардың ойынша, Ресейдің шабуылы тоқтап қалса, Путин Украинаны қорқытып, тізе бүктіру үшін тактикалық ядролық қаруды немесе химиялық арсеналды қолдануға бұйрық беруі мүмкін.

Әрі қарай не болады?

Тіпті Батыстың санкцияларынан Ресей экономикасы теңселіп, әскері тұралай бастаса да, Путин шегінетін сыңай байқатпай отыр.

Рубль құлдырап, баға шарықтап кеткеніне қарамастан, Ресейде жүргізілген сауалнамалар халықтың Путинді бек қолдайтынын көрсетіп берді. Бақылаушылар бұл нәтижелерді Кремль жүргізген жаппай үгіт-насихат науқанымен және оппозицияны қудалауымен байланыстырады.

Путин Украинаның бейтарап болғанын, НАТО-ға кіруден бас тартқанын, демилитаризацияға келіскенін, Ресейдің Қырымдағы егемендігін мойындағанын және Донбасстағы көтерілісші республикалардың тәуелсіздігін танығанын талап етіп отыр.

Зеленский осы аптаның басында Украинаның кез-келген агрессияға жол бермейтін қауіпсіздік кепілдігімен қатар бейтарап статусты талқылауға дайын екенін айтты. Бірақ оның сөзінше, Қырым мен сепаратистік аймақтардың мәртебесі туралы мәселе тек атыс тоқтатылып, елден ресейлік әскерлер шығарылғанда ғана талқылануы мүмкін.

Путин енді күш қолданып, Зеленскийді дегеніне көндіруден үміттенуі мүмкін. Ал ресейлік және украиналық келіссөзшілер Путин мен Зеленский талқылайтын перспективалық келісім жобасы әзірленетін күннің әлі алыс екенін айтып отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу