Ресей: Украина Кремльге дрондармен шабуыл жасап, Путинді өлтірмек болды

1726

Киев бұл оқиғаға өзінің ешқандай қатысы жоқтығын мәлімдеп үлгерді.   

Ресей: Украина Кремльге дрондармен шабуыл жасап, Путинді өлтірмек болды Фото: novostivolgograda.ru

Сәрсенбі күні Ресей Украинаның президент Владимир Путинді өлтіру әрекеті сәтсіз аяқталғанын хабарлады. Алайда Украина жетекшсінің жоғары лауазымды өкілі Киевтің осынау оқиғаға еш қатысы жоқтығын мәлімдеп отыр. Дегенмен бұл – Ресейдің Украинаға 14 айдан астам уақыт бұрын басып кіргеннен бері таққан ең ауыр айыбы.

Ресми Мәскеудің мәлімдеуінше, Кремльдегі Путиннің резиденциясына жасалған шабуылда екі ұшқышсыз ұшақ қолданылған, бірақ электрондық қорғаныс жүйесі оларды істен шығарыпты.

Сонымен қатар, мәлімдемеде Ресейдің жауап қайтару құқығын өзінде қалдыратыны ескертілген. Болжамдарға қарағанда, Мәскеу енді бұл оқиғаны Украинадағы соғысты одан әрі шиеленістіру  үшін пайдалануы мүмкін.

"Екі дрон Кремльге бағытталды. Әскерилер мен арнайы қызметтердің радиолокациялық күрес жүйелерін дер кезінде қолдануы нәтижесінде ұшқышсыз аппараттар істен шығарылды. Біз бұл әрекеттерді жоспарланған лаңкестік әрекет және президенттің өміріне Жеңіс күні, 9 мамыр шеруі қарсаңында ойластырылған қастандық деп бағалаймыз. Ресей тарапы қай жерде қажет десе, сол жерде бұндай жағдайларға қарсы шара қолдану құқығын өзінде қалдырады", – деп жазылған Кремльдің мәлімдемесінде.

Ресейдің құқық қорғау органдарына сілтеме жасап, Baza Telegram арнасы видео жариялады. Онда Кремль сенаты ғимаратының Қызыл алаңға қарайтын күмбезіне ұшатын нысан жақындайды және де сол объект Жеңіс парады өтетін алаңға тақап барып жарқ етіп жарылады.

Фото:rutube.ru

Президент әкімшілігі таратқан мәлімдемеде дрондардың фрагменттері Кремль кешені аумағына шашылғаны, құрбандардың жоқтығы мен  материалдық шығын келмегені де айтылған.

РИА: Путин ол сәтте Кремльде болмады

РИА "Новости" ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Путин ол кезде Кремльде болмай, Мәскеу түбіндегі Ново-Огарево резиденциясында жұмыс істеп жатқан.

Фото: rbc.ru

Ресей әлеуметтік желілерінде тараған тағы бір видеода болжамды шабуылдан кейін Кремльдің үстінен түтін көтерілгені байқалды.

Жеңіс күні – Екінші дүниежүзілік соғыста нацистік Германияның жеңілісін еске түсіретін басты мемлекеттік мереке. Ол Путинге ресейліктерді Украинадағы "арнайы әскери операциясының" төңірегінде топтастыруға мүмкіндік береді.

ТАСС мемлекеттік ақпарат агенттігі өткен аптада хабарлағандай, Қызыл алаңда әскери парад бәрібір өтеді. Сол үшін Кремль Мәскеу орталығында қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр. Ал, мегаполис мэрі Сергей Собянин сәрсенбіде қалада рұқсатсыз дрон ұшыруға дереу тыйым салынғанын мәлімдеді.

Фото: foreignpolicy.com

Ресей Украинаны соғыс басталғалы бері көптеген трансшекаралық шабуылдар үшін айыптады. Солардың ішінде желтоқсан айында ядролық қару тасымалдауға арналған стратегиялық бомбалаушы ұшақтар орналасқан әуе базасына берілген соққы бар. Ал ақпанда Мәскеу орталығынан шамамен 110 шақырым жердегі Коломнаға ұшқышсыз аппарат құлады.

Украина әдетте Ресейге немесе Ресей аннексиялаған Қырымға жасалған шабуылдар үшін жауапкершілікті өз мойнына алудан бас тартады. Дегенмен Киевтегі ресми өкілдер мұндай шабуылдарды жұмбақ сөздермен келеке қылып, мазақ етіп отырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу