Ресей Украина маңынан әскерін әкеткенімен, қаруын қалдырып барады

3455

Дегенмен, екі ел шекарасында соғыстың басталу қаупі біршама сейілген сыңайлы.  

Ресей Украина маңынан әскерін әкеткенімен, қаруын қалдырып барады

Бейсенбі күні Ресей қорғаныс министрі Украинамен арадағы шиеленіс жағдайында өткізілген жаппай жаттығулардан кейін, ел әскерлерін тұрақты базаларына қайтаруға бұйрық берді.  Бірақ олардың қарулары Ресейдің батысында жылдың соңында тағы бір жаттығу ұйымдастыру үшін қалдырылды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Украина президенті Владимир Зеленский мемлекет шекарасы маңынан Ресей қарулы күштерінің кетуін қошеметпен қабыл алды.

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу болса жаттығуларды тамашалағаннан кейін, Қырым мен Ресейдің батысындағы кең байтақ аумақта маневрлардың аяқталғанын жариялай отырып, жауынгерлер мен офицерлерді орнықты бөлімшелеріне қайтаруды бұйырды.

"Мен дайындықты жедел тексерудің мақсаттары орындалды деп санаймын. Әскерлер елімізді қорғау қабілетін көрсетті. Сондықтан Оңтүстік және Батыс әскери округтардағы жаттығуларды аяқтау жөнінде шешім қабылдап отырмын", –дейді Шойгу.

Министр әскерлер базаларға мамырдың 1-іне дейін оралуы керектігін айтты. Алайда ол ауыр қаруды келесі жолы өтетін кең ауқымды жаттығулар үшін Ресейдің батысында қалдыруды тапсырды. Ол арсенал Украина шекарасынан шығысқа қарай 160 шақырым жерде орналасқан Воронеж облысының оңтүстік-батысындағы Погоново полигонында қалып отыр.

Ресей әскері соғыс жүріп жатқан Донбасста атысты тоқтату ережесі бұзылған шақта Украина жанында көбейіп, Батысты айтарлықтай алаңдатты. Ал, АҚШ бастаған НАТО елдері Кремльден жауынгерлерді Украинадан алшақтатуға қайта-қайта шақырды.

Бейсенбіде сепаратистермен болған атыс кезінде Украинаның шығысында бір сарбаз қаза тапты. Осылайша, жыл басынан бері мерт болған украиналық жауынгерлердің саны 32-ге жетіп отыр.

АҚШ пен НАТО-ның мәлімдеуінше, Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялап, Донбасстағы сепаратистерге қолдау білдіргеннен бері Украинаның шығысына мұнша көп әскер шоғырландырған емес.

"Шекарамыздың маңында әскер санының қысқаруы шиеленісті пропорционалды түрде азайтады. Донбасстағы тайталасты доғаруға бағытталған кез-келген қадамды құптаймыз", – дейді Зеленский.

Осы аптаның басында Зеленский аймақтағы шиеленісті тоқтату үшін Ресей президенті Владимир Путинге Донбасста кездесуді ұсынды.

Путин болса, бейсенбі күнгі телевиялық мәлімдемесінде Украина басшылығы Донбасстағы жағдайды реттегісі келсе, алдымен сол жердегі сепаратистердің басшыларымен келіссөздер жүргізіп, одан кейін ғана бұл мәселені Ресеймен талқылауы керек деп жауап берді. Тағы бір сөзінде Кремль басшысы егер Зеленский Ресеймен қарым-қатынасты қалыпқа келтіргісі келсе, оны Мәскеуде қошеметпен қабылдайтынын атап өтті.

Ресей Қырым мен Украинаның маңына жиналған қосымша әскердің саны туралы мәлімет берген жоқ. Сонымен қатар, Шойгудың сөзінен "олардың бәрі әкетіле ме" деген сауалға анық жауап көрінбеді.

Ресей қорғаныс министрлігінің дерегінше, Қырымдағы маневрларға 60-тан астам кеме, 10 000-нан астам жауынгер, 200-ге жуық ұшақ пен 1200-ге таяу өзге де әскери техника қатысқан.

Шойгу жаттығуды бақылау үшін тікұшақпен Қырымдағы Опук деген полигонның үстінен ұшып өтті. Содан кейін ол жаттығулардың аяқталғанын жариялап, әскерге НАТО-ның Defender Europe 2021 маневрлары кезінде кез-келген "жағымсыз жағдайларға" жауап беруге дайын болуды бұйырды. Солтүстікатлантикалық альянстың наурызда басталған соғыс ойындары маусымға дейін жалғасады.

"НАТО аймақтағы әскери әрекеттерін едәуір күшейтті. Ол барлауды да жиілетіп, жедел дайындықтың қарқыны мен ауқымын арттырып отыр. Ал, альянстың негізгі коалициялық топтарының бірі Қара теңіз аймағында шоғырланып жатыр",– дейді РФ Қорғаныс министрі.

Өткен аптада Ресей Қара теңіздің Қырым маңындағы ауқымды бөлігін шетелдік әскери кемелер мен мемлекеттік кемелер үшін қараша айына дейін жабатындығын хабарлады. Мәскеудің бұл жоспары Украинаны наразы етіп, Батыстың алаңдатып отыр. Бұл аздай, Ресей осы аптада Қырым жақпен ұшатын рейстерге шектеу қойылатынын жариялады.

Мәскеу Ресей әскерінің ел аумағында кез-келген жерге көше алатынын алға тартып, Батысты бұл мәселеге алаңдамауға шақырды, Бірақ Кремль Украина билігіне көтерілісшілер бақылауындағы шығысты қайтарып аламын деп күш қолданбауды қатаң ескертті. Айта кетсек, соңғы жеті жылда бұл аймақта ресейшіл сепаратистермен болған соғыста 14 мыңнан астам адам қаза тапты.

Ресей бейбіт тұрғындарды қорғау үшін Украинаның шығысындағы жағдайға араласуы мүмкін екенін жоққа шығарып отырған жоқ.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу