Ресей Украинада бұйрықты орындаудан бас тартқан сарбаздарды өлім жазасына кесіп жатыр

2784

Бұл ақпаратқа байланысты Кремльдің баспасөз қызметі де, Ресей қорғаныс министрлігі де, РФ-ның Вашингтондағы елшілігі де әзірге түсініктеме берген жоқ.

Ресей Украинада бұйрықты орындаудан бас тартқан сарбаздарды өлім жазасына кесіп жатыр Фото: reuters.com

Америка Құрама Штаттарында ресейлік әскерилердің Украинадағы соғыста бұйрықты орындамаған жауынгерлерді өлім жазасына кесіп жатқаны туралы ақпарат бар. Мұны бейсенбі күні Ақ үй әкімшілігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Бізде Ресей армиясының бұйрыққа бағынбаған сарбаздарды іс жүзінде ауыр жазаға кесетіні жайлы дерек бар", - дейді журналистермен өткен брифингте Ақ үйдің өкілі Джон Кирби.

Оның өзге бір мәліметінше, "ресейлік командирлер Украина артиллериясының соққысынан шегінгісі келген тұтас әскери бөлімшені оқ жаудырып, қырғынға ұшыратамыз деп қорқытады".

Ақ үйдің өкілінің айтуынша, Ресейдің мобилизация бойынша сапқа тұрғызып, Украинаға жіберген күштерінің дайындығы мен жабдықталуы өте нашар және олар соғысқа әзір емес. Тағы бір сөзінде Кирби ресейлік әскерилердің "адам толқыны тактикасын" қолданып, дайындығы төмен сарбаздарды шайқасқа айдап салып жатқанын хабарлады.

Сонымен қатар, Байденнің өкілі жауынгерлерді өлім жазасына кесуді "варварлық әрекет" деп сипаттады.

Бұл ақпаратқа байланысты Кремльдің баспасөз қызметі де, Ресей қорғаныс министрлігі де, РФ-ның Вашингтондағы елшілігі де әзірге түсініктеме берген жоқ.

Дегенмен, Ресейдің Құрама Штаттардағы өкілі Анатолий Антонов өзінің Телеграм-мессенджерінде осы кінәға қатысты пікір білдірмесе де, АҚШ-тың Украинаға тағы 150 млн доллардың әскери көмек беру шешімін "халықаралық аренадағы арандатушылыққа және әскери жанжалды жеңілдетуге бағытталмаған отқа май құю әрекеті" деп сипаттады.

"Киевтегі банкротқа ұшыраған режимге миллиардтап ақша беруді тоқтататын кез жетті және де өз азаматтарының пікіріне, Американың қаруынан құрбандар санының өсуіне немқұрайдылықпен, жиіркенішпен қарауды доғару керек", - дейді Антонов.

Украина әскерилерінің сөзінше, Ресей қанша шығынға ұшырап жатса да, елдің шығысындағы Авдеевка қаласын алу әрекетін тоқтатар емес.

Киевтің есебінше, осы қала үшін шайқаста Ресей 5000 адам жоғалтқан. Ал Пенттагон Ресейдің Авдеевка маңында "кемінде" 125 брондалған машина мен тұтас батальонға арналған техникадан айрылғанын хабарлап отыр.

Ресей жаулап алған Донецк қаласының маңында орналасқан Авдеевканы алу ресейліктерге майдан шебін артқа жылжытып, Украина армиясының Донецк облысындағы қарымта шабуылдарын қиындатуға мүмкіндік береді.

Ресей артиллериясы қайта-қайта снаряд жаудырып жатқандықтан, Авдеевканың 30 мың тұрғыны өзге аудандарға көшіп кеткен. Ал президент Владимир Зеленскийдің айтуынша, ондағы жағдай "өте ауыр".

АҚШ 2022 жылы ақпанда Ресейдің Украинаға басып кіруін қатаң айыптап, Украинаға айтарлықтай қауіпсіздік көмегін берді. Соңғы мәліметке қарағанда, Вашингтон Киевке осы күнге дейін 46 миллиард доллар әскери жәрдем жөнелтіп, ондаған миллиард доллардың қаржылық және гуманитарлық көмегін ұсынған екен.  

Дегенмен, осы аптаның басында республикашыл Майк Джонсон АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының спикері болып сайланғаннан кейін, бұл көмектің болашағы күмәнді бола бастады.

Республикалық партияның оң қанатындағы Джонсон АҚШ-тың Украинаға одан әрі жәрдемдесуіне қарсы және Джонсон бұған дейін осындай пакеттерге тыйым салатын түзетулерді қолдағаны белгілі болып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу