Ресей Украинада жаңа, төл контршабуылын бастады

2980

Оған 100 мыңнан астам солдат пен 900-ден аса танк жұмылдырылып жатқан көрінеді. 

Ресей Украинада жаңа, төл контршабуылын бастады Фото: Delfi

Украина Қарулы күштерінің (УҚК) хабарлауынша, РФ армиясы Лиман–Купянск бағытында қарсы шабуылға көшті. 

Украинадағы күн сайынғы ұлттық телемарафон эфирінде Украина әскерлерінің Шығыс тобының спикері, полковник Сергей Череватый майданның осы қанатында дұшпанның жүз мыңнан астам әскерін шоғырландырғанын жариялады.

Фото: vojna-v-ukraine.com

"Лиман–Купянск бағытында жау өте қуатты тобын жұмылдыруда. Онда жеке құрамның өзі 100 мыңнан асады. Бұдан бөлек, 900 танк, 555-тен астам артиллериялық жүйе, 370 дүркін атыстың реактивті жүйелері бар. Мұның қаншалықты зор күш екенін мына салыстырудан түсінуге болады: Ауғанстандағы соғыс кезінде, ең шырқау шегінде Кеңес одағының әскері 120 мың болды. Қарсылас ол жақта десанттық бөлімшелерін, үздік мотоатқыштар бөлімшелерін, аумақтың әскерлерінің резервін және жеке әскери компанияларын (ЧВК) тартып жатыр", – деді полковник С.Череватый.

Оның айтуынша, дұшпан қарсыласының қорғанысын бұзып өту үшін бәрін жасап жатыр. Бірақ украиналық жауынгерлер қайсарлықпен, лайықты тойтарыс беруде, дұшпанның бастаманы толығымен өз қолына алуына мүмкіндік бермей, ұдайы соққы жасауда.

Украина жағының нақтылауынша, бұл бағыттағы ресейлік әскер құрамына шабуылдаушы десантшылар және жаяу әскер сыртында, бұрынғы әскерилерден құралған БАРС резервистері, аумақтық әскерлер, сотталғандар тұратын "Шторм Z" роталары, жеке әскери компаниялардың еріктілері кірген.

Фото: yandex.kz

Өз кезегінде Харьков облысының губернаторы Олег Синегубов 2022 жылғы қыркүйектің басында жаудан азат етілген харьковтік Купянск қаласына қарай ресейліктер қайтадан басқыншылығын бастағанын мәлімдеді. Оның сендіруінше, бұған дейін жау бұл бағытта диверсиялық-барлау топтарымен шабуылдапты, енді ДБТ-дан кең ауқымды шабуыл қимылдарына көшкен.

"Біздің облыста Купянск бағытында шайқастар жүріп жатыр. Дұшпан белсенді шабуыл қимылдарын жүзеге асыруда. Бұл бұрынғы жекелеген шағын диверсанттық топтардың шабуылдары емес. Бұл – нағыз ауқымды әскери шабуылдар. Біздің Отан қорғаушыларымыз жанқиярлық ұрыс салып, өз позицияларында табандап тұр және жауды жою бағытында жан сала қимылдауда", – деді О.Синегубов.

Сонымен бір мезгілде РФ Харьков облысының солтүстігін үстемелете атқылауға белсене кірісіпті.

Өз кезегінде Украина Қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр Купянск түбінде ресейліктер Оскол өзенінің жағалауына дейін жетуге талпынып жатқанын, осы арқылы Мәскеу Украинаны ірі контршабуылға сақтап отырған резервтерін жұмылдыруға мәжбүрлегісі келетінін мәлім етті.

16 шілдеде Харьков қаласының өзіне РФ тәулігіне 3 рет зымыранмен атқылады. Мұндай қарқынды соққы көп уақыттан бері болмаған еді. Қаланың әуе қорғанысы жүйесі оның көбін қағып түсіріпті.

Мәскеудің Украина майданында жаңа шабуылды жүзеге асырып жатқанын УҚК Құрлық әскерлерінің қолбасшысы генерал-полковник Александр Сырский де растады.

"Жау Купянск бағытында шабуылға көшті. Ол өз әскері алдына Купянск ауданындағы біздің әскерді тып-типыл етіп күйрету мақсатын қойды. Сонда ары қарай біздің жауынгерлік шептеріміздің тереңіне, түкпіріне сыналап енуге тырысады", – деді А.Сырский.

Ол күрделенген ахуалда қалған жауынгерлік бригадаларды аралап шыққанын, бөлімдер командирлерімен кездесіп, жоспарларға түзетулерді талқылағанын жеткізді. Сондай-ақ командирлермен бірге Лиман бағытындағы жағдайды тұрақтандыру үшін қажетті шешімдерді қабылдапты.

Оның сендіруінше, барлық командирлер жауды жоюдың және оперативті бастаманы Украина жағында сақтап қалудың маңыздылығын түсінеді.

Бұл жерде "егер Ресей қысқы шабуылынан кейінгі жаңа шабуылын бастаса, Украинаның ұзақ сөз болған контршабуылы қайда қалады?" деген сауал туындайды.

УҚК запастағы полковнигі Роман Свитан ресейліктердің бұл шабуылы бүгін басталмағанын, бірнеше аптадан бері жүріп жатқанын нақтылады.

Фото: argumentua.com

"Олар бұл бағыттағы шабуылға қыстан бері дайындалды. Алайда қысқы, көктемгі қолайсыз ауа райы бұл жақта оған мүмкіндік бермеді. Әрине, осы уақыт бойы жүз мыңдық әскер алғы шепте тұрған жоқ, онда оларды артиллериямен жоятын едік. Олар артқы шептерде, Счастье, Старобельск елді мекендері аумағында орналасты. Енді олар алғы шепке жақындауда. Алды шабуылға араласты. Дегенмен, ол қалың әскердің өзара үйлесімге келмегені, көбісі бұрын соғыспағаны, майдан жағдайын білмейтіні аңғарылып қалды. Қаптап алға жүгіреді, біздің қуатты соққымыздан сапы селдіреп, кері серпіледі. Шабуылдар үздіксіз жалғаса береді. Осы арқылы Мәскеу біздің армияның негізгі күштерін Купянск, Лиман бағытына тартып алуға тырысуда. Сөйтіп, Украина армиясының Запорожье және Херсон бағытындағы контршабуылын түбегейлі тоқтатуды қалайды", – деді Р.Свитан.

Ол осы бағытта 100 мыңдай солдат барын растады, бірақ олар бір жерде шоғырланбаған: тереңдігі 100 шақырымға созылған, бірнеше эшелонды шептің өне бойында шашырай орналасқан.

"Егер олар ірі шабуылға көшу үшін бір жұдырықтай жұмылып, топтаса бастаса, біздің армия, артиллерия мен Хаймарстар сапын тез сирете қояды. Бірақ қазірдің өзінде ол жақта аса ауыр шайқастар жүруде. Оның үстіне шекаралық бұл өңіріміздің ар жағында Ресей территориясы тұр: қару мен техника жеткізуде қиындығы жоқ. Авиациясы 20 минутта ұшып жетеді. Лиман-Купянск бағытында РФ армиясы стратегиялық тұрғыдан алғанда, әрі кетсе украиналық әскерді Северский Донец және Оскол өзендерінен асыра шегіндіруге тырысады. Әйтсе де, Купянск немесе Лиман қалаларын басып алу енді ресейліктердің қолынан келмесіне сенімдімін", – деді Р.Свитан.

Бүгінде Киев төл контршабуылын уақытша тоқтатып қойды. Украиналық әскери сарапшының пікірінше, украиналық қарсы шабуыл АҚШ уәде еткен кассеталық оқ-дәрілер қажетті көлемде жеткізілген соң жанданады. Онсыз тығыз эшелонданған РФ әскерін шабуылдау жауынгерлердің босқа қырылуына соқтыратыны сөзсіз.

"Тиісті арсенал қолына тиген соң Украина ресейлік қорғаныс желілерін үздіксіз, үстемелете соққылап, әбден "өңдейді". Содан кейін іркіліп тұрған негізгі күштері ілгері озып, жау шебін бұзып кіреді. Бұл тамыз айының басында басталуы мүмкін", – деп болжады Роман Свитан.

Израильдік әскери сарапшы Давид Шарп та жүз мың әскердің бір жерде шоғырланбағанына сенімді: Украина барлау қызметі де, Батыс та дұшпанның үлкен жұдырыққа тең алып әскери тобының бір орында жұмылуына жол беріп, қарап отырмас еді. Егер соған жол берсе, өрескел қателік болмақ. Киев бұл қауіпті бағыттағы қорғанысқа да алдын ала лайықты дайындалса керек.     

РФ сайлау заңнамасына сәйкес, биылғы 2023 жылғы 10 қыркүйекте көршіде "Дауыс берудің бірыңғай күні" (Единый день голосования) ұйымдастырылады. Ол күні Мемдума депутаттарының бір бөлігі, жергілікті заң шығарушы органдардың депутаттары сайланады. Сонымен қатар федерацияның 26 субъектісінің, облыстарының, республикаларының халқы өз губернаторларын таңдайды.

Содан кейін келесі 2024 жылғы 17 наурызда Ресей президентінің VIII сайлауы өтуге тиіс.

Сарапшылар байламынша, Кремль электоралды науқандар қарсаңында майдан даласында сәл де болса ауыз толтырып айтарлық жеңіске қол жеткізуге тырысуы ықтимал. Әйтпесе, күйрей жеңілсе, соғысты доғарудан басқа амалы қалмас еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу