Ресей Украинаға соғыс ашқалы жатыр ма?

4465

Кремльдің Украинамен арадағы шекарасына әскерін жіберуінің арты щиеленістің өршуіне ұласып кетуі мүмкін. 

Ресей Украинаға соғыс ашқалы жатыр ма?

Ресей Федерациясының 4 мыңға жуық әскериін Украинамен арадағы шекарасына шоғырландыруы халықаралық қауымдастықты алаңдатып отыр. РФ-ның "жағдайды тұрақсыздандырып жатқан әрекеттері" Украинаның шығысындағы шиеленісті шешуге бағытталған әрекеттердің күшін жойып отыр деген пікірде НАТО-ның баспасөз хатшысы. Солтүстік Атлантикалық альянс Ресейдің бұл қадамын сынға алып, Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдап отыр. 

Мәскеуді айыптап отырғандар көп...

Бірінші болып бұл жайтқа қатысты реакциясын Пентагон білдірген еді.

"Біз Ресейдің Украина шығысындағы агрессиясының өршуіне, атысты тоқтату режимінің бұзылуына алаңдаушылығымызды білдіреміз", – деді Кирби.

Кейін Құрама Штаттар Ресейден бұл арандатушылықтың неліктен ұйымдастырылғанын түсіндіруді талап етті. Мемлекеттік департамент өкілі Нед Прайс бұл жағдайда АҚШ Украинаның мүддесін Ресейдің агрессиясынан қорғайтынын басып айтты. Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Руслан Хомчак Мәскеудің шекараға жіберген әскері мемлекеттің әскери қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отырғанын тілге тиек етті.

Еуроодақ та жағдайды бақылауда ұстап отыр

Еуроодақ елдерінің Сыртқы істер министрлері болса, жақын арада "Ресейдің Украина төңірегіндегі әскери белсенділігін" талқыламақ. Боррель әріптесі Дмитрий Кулебамен телефон арқылы сөйлескеннен кейін осындай мәлімдеме жасады.Дипломат Ресейдің әскери белсенділігіне алаңдаушылық білдіріп отырғанын алға тартты.Германия мен Францияның Сыртқы істер министрліктері бұған дейін тараптарды ұстамдылыққа және жағдайды тез арада реттеуге үндеп, атысты тоқтату режимін бұзу жағдайларының көбейгенін мәлім етті. 

Мәскеу тағылған айыптарды мойындар емес...

Ресей СІМ басшысының орынбасары Сергей Рябков АҚШ-тың "Украинадағы шиеленіс барысында Ресей Федерациясы жағдайды тұрақсыздандырып отыр" деген мәлімдемесіне қатысты мәлімдеме жасады. Ол АҚШ Ресейдің "қазіргі әрекетіне" емес, Минск келісімдерін орындамай отырған "Киевтің мінез-құлқына" назар аударуы керек дегенді айтты. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков болса, Ресей өз қарулы күштерін өз аумағында өз қалауы бойынша орналастырады және бұл жайт ешкімді алаңдатпауы керек деп мәлімдеді. Ол сонымен қатар бұның ешқандай қауіп төндірмейтінін алға тартты. Песков Ресей әскерінің Украинадағы қарулы қақтығысқа ешқашан қатыспағанын және қатыспайтынын айтты.

"Соғыс болмайды деп сенімді түрде айту қиын..."

Көршілес қос елдің арасындағы шиеленістің арты соғысқа ұласуы мүмкін бе деген сұрақты inbusiness.kz  қазақстандық саясаттанушы Жұмабек Сарабековқа қойды.

Ол былай деп жауап берді: "Соғыс болмайды, яғни шиеленіс одан сайын өршімейді деп үзілді-кесілді айту қиын. Соңғы уақытта қос елдің арасындағы шиеленіс шарықтау шегіне жеткендей. 2020 жылдың шілдесінде қос тарап атысты тоқтату туралы келісім жасасты. Бірақ ЕҚЫҰ соңғы уақытта келісімді бұзу фактілерінің 10 есе көбейгенін мәлімдеді.Қазіргі уақытта Ресейдің жасап отырғаны – сес көрсету ғана, бұл әрекеттер демонстрациялық сипатқа ие. Шиеленістің өршуінен Киевке де, көршілес мемлекеттерге де, Мәскеуге де келетін залал орасан. Сондықтан дәл қазіргі кезеңде бұл тек Ресейдің сес көрсетуі деп білемін".

Табиғат Нұрболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу