Ресей Украинаға жеткізіліп жатқан қыруар қарудың жолын неге бөгей алмай отыр

12463

Бір Америка жөнелткен қарудың құны Украинаның қорғаныс бюджетінің жартысынан асып кеткен.   

Ресей Украинаға жеткізіліп жатқан қыруар қарудың жолын неге бөгей алмай отыр

Батыс қаруларының Украинаға партия-партиясымен жеткізілуі Ресейдің алғашқы шабуылын тоқтатуға көмектесті және де Украинаның даулы Донбасс аймағы үшін жақындап қалған шешуші шайқаста америкалық, еуропалық әскери жәрдемнің орталық рөл атқаратыны сөзсіз. Ал, Мәскеу бұл тарихи экспрессті тоқтата алмай отыр.

Тек АҚШ-тың бір өзі жөнелткен арсеналдың көлемі айтарлықтай: бронетранспортерлерді қиратуға арналған 12 000-нан астам қару, ұшақтарды атып түсіруге қажетті 1400-дей "Стингер" зымырандары және 50 миллионнан астам оқ-дәрі, тағы басқалар. Бұлардың қатарын өзге мемлекеттер жөнелткен қорғаныс құралдары да толықтырып жатыр.

Сәрсенбі күні Президент Джо Байден Украинаға қосымша 800 млн долларға әскери көмек көрсететінін жариялап, Ресей күштері ақпанда басып кіргеннен бері Киевке беріліп жатқан жәрдемнің көлемін 2,5 млрд долларға жеткізді. Осы жолғы пакетке артиллериялық жүйелер, артиллериялық оқтар, бронетранспортерлер мен пилотсыз басқарылатын қайықтар кіреді.

Байден посткеңестік елге тікұшақтар беруді де мақұлдағанын айтып, Украинаға жөнелтілетін жабдықтардың басқыншылықпен күресте "өте маңызды" екенін атап өтті.

"Біз қазір тыныға алмаймыз. Президент Зеленскийге уәде еткенімдей, Америка халқы бостандық үшін күресіп жатқан ержүрек украин халқымен әрдайым бірге болады", – дейді Байден жазбаша мәлімдемесінде.

Жаңа пакетке 11 дана Ми-17 тікұшағы, гаубицалар, 40 000 артиллериялық оқ,  артиллериялық радарлар, 200 бронетранспортер және 300 "Switchblade" атты "камикадзе-дрондар" кіреді.

Бұндай қолдаулардың арқасында қаруға зәру Украина әскері тез талқандалады деген болжам орындалмады. Сондай-ақ Батыстың жәрдемі Путин жауынгерлерінің Киевті басып алу әрекетін тоқтатты.

АҚШ әкімшілігі мен кейбір сарапшылардың ойынша, Батыс қаруының көрші елдерден, соның ішінде Польшадан құрлықтық жолмен енуіне орыстардың тосқауыл қоя алмауының бірнеше себебі бар. Соның бірі – Ресейдің Украина аспанын толық бақылауға ала алмауы.

Ал Колумбия университетінің халықаралық және қоғамдық істер профессоры Стивен Биддлдің ойынша: "Бұл көмек легін тоқтату оңай емес. Өйткені оқ-дәрілер мен иықтан атылатын зымырандар тәрізді заттарды кез-келген коммерциялық жүк көлігімен тасымалдауға болады. Ондай машиналар Польша -Украина шекарасынан тауармен өтіп жатқан тасымалдаушылардың  кішкене бөлігі ғана. Сондықтан ресейліктер шетелден жеткен қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тауып, жою үшін бір мая шөптің арасынан ине іздегендей еңбек етуі керек" екен.

Осынша көмекпен Украина өзінен әлдеқайда үлкен Ресейді жеңе ала ма? Бұл сауалға әзірге нақты жауап жоқ. Бір анығы – Байден әкімшілігі АҚШ әскерін шайқасқа жөнелтуді қаламай, оның орнына Мәскеуді халықаралық аренада айыптауды күшейтіп, РФ экономикасын санкциялық қысымға алып, Киевті барлау мәліметтерімен қамтамасыз етіп, НАТО-ның шығыс қанатындағы қорғанысты нығайтып, Украинаға қару-жарақ жөнелту жолын таңдап отыр.

Наурыз айының ортасында Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков енді қару-жарақ партиялары нысанаға алынатынын хабарлады.

"Біз Америка Құрама Штаттарының Украинаға бірқатар елдермен бірге қару-жарақ жіберуін қауіпті қадам деп есептейміз және ол конвойлардың заңды нысанаға айналатынын ескертеміз", – дейді Рябков.

Бірақ әзірге ресейліктер қару-жараққа тыйым салуға басымдық бермеген сияқты. Бәлкім, Ресей әуе күштеріне қозғалыстағы колонналарды іздестіріп, оларға шабуыл жасау үшін Украина әуе қорғанысы үлкен кедергі болар.

Дүйсенбі күні ресейліктер Украинаға белгісіз еуропалық ел берген төрт С-300 "жер-әуе" зымыран тасығышын жойғанын хабарлады. НАТО-ның Украинамен шекаралас мүшесі Словакия болса, өткен аптада дәл осындай жүйені Киевке сыйға тартты, алайда оның жойылғанын жоққа шығарып отыр.

Қазір Украинаға таңқаларлық көлемдегі соғыс материалдары мен қару-жарақ күн сайын дерлік жеткізіліп жатыр.

"Украинаның қорғаныс қажеттіліктерін қанағаттандыруға көрсетіп жатқан қолдауымыздың қарқыны мен көлемі бұрын соңды болмаған деңгейде. Байден әкімшілігі қызметке кіріскелі, Киевке берілген әскери көмектің ауқымы Украинаның қорғаныс бюджетінің жартысынан асып кетті", – дейді Пентагонның баспасөз хатшысы Джон Кирби.

Бір ғана мысал. Пентагон Украинаға 5000-нан астам Javelin зымыранын жіберген екен. Олар танктерге және басқа да броньды көліктерге қарсы ең тиімді қарулардың бір саналып, тіпті төмен ұшатын тікұшақтарды да атып түсіре алады. Саңырауқұлақ тәрізді және салмағы 23 келі тартатын бұл қаруды жалғыз-ақ жауынгер ешкімнің көмегінсіз қолдана алады.

Айта кетсек, АҚШ пен басқа да Батыс елдерінің материалдарын Украинаға апару үшін қолданылатын нақты жолдар қауіпсіздік мақсатында құпия сақталып, аталмай отыр,

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу