Ресей ұлтшылдары Украинадағы сәтсіздікке ашулы

3346

Ресейдің мыңдаған жауынгері қаруын тастап Харьков облысынан қашып жатқанда, Мәскеуде үлкен мереке өтіп, от шашу атылды.

Ресей ұлтшылдары Украинадағы сәтсіздікке ашулы

Украина армиясының бас қолбасшысы Валерий Залужнийдің мәліметінше, ел әскері қыркүйектің басынан бері 3 000 шаршы шақырым аумақты ресейліктерден қайтарған. Ал азат етілген 40 шақты ауыл мен қаланың 20-сы соңғы тәулікте Киевтің бақылауына өтті және де украиналық сарбаздар Харковьтің бір ауданында Ресей шекарасына жеткенін жариялады. Бұған қоса, Украина күштері Ресей түгел басып алған Луганск облысының бір ауылын қайтарды.

Британия қорғаныс министрлігінің дерегінше, Ресей Херсон облысында Украинаның қарымта шабуылын тоқтатуға резерв жібере алмай жатыр. Мұндағы Днепр өзенінің батысында Ресейдің мыңдаған жауынгеріне қоршауға түсу қаупі төніп тұр. Өйткені, оларға құрал-жабдық пен өзге көмек жөнелтетін көпірлердің барлығы қиратылған.

Ресей әскері солтүстік-шығыста жоғалтқанын қайтару үшін электр станциялары мен басқа да маңызды инфрақұрылымдарды зымыранмен атқылаған. Соның салдарынан өткен тәулікте  Харьков, Донецк, Суми, Полтава, Запорожье, Днепропетровск облыстарында 9 миллиондай адам жарықсыз қалды. Қазір жергілікті мамандар электр желілерін қалпына келтіріп жатыр.

Қала күні

Жексенбі күні ресейлік ұлтшылдар Мәскеу Украинаның солтүстік-шығысындағы негізгі бекіністерінен айрылғаннан кейін, Президент Владимир Путинді Украинада жеңіске жету үшін соғысқа дереу түпкілікті өзгерістер енгізуге шақырды.

Харьков облысындағы Изюмнен бас сауғалай отырып, Ресей жауынгерлері наурызда Украина астанасы Киев маңынан кері қайтқаннан бергі ең ауыр жеңіліске ұшырады.

Ресейдің мыңдаған сарбазы мен офицері сенбі күні оқ-дәрі қоймалары мен әскери техникасын тастап, Украина қалаларынан қашып жатқанда, Путин Мәскеу саябағында Еуропадағы ең үлкен айналма дөңгелектің ашылу салтанатына қатысқан. Сол күні 1147 жылы құрылған қала күнін тойлау үшін Қызыл алаңда көздің жауын алатын от шашу атылды.

Дегенмен телеграм қосымшасында жарияланған 11 минуттық дауыстық хабарламасында Путиннің одақтасы әрі Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров маңызды жабдықтау орталығы саналған Изюмнан ресейліктердің айырылып қалғанын жоққа шығарды.

Бірақ ол Украинадағы әскери науқанның дұрыс жоспарланбағанын мойындап отыр.

"Егер бүгін немесе ертең арнайы әскери операцияны өткізуге өзгерістер енгізілмесе, ел басшылығына барып, оларға жергілікті жердегі жағдайды түсіндіруге мәжбүр боламын", – дейді Қадыров.

Мәскеудің Харьков облысындағы жеңіліске қатысты мүлде үнсіз отыруы немесе оның Украинаның солтүстік-шығысындағы оқиғаларға берген кез-келген түсіндірмелері әлеуметтік желілерде соғысты жақтайтын кейбір комментаторлар мен ресейлік ұлтшылдардың айтарлықтай ашуын тудырып отыр.

Ресей армиясы өзі басып алған ауылдар мен қалалардан ығыстырылып жатқанда, РФ Қорғаныс министрлігі Харьков облысына қосымша күш жіберілгені туралы бейнежазбаны жариялады. Онда ресейлік күштердің Украина позицияларына әуе десантының күшімен, зымырандармен және артиллериямен соққы бергенін айтылды.

Мәскеу үнсіз

Жексенбі күні түстен кейін Ресей қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы Путин де, Қорғаныс министрі Сергей Шойгу да Украинадағы жеңіліске қатысты ашық пікір білдірген жоқ.

"Біз Мәскеуді мақтан тұтамыз және оның ұлы көнелігіне, заманауи әрі  серпінді де қарқынды тіршілігіне, жайлы саябақтары мен көшелеріне, іскерлік және мәдени іс-шараларына тәнті болып келеміз", – деді Путин мәскеуліктерге жолдаған құттықтауында.

Берлин қабырғасы құлап жатқанда, Шығыс Германияда КГБ тыңшысы болып жүрген Путин "Мәскеу үнсіз" отыр деген сөзді естіп, төбесінен жай түскендей күй кешкен. Осы жолы ол Украинадағы шайқаста қаза тапқан ресейліктердің отан үшін жанын пида еткенін мәлімдеумен шектелді. Қорғаныс министрлігі де Харьков өңіріндегі ахуалға жөнді түсініктеме бермеді.

"Қазір үндемейтін және ештеңе айтпай отыратын уақыт емес... бұл ісімізге кері әсер етеді", – дейді телеграмда "Рыбарь" есімімен жазбалар жариялайтын әскери блогер.

Сенбі күні РФ Қорғаныс министрлігі Харьковтағы әскерлерді Украинаның шығысындағы Донецк облысына "қайта топтастыру" үшін көшіргенін жариялады. Бұл мәлімдеме көптеген ресейлік әскери блогерлердің наразылығын тудырды.

Кремльді қолдайтын кейбір әскери тілшілер мен телеграмда көп оқырман жинаған бұрынғы және қазіргі әскери қызметшілер аталған министрлікті жеңілістерді барынша кішірейтіп көрсетуге тырысып жатыр деп айыптап жатыр.

Жеңіліс пе?

Украинаның Донбассында 2014 жылғы соғысты бастауға көмектескен ұлтшыл содыр және бұрынғы ФСБ офицері Игорь Гиркин Харковь облысындағы майдан шебінің бұзылуын 1905 жылғы Мукден шайқасымен салыстырды. Сол орыс-жапон соғысында Ресей патшалығы сұмдық жеңіліске ұшырап, Ресейде 1905 жылғы революцияның басталуына түрткі болған еді.

Қорғаныс министрі Шойгуды "картон маршал" деп атаған Гиркин Ресей бүкілхалықтық мобилизация жарияламаса, Украинада жеңіліске ұшырайтынын бірнеше рет айтты.

Әскери сәтсіздікке ұлтшылдардың ызалануы Кремль үшін батысшыл либералдардың сынынан әлдеқайда үлкен проблема. Сауалнамалар көрсеткендей, халықтың көбі  Мәскеудің "арнайы әскери операциясын" әлі қолдап отыр.

Харьковтағы әскер  ұтылып жатқанда Мәскеу күні көше кештерімен, концерттермен аталып өтуі тіпті Ресейдің тілалғыш парламентіндегі кейбір фракцияларды да ашындырды.

Номиналды оппозиция болса да Путинге бағынышты "Әділ Ресей" партиясының жетекшісі Сергей Миронов твиттерде жазба жариялап, Украинадағы әскери жағдайды ескере отырып, мереке құрметіне арналған отшашуды тоқтату керектігін мәлімдеді.

Танымал әскери тілші Семён Пегов болса, Telegram-да қайта жариялаған бір хабарламасында Мәскеудегі мерекелерді "қорлық" деп атап, Ресей билігінің кең ауқымды соғыстан бас тартуын "шизофрения" деп сипаттады.

"Ресей жаңа саяси элитаның тууы арқылы өзімен-өзі қалады... немесе ол өмір сүруін тоқтатады", – дейді Пегов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу