Кешелі бері айырбастау бекеттерінің таблосына көзі түскен қазақстандықтар қайран қалса керек. Себебі, кейбір орындарда РФ валютасы 6,5 теңгеден де арзан сатылды. Өз кезегінде Қазақстанның Ұлттық банкі де биржадағы сауда қорытындысы негізінде, 1 ресейлік рубль 6,48 теңгеге тең деген ресми бағам белгіледі.
Биыл рубль қымбаттау жөнінен рекорд орнатып, KASE қазақстандық қор нарығында 2022 жылғы 29 маусымда 9,14 теңге асуын бағындырып қайтқанын ескерсек, бұл шынымен назар аударарлық құлдырау болып табылады.
Оның себебі неде?
Әрине, тура екі жыл бұрын, 2020 жылғы желтоқсанда РФ рублі 5,6 теңге ғана тұрыпты. Бәлкім, әлі де соған дейін құлауы мүмкін. Бәлкім, көршінің сабан ақшасын одан да төмен құрдым күтіп тұруы ықтимал.
"РФ рублі қазіргі кезде әлемдегі ең құнсыз валюта саналады. Оны алудан тіпті Ресейдің ең жақын серіктестері де бас тартуда. Мысалы, жақында бірнеше қазақстандық кәсіпорын ресейлік контрагенттерінен рублмен есеп айырысуды тоқтатты. Экспорт әрине, тоқтаған жоқ. Райффайзенбанк арқылы өзге валютада есептесу жолдарын қарастыруда. Жалпы, болашақта рубльді бәрібір, алапат құнсыздану күтіп тұр. Рубль күйреудің шебері ғой. Былайғы жұрттың көбісі біле бермес, 90-шы жылдары рубльдің бір күнде 21 рет девальвацияланған кезі болған. Кеңес кезінде рубль жасанды түрде шектен тыс жоғары бағаланып келді. Мысалы, 1 доллардың бағамы 56 копейка деп белгіленетін. Ал 1992 жылғы 1 шілдеде Ресей банкі (бізше Ұлттық банк) рубльді еркін айналымға жібергенде, оның құны 223 есе арзандады. Бұл сабан ақшаның шынайы құны қанша екенін жұрт сонда білді. Тарих қайталанады. Әсіресе, Ресей қайталауға әуес", – деп сақтандырды экономист Марат Ерғозин.
Сондықтан оның байламынша, "Рубль – алтынмен қамтамасыз етілген әлемдегі ең сенімді валюта" дейтін ресейлік пропагандаға сеніп, рубль сатып алып жүрген қазақстандықтар ойланғаны жөн.
Сарапшының байламынша, бүгінде рубльдың құлдырауына бірнеше фактордың комбинациясы ықпал етті. Соның ішіндегі ірілерінің бірі – Ресейде экспорттың құлдырап, импорттың артуы. Тиісінше, шетелден келетін валюта арнасы сұйылды, ал ел ішінде долларға сұраныс қайтадан арта бастады.
Тағы бір маңызды фактор: Еуропалық Одақ РФ бюджетін толтырып отырған басты экспорттық тауарларына, яғни мұнайы мен газына баға шектеуін енгізді. Салдарынан, солтүстік көрші бұл шикізаттарын үлкен дисконтпен, өзіндік құнына жақын бағаға сатуға мәжбүр. Үшіншіден, РФ Орталық банкі бюджет тапшылығын жабу үшін станокты қосып, еш қамтамасыз етілмеген рубльді триллиондап басуға кірісті.
Осыдан бір апта ғана бұрын Ресейде доллар 64,3 рубль тұрған. Ал 21 желтоқсанда АҚШ валютасы 73,2 рубльге дейін қымбаттап шыға келді. Ол кезде Қазақстанда рубль құны 7,05 теңгеге тең еді. Яғни, теңге рубльге қатты тәуелді болғанда, елімізде девальвация болып, доллар 516 теңге межесіне дейін жететін еді. Оның орнына бізде рубльдің құны түсті.
"Есін жиса" керек, енді Мәскеу биржасында РФ валютасының құны 1 долларға шаққанда 68–69 рубльге дейін нығайды. Дегенмен, ресейлік сарапшылар да рубльдің құлдырауы жалғасады деп болжап отыр.
"Жарты жылға жуық уақыт бойы рубль өзіне мүлдем тән емес тұрақтылықты паш етті. Алайда тымық кезеңі аяқталғанға ұқсайды. Валюта нарығындағы бірнеше айға созылған тепе-теңдік бұзылды, рубль бірте-бірте әлсірей бастады. Ал осы аптаның басында құлдырау қарқыны күрт артып, ол соңғы жартыжылдықтағы максимумды жаңартты", – деп жазады Novaya Gazeta Europe.
Ресейлік "Финам" қаржылық тобының инвестициялық сарапшысы Тимур Нигматуллиннің түсіндіруінше, 2022 жылға дейін, яғни еркін айналымда болған шақта, рубльдің құлдырауына екі басты фактордың бірі түрткі болатын: біріншісі – валютаға деген сұраныстың тосыннан күрт артуы. Бұл қандай да бір ірі ресейлік компания шетелден аса ауқымды импорт әкелуге кіріскенде, немесе әлдебір бейрезидент компания Ресейдегі активтерін сатып, оны шетелдік валютаға айырбастап, капиталды сыртқа шығарғанда туындаушы еді.
Екіншісі – биржада шетелдік валюта ұсынысының аз болуы. РФ Орталық банкі валюталық интервенция саясатынан бас тартқандықтан, бұл жағдай валюта тапшылығына соқтыратын.
"Бүгінде осы екі тетік те жұмыс істемейді. Шетелден импорт таситын компаниялар саны күрт қысқарды. Кейбір импорт көрші елдер арқылы рубльмен сатып алынады. Бұрынғыдай, долларға ішкі сұраныс көп емес. Бейрезиденттер де капиталдарын шығарып әкете алмайды, өйткені шетелдік компаниялардың есепшоттары бұғатталып тасталған. Сонымен бірге РФ Орталық банкінің алтын-валюталық резервтеріндегі қаражаты да бұғаттаулы жатыр. Экономиканы жандандыру үшін Орталық банк рубльді бір түнде девальвациялай алмайды, оның тетігі жоқ. Рубль тек нарықтағы сұраныс пен ұсыныс балансына қарай өз бетінше құнсыздануда. Бұған мысалы, импорттың біртіндеп жандана бастауы әсер етті. Ал батыстың өтпелі кезеңдері аяқталып жатқан санкциялары ресейлік экспортте тұншықтыруға кірісті. Бұл да рубльдің құнын жоғалтуына себепкер", – деді Тимур Нигматуллин.
Егер соғыс тоқтап, Ресейде қаржылық, экономикалық тетіктер қайта іске қосылса, онда рубль девальвациясы үлкен қарқынға ие болуы ықтимал.
"Алор Брокер" бас сарапшысы Александр Антоновтың пайымдауынша, "экспорттың құлдырауы – рубльдің әлсіреуінің басты себебі" саналады.
"Батыстық санкциялар Ресейді өз шикізаттарын, соның ішінде мұнай, газды үлкен жеңілдік-дисконтпен сатуға мәжбүрледі. Бұл федералдық бюджеттегі экспорттық табыстардың күрт азаюына соқтырды. Яғни, жыл басынан бері байқалған валюталық түсімдердің орасан зор тасқыны қазір жоқ. Рубльдің құлдырауына желтоқсандағы "тар нарық" деп аталатын фактор да серпін берді: жыл соңында компаниялар қаржылық жылды аяқтайды, бюджеті азайып, ақшаны үнем қылады, сөйтіп, нарықта сатып алушылар мен сатушылар саны қысқарады. Сол себепті активтердің ликвидтілігі азаяды. Ликвидтілік-өтімділіктің төмендеуі бұрыннан рубль құнының төмендеуіне әкелетін. Өйткені биржада оны сатып алуға өтініштер кемиді. Осының бәрі қосылып, РФ валютасы бағасының төменге бет қоюына ықпал етті", – деді Александр Антонов.
Бірқатар ресейлік, шетелдік сарапшылар дәл қазір, қысқа мерзімді кезеңде рубльдің үлкен девальвацияға душар болатынына сенбейді. Оның үстіне РФ үкіметі компанияларды валюталық түсімдерінің қомақты бөлігін биржада сатып, рубльге айналдыруға, сөйтіп, РФ ұлттық валютасына қолдау көрсетуге міндеттеп жатыр.
Бірақ болашақта рубль кезекті рет түк құны жоқ сабан ақшаға айналып шыға келуі ғажап емес. Ресейлік Форбс мұны "Отложенная девальвация" деп атады.
Ресейді дәл сол сияқты батыстың санкциялық қыспағында қалған Иранның жағдайымен салыстыруға болады. Алғашқы ауыр санкциялар енгізілгенге дейін, 1979 жылы 1 доллар 70 Иран риалына тең болыпты (бүгінде рубль сияқты). Содан бері тек девальвацияланумен келеді. 2010 жылы 1 доллар 10 мың Иран реалына барабар болды. 2013 жылы 1 доллардың құны 25 мың реалға жетті. Ал 2022 жылғы 21 желтоқсандағы бағам бойынша Иранда 1 доллар 41 700 реалға дейін қымбаттады.
Қорыта айтқанда, егер санкциядан аман болса, қазақтың ұлттық валютасы Ресей валютасынан анағұрлым құнды болатын дәрежеге жетуі мүмкін. Бірақ бұл – болашақтың еншісі.