Ресей жауынгерлері Макеевкада қалай қырғынға ұшырады?

1658

РФ қорғаныс министрлігіне сенсек, қанды оқиғаға сарбаздардың ұялы телефонды жаппай қолдануы себеп болған.   

 Ресей жауынгерлері Макеевкада қалай қырғынға ұшырады? Фото: reuters.com

Қаңтардың 1-інде Украинаның Ресей бақылауындағы Донецк облысындағы кәсіптік-техникалық училищесіне зымыранмен алапат шабуыл жасалды. Сол сәтте ғимаратта таяуда ғана мобилизация бойынша әскерге шақырылған жүздеген ресейлік жауынгер болған. Бұл – РФ армиясының көрші елдегі бір жылға жуық соғысындағы ең қанды оқиғаларының бірі.

Ол туралы не білеміз, нені білмейміз?

Не болды

2014 жылдан бері ресейшіл күштердің бақылауында болған Донецк облыстық орталығымен туысқан қала - Макеевкадағы №19 кәсіптік-техникалық училищеге зымыран соққысы жаңа жыл түні - сағат 00:01-де болды.

Ресей қорғаныс министрлігі Украинаның АҚШ-та жасалған алты HIMARS зымыранымен училищені атқылағанын хабарлап отыр. Ал, Самара облысының губернаторы мерт болған сарбаздардың көбі – өзінің жерлестері екенін атап өтті.

Әлеуметтік желіде тараған расталмаған кадрларда Макеевка тұрғындарының Ресей президенті Владимир Путиннің түн ортасында сөйлеген сөзін тыңдаған сәтін және жақын маңға зымыран түскенде олардың қаша жөнелгені көрсетілді.

Шығын

Зардап шеккендер туралы мәліметтер әртүрлі. Ресей қорғаныс министрлігіне сенсек, дүйсенбі күнгі соққыдан 89 сарбаз қаза тапқан. Сонымен қатар, осы министрлік Макеевкадағы шабуылды 528 сөзден тұратын мәлімдемесінің соңғы абзацында және қанды қырғыннан кейін 36 сағат өткенде ғана мойындады.

Ресей өз құрбандарының санын үнемі төмендетіп көрсетуге тырысады. Мәселен, сәуірде "Москва" крейсері құрдымға кеткенде тек бір адамның қаза тапқаны жария етілді.

Украинаның дерегінше, Макеевкадағы училищеде 400-ге жуық адам мерт болды. Осыған ұқсас мәліметтерді Кремльге жақтас әскери блогерлер де таратып жатыр.

2014 жылы Донбастағы алғашқы соғысты бастауға себепкер болған ФСБ-ның бұрынғы офицері Игорь Гиркин өзінің Telegram-каналында "жүздеген" адамның жан тәсілім еткенін және жараланғанын хабарлады. Ол қираған ғимараттарда оқ-дәрілер мен әскери құрал-жабдықтар сақталғандықтан, жарылыстың күші жойқын болғанын айтып, орасан адам шығыны үшін Ресейдің "дайындығы жоқ" генералдарын кінәлады.

"Вагнердің" жалдамалы отрядтарымен байланыстағы Grеy Zone Telegram арнасы болса, ракеталар тигенде, кәсіптік-техникалық мектеп кешенінде 500-ге жуық адам болғанын айтады.

Әлеуметтік желіде тараған және Reuters геолокациясын анықтаған кадрларда аталған училищенің кеңестік дәуірде салынған ғимараттарының жермен-жексен болғанын байқауға болады.

Жан айқай

Ресейдегі ең маңызды мереке - Жаңа жылда жасалған алапат шабуыл РФ-да үлкен резонанс тудырды.

Донецктегі мәскеушіл шенеуніктерге сілтеме жасап, ТАСС мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлағандай, украин күштері ресейлік ұялы телефондар арқылы әскерилердің орналасқанын анықтай алған. Бұл мәлімдеме ресейлік әскери блогерлерді қатты ызаландырып отыр.

"Біз күткендей, Макеевка оқиғасы үшін бар кінә мобилизацияланған сарбаздардың өздеріне жабыла бастады. Көрдіңіздер ме, олар телефондарын қосып, көзге түсіп қалыпты-мыс", - деп жазды Telegram-дағы Wagner Group жалдамалы жасағымен байланыстағы Grеy Zone арнасы.

Әрі қарай Grеy Zone командирлерді артиллериялық шабуылдардан қирайтын ғимараттарға көптеген сарбазды орналастырғаны үшін де айыптады.

Ресей парламентіндегі Кремльге адалдығымен танымал партияның жетекшісі Сергей Миронов болса, Telegram желісіндегі жазбасында бұл соққының артында "сатқындық немесе қылмыстық салғырттық" тұрғанын анықтау үшін тергеу жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуға шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу