Ресейде арақ саудасын шектеу мәселесі қарастырыла бастады

615

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, РФ дәстүрлі түрде Еуропада алкогольді тұтынудан ең жоғары көрсеткіштермен алда тұр.

Ресейде арақ саудасын шектеу мәселесі қарастырыла бастады Фото: Евгений Разумный, Ведомости/ТАСС

Ресейдің Вологда облысының депутаттары алкогольдік ішімдіктерді сатуды жұмыс күндері екі сағаттық мерзімге шектеуді ұсынды. Өйткені жергілікті губернатордың мәлімдеуінше, өлім-жітім туралы  статистикасындағы "сұмдық" көрсеткіштер осы мәселеге тікелей байланысты.

Вологда губернаторы Георгий Филимоновтың айтуынша, аймақтағы еңбекке жарамды жастағы ер адамдар арасындағы өлімнің 71%-ы алкогольдік ішімдіктің әсерінен болады екен. Олардың арасында бауыр циррозы мен жүрек ауруынан қайтыс болғандар көп.

"Бір жылдың ішінде маскүнемдікке шалдыққандар саны 30%-ға артқан. Бұл сұмдық көрсеткіш", – деді ол өзінің Telegram-каналына жариялаған сегіз минуттық үндеуінде. Сондай-ақ, облыс басшысы жергілікті депутаттар қарастырған заң жобасын қоғамдық денсаулыққа шұғыл араласу ретінде сипаттады.

"Жерлестеріміз өліп жатқанда біз бейжай отыра алмаймыз. Егер халық соғыстағыдай қырылып жатса, олардың орнын кім толтырады?", – дейді Филимонов.

Жергілікті заң шығарушы органда талқыланып жатқан жоба бойынша дүкендерде алкогольді тек түскі сағат 12:00-ден  14.00-ге дейін сатуға рұқсат беріледі. Бірақ жаңа ереже демалыс күндері мен мерекелік сатылымдарға әсер етпеуі керек. Егер заң қабылданса, бұл шектеулер келесі жылдың 1 наурызында күшіне енеді.

Ресейде демографиялық мәселелер Украинада соғыс жүріп жатқан уақытта бірінші орынға шықты. Ал өткен айда жарияланған ресми деректерге жүгінсек, бұл мемлекетте туу көрсеткіштері соңғы ширек ғасырдағы ең төмен деңгейге дейін құлдырап кеткен.

Ресми статистика бойынша, өткен жылы ресейліктердің орташа өмір сүру ұзақтығы 73,1 жасты құрады. Сол жылғы "Еуростат" деректері Еуропалық Одақ елдерінің азаматтары орта есеппен 81,5 жыл өмір сүретінін көрсетіп берді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, Ресей әдеттегідей Еуропада алкогольді тұтынудан ең жоғары көрсеткіштермен алда тұр. Айта кетсек, ресейлік және кеңестік лидерлер бұған дейін ішімдік ішу әдеттерін өзгертуге тырысты, бірақ айтарлықтай үлкен нәтижеге қол жеткізе алмады.

"Болашақ ұрпақтың денсаулығына, экономикаға, қоғамдық, әлеуметтік және мәдени өмірімізге орны толмас зиян келтіріліп жатыр. Ал мұның бәрін соғыста емес, бейбіт заманда көріп отырмыз", – дейді Филимонов.

Сәрсенбіде РФ парламенті төменгі палатасының депутаты мемлекеттік  бұқаралық ақпарат құралдарына сұқбат беріп, бүкіл Ресей аумағында алкогольді сатуды біртіндеп шектеуді қолдайтынын айтты. Бірақ Кремль мұндай шектеулердің федералдық деңгейде қарастырылмағанын мәлімдеп отыр.

2010 жылы Ресейдің сол кездегі премьер-министрі Владимир Путин алкоголь сату мен өндіруге шектеу қою, салықты арттыру және жарнаманы да шектеу жайлы құжатты бекітті.

Ресейдің соңғы императоры Николай II патша 1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып жатқанда көптеген мекемелерде арақ сатуға тыйым салды.

Дегенмен, арада 11 жыл өткенде, яғни, 1925 жылы Иосиф Сталин бұл тыйымды алып тастап, мемлекеттік қазынаны толтыру үшін араққа монополия жүйесін қайта енгізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу