Онда Ресейде үшінші жыл қатарынан бидай шығымдылығы аз болады. Бұл туралы Bloomberg жазды.
Бұған дейінгі жылдары егістіктерінен рекордтық мол бидай жинаған Ресей жаһандық нарықтарды аузы-мұрнынан шығара толтырып, бағаның қатты құлдырап кетуіне түрткі болған еді.
Енді табиғаттың қаһарына қалса керек, солтүстік көршінің астығының азаюына қайта-қайта ауа райы кері ықпал етіп жатыр. Bloomberg жазуынша, жауын-шашынның биыл тым аз болуы Ресей егістерінің жаппай қурап қалуына соқтырған.
Осы жағдай келесі жылы да жалғасуы мүмкін. SovEcon консалтинг компаниясының болжамынша, Ресей 2025 жылы 80,1 миллион тоннадай ғана бидай өндіреді. Бұл – 2021-2022 жылдар кезеңінен бергі ең төменгі көрсеткіш болмақ. Bloomberg агенттігінің сарапшылары бұған қуанудың қажеті жоқтығын айтады.
"Ресейде бұрын-соңды болмаған орасан зор көлемде жиналған астық соңғы жылдары бидай жеткізілімдеріне қатысты проблеманы азайтуға көмектескен еді. Себебі, АҚШ пен Еуропа сияқты егін өсірудің басты өңірлерін қуаңшылық басып, егіннің шығымдылығы төмен болды. Сонда халықаралық нарыққа арзан ресейлік бидайдың көп төгілуі 2022 жылы рекордтық шырқау шегіне жете бастаған бағаны төмендетуге септесті және әлемдік нарықтарға ары қарай қысым көрсетуін жалғастырды", – деп хабарлады агенттік.
Алайда биылғы құрғақ ауа райы Ресейде егіс алқаптарының қарқынды кемуіне соқтырды. Бұл келесі маусымда да нарықтағы бидай ұсыныстарының құлдырауына, бағаның өсуіне әкелуі мүмкін.
Бұған қоса, жаһан жұртшылығын асырап келген ірі аграрлық елдің бірі – Украинада фермерлердің ахуалы күрделенді. Бір жағынан, Украинаның ең басты астықты өңірлері жау қолында қалды. Азат етілген өңірлері шектен тыс миналанған (бүгінде Украина әлемдегі территориясы ең көп миналанған №1 елге айналды). Оларды аграршылар қолдан жасаған минасыздандыру техникаларымен өз бетінше тазартуға тырысуда. Зардап шеккен адамдары жетерлік.
Сонымен қатар, ер-азаматтардың жаппай мобилизацияланып, соғысқа алынуы салдарынан украиналық ауыл шаруашылығы өндірушілері жұмыс қолының тапшылығынан жапа шегуде.
Ресейлік егіншілер болса, биылғы орақ науқанына тым кеш кірісті. Кейбір өңірінде қар түсіп жатқанына қарамастан, егін ору жұмыстары жалғасуда.
Ресейлік SovEcon сарапшылары Ресейде 2024 жылы 81,5 миллион тонна ғана бидай орылады деп болжады.
Салыстырсақ, Росстат дерегінше, ресейлік диқандар 2022 жылы таза салмақта 104,4 миллион тонна бидай жинады. 2023 жылы бұл көрсеткіш 92,8 миллион тоннаға дейін төмендеді.
"СовЭкон" аналитиктерінің айтуынша, 2024 жылы Ресейде 81,5 миллион, ал, 2025 жылы – 80,1 миллион тонна ғана бидай қамбаға құйылмақ. Демек, 1,4 миллион тоннаға кемиді. Бұл кейінгі бес жылдағы орташа көрсеткіштен (88,1 миллион тоннадан) де көп төмен.
Сарапшылар ресейлік егін шаруашылығын құрдымға бірқатар фактор итермелеп жатқанына назар аудартады. Біріншіден, Ресейдің басты астықты өңірлеріне жататын бірнеше аймағын ұзақ уақытқа созылған құрғақшылық жайлауда.
Екіншіден, Украина сияқты Ресейде де ауыл шаруашылығы жұмыс күшінің өткір тапшылығына тап болды. Өйткені аяқ-қолы балғадай ер-азаматтардың үлкен бөлігі ерікті түрде немесе мобилизациямен соғысқа кетті. Бір бөлігі шетелге қашты. Қалғандарын не жоғары жалақымен әскери-өнеркәсіптік кешен – ұрыс техникасын, оқ-дәрілер мен дрондарды жасайтын зауыт-цехтар өзіне тартып алды, немесе олар ішімдікке салынып, жұмысқа жарамсыз жағдайға жеткен.
Үшіншіден, ресейлік сарапшылар түрлі химиялық препараттар, фунгицидтер, гербицидтер, инсектицидтер және өзгесін сатып алып, өсімдікті қорғау саласына қаржы құюға фермерлердің ынтасы жоғалғанын хабарлады.
Сондай-ақ солтүстік көршіде кредит құны удай қымбат. Ресей Банкі (бізше Ұлттық банк) басты ставканы (бізше базалық ставка) 19,00%-ға дейін көтерді. Бір жыл ішінде оның көлемін 8 рет қайта қараған екен. Алда 20 пайызға дейін өсіруді қарастыруда. Салыстырсақ, Қазақстанда Ұлттық банк базалық ставканы 14,25%-ға дейін түсірді.
Сондықтан Ресейде банктер және кредиттік ұйымдар аграршыларға несиені орта есеппен 33 пайыздық сыйақы ставкасымен береді. Ауыл шаруашылығының рентабельділігі мұнша қымбат кредитті қайтаруға жарай бермейді.
Бұдан бөлек, Ресейге қарсы дамыған елдер және олардың серіктестері енгізген халықаралық санкциялардың салқыны агроөнеркәсіп кешеніне де тиіп отырғаны жасырын емес.
Жалпы алғанда, Ресейде Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамынша, 2024 жыл қорытындысында 132 миллион тонна дәнді дақыл жиналады деп жоспарланған. Салыстырсақ, 2022 жылы бұл көрсеткіш 157,6 миллион, 2023 жылы – 144,9 миллион тонна болды. Осылайша, солтүстік көршіде барлық дәнді дақылдар бойынша астық күрт азайып кетті.
Бірақ бұл жоспар төмендеу жағына қарай қайта қаралуы мүмкін. Өткен аптада Ресей Ауыл шаруашылығы министрі Оксана Лут Украина әскерлерінің Ресей территориясына кіруіне байланысты "контртеррористік операция" (КТО) жариялануы салдарынан Курск, Брянск, Белгород облыстарында, сондай-ақ қолайсыз ауа райына байланысты Сібірде егін толыққанды жиналмай қалғалы тұрғанын жеткізді.
Табиғат Ресейді оңдырмайын деп тұрғандай. Ресей астық одағының басшысы Аркадий Злочевский биылғы мамырда бірнеше өңірді тосыннан суық ұруы салдарынан себілген дәннің үлкен бөлігі шіріп кеткенін жеткізді. Қолайсыз ауа райына байланысты ресейлік аграршылар жалпы алғанда күздік бидайдың 15-30%-ынан айрылып қалыпты.
Сондықтан кеше Федералдық антимонополиялық қызмет әлеуметтік маңызды тауар ретінде нан бағасына қатысты өңірлердің бәрінде бағалық келісім бекітілетінін хабарлады. Тиісті жобасы пысықталып жатқан көрінеді. Келісімге сәйкес, шаруашылық субъектілері – өндірушілер мен сатушылар мемлекеттен еш өтемақы алмай, нан, сүт және сарымай бағасын көтермей, қатырып ұстауға міндеттеме алады. Өйткені тіпті ресми статистика бойынша жыл басынан бері қара және ақ нан тиісінше 11,11% және 11,22%-ға қымбаттаған. Кейбір жерде бірнеше есе көтерілгені байқалды.
Дәл осы кезде Қазақстан биыл кезекті тарихи рекордқа қол жеткізді: 26,5 миллион тонна астық бастырылды. Бұл – ескіше айтқанда 1 миллиард 617,7 миллион пұт астық!
Ауыл шаруашылығы министрлігі келтірген деректерге сәйкес, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 23,3 млн гектарды құрады, оның 16,7 млн гектарына дәнді дақылдар егілді. Дала жұмыстары 99,7%-ға аяқталды. 26,5 млн тонна астық бастырылды.
Премьер-министр Олжас Бектенов биыл көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізу үшін қажетті шаралардың барлығы қабылданғанын атап өтті. Мәселен, саланы жеңілдікті қаржыландыру көлемі алғаш рет рекордтық 580 млрд теңгеге дейін жеткізілді.
Бұл қаражат егіншілерді тікелей несиелендіруге, пайыздық мөлшерлемені арзандатуға және форвардтық сатып алуға бағытталды. 2025 жылы қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы техникасын лизингпен сатып алуға 120 млрд теңге тартылды. Диқандар тұқыммен, тыңайтқыштармен қамтылды.
Сауда және интеграция мен Ауыл шаруашылығы министрліктерінің алдына өндірілген өнімді өткізу міндеті қойылды. Астықты дәстүрлі нарықтарға – Орталық Азия елдеріне, Ауғанстанға, импорттың өсуі болжанатын жаңа нарықтарға – Пәкістан, Индонезия, Бразилия және Малайзияға жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды. Астықтың шамамен 12 миллион тоннасын шетелге экспорттау жоспарланған.
Осыған байланысты Көлік министрлігіне "Қазақстан темір жолы" компаниясымен бірге үздіксіз тасымалды ұйымдастырып, вагондармен қамтамасыз етудің нақты кестесін бекіту жүктелді.