Ресейде басталған алапат дағдарыс көршілеріне де қиын тигелі тұр

520

Ресейдің отын жүйесі күйреу қарсаңында: Украина соққылары елдегі бензиннің 55%-ын өндіретін мұнай өңдеу зауыттарын істен шығарды.

Ресейде басталған алапат дағдарыс көршілеріне де қиын тигелі тұр Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Ресей мұнай өңдеу зауыттарына (МӨЗ) жасалған украиналық дрондардың бұл жолғы шабуылдары бұрын-соңды болмаған ауқым мен қарқынға ие. Оның тарихтағы ең қуатты толқыны мұнай өңдеу өндірісінің тоқырауына, жанармай құю бекеттерінде жаппай кезек қалыптасуына және энергетикалық жүйеде ауқымды күйзеліс қаупінің күшеюіне әкелді, деп жазды inbusiness.kz.

Енді қарсыластың ұшқышсыз аппараттары тек ресейлік МӨЗ-дердің өзін ғана емес, оларды шикізатпен қамтамасыз етуге және дайын отынды сақтап, тасымалдауға жауапты барлық инфрақұрылымдық тораптарды да талқандауға кірісті.

Қарашадағы мұнай соғысы: Ресейдегі 11 МӨЗ бен бүкіл мұнай инфрақұрылымы шабуылға ұшырады

Украина 30 қазанда бастаған Ресейдің мұнай өнеркәсібіне қарсы жаңа әрі ауқымы сұрапыл дрон-шабуыл науқанын өрістетті. Шабуыл географиясы Уфа мен Нижний Новгородтан бастап, Қазақстанға жақындау Омбы, Волгоград пен Ленинград облысына дейін тарады.

Алайда бұл науқанның басты ерекшелігі келтірілген залалдың сипатында. Бұған дейін дрон соққысынан кейін МӨЗ аумағындағы жекелеген нысандар немесе мұнай сақтайтын резервуарлар бүлінетін. Мұндай жағдайда зауыттар салыстырмалы түрде қысқа мерзімде жұмысын қайта жандандыра алатын.

Енді өндірістік қондырғылардың өзіне тікелей соққы жасалып жатыр. Бұл – мұнай өңдеуге және дайын отын өндіруге мүмкіндік беретін күрделі технологиялық жабдықтар. Мұндай қондырғыларды қалпына келтіру ұзақ жөндеу жұмыстарын, арнайы жабдықтарды жеткізуді және технологиялық үдерістерді іс жүзінде қайта жолға қоюды талап етеді.

Бірнеше аптаның ішінде РФ-тің 11 мұнай өңдеу зауыты, сондай-ақ мұнай айдау станциялары, мұнай терминалдары мен көлік инфрақұрылымының бірқатар нысаны шабуылданды. Бұл Ресейдегі бензин, дизель отыны мен авиакеросин нарығына төнген қауіптің мүлде жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді.

Осы шабуыл науқанының ең резонансты оқиғалары мынадай:

31 қазан – "Башнефть-Новойл", Уфа. Жаңа шабуыл маусымының "шымылдырығын ашқан" алғашқы кәсіпорынның бірі. "Роснефть" құрылымына кіретін бұл зауыт жылына шамамен 7,3 млн тонна мұнай өңдей алады. Оны қирату Украина соққыларының Башқұртстандағы мұнай өңдеу инфрақұрылымына қарай кеңейгенін көрсетті.

1 қараша – НОРСИ, Нижегород облысы. Дрондар "Лукойлдың" жылына 17 млн тоннадай қара алтын өңдеуге қауқарлы ірі зауыттарының біріне шабуыл жасады. Бұл – Ресейдегі бензин өндіру көлемі жағынан екінші алып кәсіпорын. НОРСИ елдің орталық өңірлерін, соның ішінде Мәскеудің өзін бензинмен қамтиды. Салдарынан, осы өңірлерде жанармай жеткізуде іркілістер басталып, автожанармай бекеттерінде кезек көбейді.

3 қараша – "Славнефть-ЯНОС", Ярославль. Жылына шамамен 15 млн тонна мұнай өңдейтін зауыт шабуылға ұшырады. Куәгерлер кәсіпорын аумағында алапат өрт шыққанын хабарлады. OSINT-зерттеушілер өнеркәсіптік аумақтың бүлінгенін көрсетті. Бұл – Ресейдің орталық бөлігін мұнай өнімдерімен қамтамасыз ететін маңызды кәсіпорындардың бірі.

5 қараша – Рязань МӨЗ (жылына 17 млн тоннадай). Бұл шабуыл "Роснефттің" ең талмау жеріне тиген кезекті тоқпақ. Көршінің көшбасшы кәсіпорны бұған дейін де бірнеше рет шабуылға ұшырап, өндірісін тоқтатты, оны қалпына келтіруде қиындықтарға тап болған. Әзер деп іске қосылғанда, қарсылас қайта ұрды.

6 қараша – Афипск МӨЗ (7,2 млн тонна), Краснодар өлкесі. Бұл кәсіпорын да дрондардың бірнеше мәрте нысанасына айналған. Қайта соққы оның ұзақ уақытқа жұмыс істемей қалу қаупін арттырды.

7 қараша – Саратов МӨЗ. Шабуылдан кейін мұнай өңдеу кәсіпорны аумағында ірі өрт шыққаны хабарланды.

9 қараша – КИНЕФ, Кириши, Ленинград облысы. "Сургутнефтегазға" тиесілі, жылына 20–21 млн тонна мұнай өңдейтін бұл зауыт Ресейдегі жалпы мұнай өңдеу көлемінің шамамен 7%-ына ие. Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко өнеркәсіптік аймақта дронның нысанаға тигенін растады. Куәгерлер қуатты жарылыстар және өрт туралы хабарлады. Таяудағы көпқабатты үйлердің тұрғындары эвакуацияланды. Зауыт Ресейдің солтүстік-батысын мұнай өнімдерімен жабдықтайды.

11 қараша – Омбы МӨЗ. Кәсіпорынның жылдық қуаты 21 млн тоннадан асады. Ол Украина шекарасынан шамамен 2500 шақырым қашықтықта, Қазақстанның іргесінде орналасқан. Шілде айында зауыт мұнай өңдеуді толық тоқтатуға мәжбүр болған еді. Ресейдегі осы ең ірі МӨЗ-ге жасалған қайталама шабуылдар елдің мұнай өңдеу саласын айтарлықтай дағдартып тұр.

12–13 қараша – Волгоград МӨЗ (жылына 15 млн тонна). Украина қарулы күштерінің мәлімдеуінше, бұл кәсіпорын Ресей әскерін, әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелерін және Қара теңіз флотын отынмен қамтамасыз етуде стратегиялық маңызға ие. Украина Қарулы күштері Бас штабының дерегінше, мұнда мұнайды бастапқы өңдейтін бірден төрт қондырғы – АВТ-1, АВТ-3, АВТ-5 және АВТ-6, сондай-ақ гидротазарту қондырғысы, мұнайды құю-төгу эстакадасы және әрқайсысының сыйымдылығы 2000 текше метр болатын алты резервуар зақымданған. Қаза тапқандар, жараланғандар бар екені хабарланды. Украина осы МӨЗ-ді толық құртпай, тынбауға бекінген.

13 қараша – "Самара" ЛПДС, Самара облысы. Просвет кентінің маңындағы "Самара" желілік өндірістік-диспетчерлік мұнай айдау станциясы шабуылға ұшыраған. Бұл – Ресей мұнайының ірі ағындары өтетін "Транснефть" жүйесіндегі маңызды торап. Станция шикізатты қабылдау, сақтау және ары қарай тасымалдау үшін пайдаланылады. Спутниктік суреттер резервуарлар паркінің жойылғанын паш етті.

Бұл станцияның маңызы айрықша. МӨЗ мұнайды өңдесе, мұндай нысандар оны қажетті жерге жеткізіп береді. Олардың жұмысының бұзылуы зауыттарды шикізатпен жабдықтауды қиындатып, жеткізу бағыттарын өзгертуге мәжбүрлеуі және тұтас мұнай саласының жұмысын қатты күрделендіруі мүмкін. Демек, тағы бір проблема туындайды: зауыттың өзі зақымданбаса да, мұнай жеткізу жүйесі істен шықса, ол шикізат тапшылығына тап болуы ықтимал.

15 қараша – ТАИФ-НК МӨЗ, Нижнекамск, Татарстан. Украиналық дрондар жылына 7 млн тонна мұнай өңдейтін кәсіпорынға шабуыл жасады. Украина Бас штабының мәліметінше, мұнайды бастапқы өңдейтін жалғыз ЭЛОУ-АВТ-7 қондырғысы бұзылып, зауыт аумағында өрт шыққан. Шығынның нақты ауқымы және шабуылдың мұнай өңдеу көлеміне ықпалы әзірге нақтыланып жатыр.

14–15 қарашада Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері Краснодар өлкесі, Астрахань, Ростов, Воронеж, Волгоград, Брянск, Белгород, Тула, Курск, Саратов, Липецк және Ульянов облыстары, Мәскеу, Татарстан сияқты ірі, шағын мұнай өңдеу зауыттары орналасқан өзге де аумақтарға қаптап келген дрондармен күресті.

Бұл науқанда Усть-Луга маңызды орын алады. Мұнда дрондар мұнай өнімдерін сақтауға және шетелге экспорттауға арналған ірі инфрақұрылымды шабуылдады. Украинаның Қауіпсіздік қызметі "Новатэк–Усть-Луга" терминалындағы резервуарлардың зақымданғанын, "Усть-Луга Ойл" компаниясының қоймаларына нұқсан келгенін, "Фактор" АҚ терминалы мен Лужская теміржол станциясында өрт шыққанын хабарлады. Reuters жазуынша, жалпы сыйымдылығы 150 мың текше метр болатын бес резервуар бүлінген. Мұнай өнімдерінің төгілгені туралы да хабар тарады.

Осылайша, көрші елде мұнай логистикасының бірден бірнеше буыны – сақтау, теміржол арқылы тасымалдау және теңіз порты арқылы экспорттау жүйесі қауіп астында қалды. Ал, мұнай өнеркәсібінің жұмысы тек қанша мұнай өндіріліп, өңделетініне ғана емес, дайын өнімді сатып алушыларға жеткізу мүмкіндігіне де тәуелді.

Ресейлік салалық сарапшылардың бағалауынша, шабуылға ұшыраған 11 МӨЗ-дің бесеуін қалпына келтіру жұмыстары шамамен жарты жылға созылуы мүмкін. Мамандар Рязань, Новокуйбышевск және Орск зауыттарын "іс жүзінде істен шыққан кәсіпорын" қатарына жатқызуда.

Нағыз тапшылық әлі алда: Украина Ресейдегі барлық МӨЗ-ді жоймақшы

Қазіргі шабуылдар толқыны неге бұрынғысынан қауіпті? Өйткені оның ауқымы да, салдары да әлдеқайда ауыр. Бір мезгілде ресейлік МӨЗ-дердің өзінде, мұнай айдау станцияларында, резервуарлар паркінде және экспорттық терминалдарда проблемалар қатар туындап жатыр. Мұндай жағдайда тікелей шабуылға ұшырамаған кәсіпорындардың өзі шикізат жеткізудегі іркілістерге және дайын өнімді нарыққа жөнелтудегі қиындықтарға тап болады.

Бір мезгілде жөндеуге тұрған кәсіпорындар саны көбейген сайын, олардың жұмысын қалған өндірістік қуаттардың есебінен өтеу қиындай түседі. Соның кесірінен Ресейдің отын нарығы өзара тығыз байланысты бірнеше тәуекелге тап болды: мұнай өңдеудің қолжетімді көлемі қысқарды, өңірлерде бензин, дизель отынын жеткізу тоқырауда, логистикалық шығындар өсе бастады, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға түсетін жүктеме артты. Ұзақ мерзімді перспективада Ресей экономикасына ең ауыр соққы болуы мүмкін фактор да – осы.

Берлиндегі Карнеги орталығының аға ғылыми қызметкері Сергей Вакуленконың бағалауынша, шабуылға ұшыраған кәсіпорындар Ресейдегі бензин өндірісінің шамамен 55%-ын береді. Негізгі технологиялық қондырғылардың уақытша болса да тоқтауы алдағы қыс мезгілінде ауқымды отын тапшылығының туындау қаупін күшейтті.

Reuters агенттігінің дереккөздері келтірген мәліметке сәйкес, 14 қарашадағы жағдай бойынша Ресейдегі мұнай өңдеудің тәуліктік өңдеу көлемі шамамен 500 мың тоннаға дейін төмендеген. Елдегі 35 ірі МӨЗ-дің алып 11-інің жұмысында іркіліс пайда болған.

Дағдарыстың салдары жанармай құю бекеттерінде де сезіле бастады. Ресейлік The Insider есебінше, 15 қарашада Ресейдің кемінде 13 өңірінде бензин сатуға шектеулер енгізіліпті. Бұлар – Архангельск, Астрахан, Нижний Новгород, Воронеж, Новосібір, Пенза және Ленинград облыстары, Бурятия Республикасы, Карелия, Красноярск және Забайкалье өлкелері, Мәскеу мен Санкт-Петербург.

Ресейлік сарапшылар мына маңызды жайтқа назар аудартады: зауыт тоқтаған сәтте мұнай өнімдері нарықтан бірден жоғалып кетпейді. Резервуарлар мен құбырларда жинақталған қор белгілі өндіріс тоқтаған жағдайда да жеткізілімді жалғастыруға мүмкіндік береді.

Сондықтан дағдарыстың алғашқы апталарында нарықтағы жағдай сырттай "салыстырмалы түрде тұрақты" болып көрінуі мүмкін. Алайда қорлар сарқылған сайын МӨЗ-дер жұмысының тоқтауынан туындаған салдар барған сайын айқын сезіле бастайды. Демек, Ресейдегі бензин тапшылығының сұрапыл толқыны әлі алда болуы ықтимал.

Әзірге Ресей және ресейліктер жанар-жағармайды Мороккодан, Үндістаннан, Беларусьтен, Қазақстаннан тасып күнелтуде. Бірақ дағдарыс үдесе, оны еңсеруге көмектесуге көршілерінің де қауқары жетпей қалуы ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу