Кейінгі кезде ресейліктер Қазақстандағы туысқандарына, жора-жолдас, таныстарына жүгініп, дәрілік препараттарды сатып алып, сәлемдемемен салып жіберуді жиі өтінетінді шығарды. Кәсіпкер Людмила Верещук бұл құбылыс былтырдан бастап қатты өршігенін айтады.
"Бұрын Ресей азаматтығын алып, көшіп кеткен таныстарым мен әріптестерім жиі хабарласып, нақты бір дәріні сатып алып, сәлемдемемен, бандерольдермен салып жіберуді сұрай бастады. Кейінгі кезде үлкен тізімдер жібере бастады. Содан көңілдерін қалдырмай сұрағанын жіберіп жүрдім. Оның үстіне барлық шығындарын да өздері көтереді. Содан бірде бүкіл Алматыны адақтап, сұратылған гормонды препаратты әзер дегенде, жалғыз ғана дәріханадан таптым. Төрт құты керек еді, екеуі ғана қалыпты. Сұрауыма жауап берген провизор бұл дәрінің қат екенін, нарыққа біразға дейін түспейтінін айтқанда, ойланып қалдым", – дейді Верещук.
Қазір қазақстандық ақпарат құралдары ауыл түгіл, еліміздің қалаларындағы дәріханалардан халық көп тұтынатын парацетамол, корвалол, валидол, андипал, диазолин, энтерол, ацикловир, тіпті "марганцовка" жоғала бастағанына назар аудартып, дабыл қағып жатыр.
Алайда, "СҚ-Фармация" да, Денсаумині де медикаменттер тапшылығы туындамайтынына сендіріп бақты.
Ресейлік ақпарат құралдары жаға ұстататын жайттарды жариялауда: бүкіл Ресейде "Долутегравир", "Эвиплера" сияқты ештеңемен ауыстыруға келмейтін препараттар таусылып қалған. Салдарынан, "ЖИТС алдын алу орталықтары" атын естісе адам шошитын вирус жұқтырған ауруларға дәрі жоқтығын жеткізіп, "таза ауада көбірек қыдыруға" кеңес берумен шектелген.
"Ресей нарығында импорттық дәрі-дәрмектің ассортименті ары қарай қысқаруда. Жаңа жылдың алғашқы апталарының өзінде дәріханалардан 3 аталым жоқ болды, бұлар: қайталама инфарктің алдын алуға арналған препарат, қатерлі ісікке қарсы препарат және инсулин. Жалпы алғанда, DSM Group сараптамалық компаниясының дерегінше, өткен жылы ресейлік нарықтағы импорттық дәрі-дәрмектер 20% азайды. Яғни, бүгінде әрбір бесінші импорттық препарат ресейліктерге қолжетімсіз", – деп жазады ресейлік журналист Аполлинария Филиппова.
Оның хабарлауынша, РФ-та сатылымнан ізім-ғайым жоқ болған дәрілік өнімдерге: тамақ ауруын емдеуге арналған танымал "Гексорал" спрейі, балалардың "Панадолы", диабетке қарсы препарат "Оземпик", бронхитті емдеу үшін қолданылатын "Бисептол", сондай-ақ "Эутирокс" (қалқанша безі гормондарының тапшылығында пайдаланылады), "Беродуал" (ингаляция), "Назонекс" (аллергияға қарсы спрей), аугментин, амоксициллин антибиотиктері және басқалары енді.
"Кеналог" және "Метипред" гормоналдық препараттарын, гипертензия кезінде ұсынылатын "Микардисті" және басқаларын да Ресейде сатып алу мүмкін болмай қалған. Жүктілікке қарсы дәрілік құралдар, контактілі линзалар да саудадан жоғалып кеткен. Сондықтан Ресей азаматтары оны жақын өзге елдерден тасиды.
Журналистерге сұхбат берген ресейлік дәріханашылар мен дәрігерлер кейбір препараттардың өндірушілері, брендтері РФ нарығынан мүлдем кеткенін, бірқатарының жеткізілімін Қазақстан және басқа делдал елдер арқылы жолға қою мүмкін болғанын баяндады. Енді бірқатарын ресейлік балама-дженериктермен алмастыруға тура келген.
Жекелеген препараттар бағасының еселеп өскені сонша, оларды сатып алуды импорттаушылардың өздері тоқтатты. Бұған санкциялық қыспақ пен оқшаулану кесірінен дәрі-дәрмектің айналма жолдарда ұзақ жүріп, әр елде кідіріп, кешігіп жететіні қосылған. Сөйтіп, тапшылық ушыға түсті.
Салдарынан, ақ халаттылар сырқаттарға ем-дом тағайындағанда, біраз дәрі-дәрмектің Ресейде жоқтығын ескеруге мәжбүр.
Сарапшылар Ресейде медикаменттердің жетіспеушілігі пандемия жылдарында басталғанын еске салады: әр мемлекет өз халқының қамын ойлап, шектеулер енгізді, шекаралар жабылып, логистикалық және тасымал тізбектері үзілді. Сол қиыншылық толыққанды еңсерілмеді: Мәскеу Украинаға қарсы соғысын бастап, санкцияларға ілікті.
Дәрігерлердің айтуынша, бірқатар ресейлік препараттар тым уытты, залалды. Мысалы, пациентке CAR-T терапия қажет. Бұл – онкогематологиялық ауруларды емдеудің инновациялық және перспективті әдістерінің бірі. Онда адамның төл лейкоциттері қатерлі ісіктің жасуша-клеткаларын жоюға генетикалық бағдарламаланады.
"Біз CAR-T терапияға арналған препараттар ресейлік нарықтан кетіп қалғанда, уайымдадық. Бірақ балама таптық: енді пациенттерді Беларуське, Қазақстанға жіберіп жатырмыз", деді әңгімелескен дәрігерлердің бірі", – деп жазады "Новая газета".
Тісін емдету, тіс импланттарын салғызу үшін Қазақстанға бет қойған ресейліктер де жетерлік. Өйткені РБК мәліметінше, солтүстік көршіде соған керекті заттардың, тіс емдеу үшін қажет жабдықтардың, қарапайым анестетиктердің тапшылығы күшейіп барады.
"Убистезин" атты ауырсыну сезімін басатын, стоматологияларда танымал препаратты америкалық 3M ("TripleM") компаниясы шығарады. Ол РФ нарығын 2022 жылғы көктемде тәрк етіп, жеткізілімді доғарған.
RNC Pharma дерегінше, бір жыл ішінде РФ-қа "Убистезиннің" небары 93,9 мың қаптамасын әкелу мүмкін болыпты. Бұл соғысқа дейінгі кезеңдегіден 70% аз. Belgravia Dental Studio, "Дентал Фэнтези" стоматологиялар желісінің медициналық директоры Святослав Кобаның айтуынша, "Убистезин" енді іс жүзінде жоқ, табу – беймүмкін. Ал оның ресейлік баламалары, соның ішінде "Артикаин-Бинергия" тиімділігі жөнінен әлдеқайда нашар.
Smilestudio клиникасының негізін қалаушы Луиза Автандилян анестезия үшін "Артикаин-Бинергияны" бірнеше рет енгізуге тура келетініне шағымданды. Олай етпесе, науқас ауырсыну сезімін қатты сезініп, азапқа түседі.
Мамандар түрлі форумдарда сондай-ақ пломба, медициналық бұрғы, фрездердің, басқа да компоненттердің, ингредиенттердің ресейлік аналогтарының сапасы импорттықтан нашар екеніне шағымданады. Мысалы, тісті бұрғылау кесінде сынып қалып, онсыз да үрей үстінде отырған пациенттің зәресін ұшыруы мүмкін.
Ресейде санкциялар кесірінен 2023 жылы стоматологиялық қызметтер құны бірден 250%-ға дейін шарықтап кеткені анықталды. Сондықтан Ресей азаматтары Қазақстанға жолы түсе қалса, елімізде ақылы негізде болса да емделіп алуға ұмтылады.
Әзірге Еуразиялық одақ оларға тегін емделу мүмкіндігін ұсынады: республикада уақытша тұруға рұқсат алса, онда еліміздің заңнамасына сәйкес, РФ азаматтары қазақстандықтар қатарлы, емханалар мен ауруханаларда тегін емделе алады. Оның шығынын ел бюджеті өтейді.