Ресейде екі ірі мегаполистің аттары өзгертіледі

1058

Көрші елде қалалардың тарихи атауларын қайтару мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Төрт қала атауын өзгертіп те үлгерді.

Ресейде екі ірі мегаполистің аттары өзгертіледі Фото: AI Atameken Business

Волгоград – Сталинградқа, Петербор – Ленинградқа айнала ма?

Ресей МемДумасындағы Коммунистік партия фракциясының депутаты Анжелика Глазкова Волгоград пен Санкт-Петербург қалаларына тиісінше Сталинград және Ленинград атауларын қайтаруды көздейтін заң жобасын енгізді. Құжат РФ Парламентінің электронды деректер базасында жарияланды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бастамаға сәйкес, бұл қалалардың "қаһарман қала" ретіндегі құқықтық мәртебесін заң жүзінде бекіту, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы атауларын қалпына келтіру және болашақта атауын өзгертуге тыйым салу көзделген.

Заң жобасы қабылданып, күшіне енген жағдайда жаңа (яғни, ескі) атаулары бір жыл ішінде ресми түрде әрі толыққанды қайтарылады.

"Волгоград пен Санкт-Петербург қаһарман қалаларына осы федералдық заң күшіне енгеннен кейін бір жыл ішінде тиісінше Сталинград және Ленинград атаулары қайтарылады. Санкт-Петербург пен Волгоград қалаларында жеке және заңды тұлғаларға РФ заңнамасына сәйкес берілген барлық құжат заңда белгіленген тәртіппен жаңартылғанға дейін өз күшін сақтайды", – делінген заң жобасына түсіндірме жазбада.

Бастама авторы депутат Глазкованың пікірінше, қалалардың тарихи атауларын оралту – соғыс жылдарындағы ерлік пен тарихи шындықты ұлықтаудың бір жолы.

"Әйтпесе, "Санкт-Петербург блокадасы" немесе "Волгоград шайқасы" деп айту құлаққа ерсі естілер еді. Жас ұрпақ бүгінде ондай аты бар қалалар болмағандықтан, олар сол соғыста қирап қалған деп ойлауы мүмкін. Ленинградты қорғаған жауынгерлердің де, қала тұрғындарының да ерлігіне бүкіл әлем тәнті. Сталинград шайқасы болса, Екінші дүниежүзілік соғыс барысындағы түбегейлі бетбұрыстың символы саналады", – деген байлам жасады бастама авторы.

Путин не дейді?

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин парламенттік фракциялар жетекшілерімен кездесуде "Волгоградқа тарихи әскери атауы – Сталинградты қайтару жөніндегі шешімді жергілікті тұрғындар қабылдауы керек" деп мәлімдеген болатын. Сонымен бірге ол қаланың бұрынғы атауын қалпына келтіру мәселесін өзі де қарастыруға дайын екенін білдірді.

Волгоградқа Сталинград атауын қайтару жөніндегі пікірталас 2022 жылы басталды. 2025 жылғы қыркүйекте өзін "Сталинград майданының Әскери кеңесінің өкілдері" деп атаған бір топ бастамашыл тұрғын Владимир Путинге өтініш жолдап, қаланың атауын өзгерту туралы жарлық жобасын қоса жіберді. Олар Сталинград шайқасындағы жеңістің 83 жылдығына орай 2026 жылғы 1 ақпанда референдум өткізуді ұсынған.

Кремль қожайынының қолы тимеді ме, идеяны әлі пісіп-жетілмеген деп санады ма, кім білсін, биылғы жыл басында референдум жарияламады.

Қазірден тарихи атаулары қайтарылып жатыр

Жергілікті билік болса, бұрынғы атауларды қайта қолдануға кірісіп те кетті. 2025 жылғы мамырда Жеңістің 80 жылдығына орай Санкт-Петербург пен Волгоград үш күнге кеңестік атауларына іс жүзінде кері оралды. Былтырғы 8–10 мамыр аралығында Пулково әуежайындағы әуе қозғалысын басқару қызметкерлері (диспетчерлер) мен ұшқыштар Санкт-Петербургті "Ленинград" деп атауға міндеттелді. Сондай-ақ "Ленинград-Подход" және "Ленинград-Контроль" деген радио-шақыру белгілері қолданылды.

Сонда Волгоград әуежайында да ұқсас тәртіп енгізіліп, әуе рейстеріне қызмет көрсету кезінде "Сталинград-Подход" және "Сталинград-Контроль" кодтары пайдаланылды.

2026 жылы тарихи атауларды жаңғырту мәселесі жол инфрақұрылымына да қатысты болды. 6 наурызда Волгоград бағытына апаратын жолға тұрақты түрде "Сталинград тасжолы" атауы берілді. 21 маусымда жол белгілеріндегі "Волгоград" атауын "Сталинград" деп өзгерту жұмыстары басталды. Осылайша, қалалардың тарихи атауларын қайтару бастамасы саяси ұсыныстармен ғана шектелмей, қоғамдық кеңістікте де көрініс табуда.

Сталиннің өзі неге бұған қарсы болған?

Кеңестік атауларды қайтару туралы мамандар не дейді? Ресейлік сарапшылар Волгоградқа Сталинград атауын қайтару бастамасының тарихи негізі бар екенін мойындайды. Алайда олар соғыс тарихын құрметтеу мен Кеңес одағы басшыларының солақай саясатына баға беруді қоса қарастыру қажеттігін алға тартады. Әйтпесе бұл Сталин қуғын-сүргінінің құрбандарына қиянат болар еді.

"Эксперт-Урал" басылымына берген сұхбатында Орал федералдық университетінің оқытушысы, тарихшысы Андрей Ермоленко Царицынды Сталинград деп қайта атау туралы бастаманы Сталиннің өзі құптамағанына назар аудартты.

Ол қызықты бір тарихи деректі келтірді: 1925 жылы Сталин Царицын губерниялық комитетінің хатшысы Шеболдаевқа жеке хат жолдап, қаланы өзінің атымен атауға түпкілікті қарсы екенін білдірген. КСРО басшысы мұндай қадам өзін-өзі дәріптеуге ұмтылып жүргендей әсер қалдыруы мүмкін деп есептеп, қалаға басқа атау таңдауды ұсынған.

Бірақ қала басшысы кеңестік "генералиссимусты" "тыңдамаса" керек. Өйткені қалаға сол 1925 жылы Сталинград деген атау берілді. Бертінде, 1961 жылы Кеңес одағында Сталиннің жеке басына табынуды әшкерелеу және оның мұрасын қайта бағалау үдерісіне байланысты қала Волгоград болып өзгертілді.

Саясаттанушы, РФ философия ғылымдарының докторы Анатолий Гагарин бұл бастама "сталинизмнің қанды қырғыны" құрбандарын мазаламайды деп жорамалдайды: әскери тарих пен Сталиннің саяси тұлғасына берілетін бағаны бөлек қарастыру қажет деген пікірде.

"Сталинград шайқасының және қуғын-сүргіннің бір-біріне қатысы жоқ. Бұл жерде біз кеңес жауынгерлерінің ерлігі туралы айтып отырмыз. Меніңше, бұл мәселеде Сталинді дәріптеуді мақсат етпейтінімізді түсіндіруіміз керек", – дейді Гагарин.

Ал, Санкт-Петербургтің қазіргі атауы 1991 жылы қайтарылды. Сол жылдың 6 қыркүйегінде Ленинград қаласына тарихи атауын беру туралы жарлық шықты.

Бұл мәселе 1980-жылдардың соңынан талқылана бастаған. Сол кезеңде қоғамдық бірлестіктер қаланың кеңестік атауынан бас тарту жөнінде ұсыныстар көтерді.

1991 жылғы сәуірде қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізілді. Оған қала тұрғындарының 64%-ы қатысты. Дауыс бергендердің 54%-ы Санкт-Петербург атауын қайтаруды қолдаса, 42 пайызы қарсы шықты.

Сауалнаманың дербес заңдық күші болған жоқ. Әйтсе де оның нәтижелері қала атауын өзгерту туралы кейінгі шешімге негіз болды.

Алайда Ленинград атауын қайтару туралы пікірталас тыйылмады. 2014 жылы Neva.Today интернет-газеті жүргізген сауалнамаға шамамен 3 мың адам қатысқан. Олардың 68 пайызы Петербор атауын қайтадан Ленинград деп өзгертуге қарсы болған.

Санкт-Петербургтің топонимикалық комиссиясының мүшесі, өлкетанушы Алексей Ерофеев те қаланың атауын қайта өзгертуді қолдамапты.

"Қала атауын кері қайтара беруге болмайды. Оның әр кезеңдегі атаулары тарихи құндылыққа ие. Петербордың 3 атауы болғанын ұмытпау керек. Олардың әрқайсысының өз орны бар: Петербург, Петроград және Ленинград", – деді өлкетанушы.

Бұл пікір қала атауының жай ғана географиялық белгі емес екенін аңғартады. Ол – бірнеше тарихи дәуірдің, қоғамдық өзгерістер мен ұрпақтар жадында сақталған оқиғалардың көрінісі.

Ресейде тағы қандай қалалар атауы өзгерді?

Соңғы он жылда тарихи атауларды өзгерту жөніндегі бастамалар Волгоградпен ғана шектелген жоқ. 2026 жылы Свердлов облысын Орал облысы немесе Екатеринбург облысы деп қайта атау ұсынылды.

2025 жылы Ресей МемДумасы Шешенстандағы 3 елді мекеннің атауын өзгерту туралы заң жобасын мақұлдады. Серноводское қаласы Серновод, Шелковская қаласы Терек, Наурская орнына Невре деп аталды.

2024 жылы Ростов қаласы ресми түрде Ростов Великий атауын иеленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу