Ресей Федералды қауіпсіздік қызметі (ФҚҚ) Ресейге жұмыс істеуге және білім алуға келген шетелдіктер, соның ішінде қазақстандықтар жайлы мәліметтерді алғаш рет жариялады. Ресейге жыл басынан бері 181,5 мың адам білім алуға және 2,4 млн адам жұмыс істеуге келгенін ФҚҚ шекара қызметінің мәліметіне сүйене отырып, РБК хабарлады.
Биылғы жылдың алғашқы екі тоқсанында Қазақстаннан 59,3 мың азамат Ресей Федерациясына оқу-білім іздеп барған. Бұл барлық мемлекеттер арасындағы ең үлкен көрсеткіш. Қазақстаннан кейін Қытай, Өзбекстан және Украиналықтар ең көп шет елдік студенттер саналады.
Алайда, ресейлік білім және ғылым министрлігінің мәліметі сәл өзгешелеу, онда осы елге Қазақстаннан 65,6 мың студент білім алуға келген.
Ресейге жұмыс істеуге барған шетелдіктердің қатарында қазақстандықтар бесінші орында. Солтүстіктегі көрші елде 105,3 мың азаматымыз нәпақасын тауып жүр.
Демек, биыл 160 мыңнан астам жерлестеріміз Ресейге білім алу немесе жұмыс істеу мақсатында жол тартқан.