Ресейде оппозиция халықты шеруге шығуға үндей бастады

3207

Мобилизация жайлы мәлімдемеден кейін Ресейде ұшақ билеттеріне сұраныс күрт артып, оппозиция халықты жаппай шеруге шығуға үндей бастады.  

Ресейде оппозиция халықты шеруге шығуға үндей бастады

Сәрсенбі күні Президент Владимир Путин Ресейде Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі алғашқы мобилизацияны жариялады және де ол Украинаның біраз бөлігін аннексиялау жоспарын қолдап, Батысқа Ресейді қорғау үшін ядролық қаруды қолдануға да дайын екенін ескертті.

Осы мәлімдемеден кейін Ресейден кетуге асыққандар көбейіп, Түркия, Армения, Біріккен Араб Әмірліктері тәрізді бағыттарға ұшатын ұшақтарға билеттер дереу сатылып кетті.

"Рейтер" агенттігінің дерегінше, Дубайға билет құны бірден бес есеге өсіп, 300 мың рубльге немесе 5 мың долларға дейін шарықтаған.

Ресейлік саясаттанушы Дмитрий Орешкиннің айтуынша, Путиннің бүгінгі мәлімдемесі – "үмітсіздік актісі" және ресейліктер мобилизацияға "пассивті диверсия" арқылы қарсы тұрмақ.

"Адамдар мобилизациядан кез-келген жолмен жалтарады, сол үшін олар пара береді, елден кетеді. Путиннің шешімі жалпы жұртшылыққа ұнамасы анық. Ресейліктер кейінгі кезге дейін диванда отырып, теледидар көріп, соғыс қимылдарына жанама түрде қатысқандай еді. Енді сол соғыс олардың әрқайсысына соққы болып тиіп, үйлеріне жетіп отыр", – дейді Орешкин сәрсенбі күні "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

Кремль басшысы ерлерді жаппай әскерге шақыру туралы шешімді Ресей армиясы Украинаның солтүстік-шығысынан қуылып, оңтүстікте тұралаған шақта қабылдап отыр.

"Егер еліміздің аумақтық тұтастығына қауіп төнсе, халқымызды қорғау үшін барлық мүмкіндікті пайдаланамыз – бұл бос сандырақ емес. Ресейдің жауап беретін қаруы көп", – дейді Путин таңертең жасаған телевизиялық үндеуінде.

Киев пен оның батыстық одақтастарының ойынша, бұл мобилизация – Ресейдің Украинадағы науқанының сәтсіздікке ұшырауына берген жауабы және де сол одақтастар Президент Владимир Зеленский үкіметін одан әрі қолдауға дайын екенін мәлімдеп отыр.

Ресей Қорғаныс министрі ішінара мобилизация бойынша потенциалдық 25 миллион соғысушы арасынан алғашқы әскери тәжірибесі бар 300 000 резервистің қарулы күштер қатарына шақырылатынын хабарлады.

Зеленскийдің баспасөз хатшысы Путиннің мобилизациясын орыс халқы үшін "үлкен трагедия" деп атады.

"Украинадағы майдан шебіне жіберілетін жаңа жауынгерлер соғыстың алғашқы күндері Киев маңынан шегінген дайындығы нашар орыс күштерінің тағдырын қайталайды. Мобилизация – барлық міндеттерін орындай алмаған ресейлік кәсіби армияның қабілетсіздігін мойындау", – дейді Сергей Никифоров.

Кейбір бақылаушылардың болжамынша, бұл мобилизацияның ұрыс даласында бірнеше айда оңтайлы нәтиже беруі екіталай. Өйткені, оған оқу-жаттығу базасы мен құрал-жабдық жетіспейді.

Референдумдар

Путин Украинаның өнеркәсіптік орталығы Донбассты "азат ету" мақсатын тағы да қайталап, ондағы адамдардың көпшілігі Украинаның қол астына енді оралғысы келмейтінін атап өтті.

Ресейшіл сепаратистердің лидерлері болса, Украина аумағының шамамен 15 пайызын құрайтын Луганск, Донецк, Херсон және Запорожье облыстарында 23-27 қыркүйекте референдум өткізетінін жариялады.

Мәскеу 2014 жылы ресейшілдер ішінара басып алған Донбасс аймағын, яғни Луганск пен Донецкті қазірдің өзінде тәуелсіз мемлекет деп танып отыр. Ал Украина мен Батыс бұл мойындауды заңсыз басқыншылық деп есептейді.

Ресей әскері Донецктің 60%-ға жуығын иемденген. Ал шілдеге дейін РФ армиясы Луганс аймағын түгелге жуық басып алды.

Ресей жауынгерлері осы айда көршілес Харьков облысынан ығыстырылды. Енді оларға Донецк пен Луганск облыстарынан айрылу қаупі төніп тұр.

Наразылықтар

Ресей оппозициясы халықты Путиннің мобилизация туралы бұйрығына қарсы шеруге шығуға шақырды.

Түрмеде отырған ең танымал оппозиция жетекшісі Алексей Навальныйдың сөзінше, Путин сәтсіз соғыс үшін ресейліктерді көбірек өлтіруге әрекеттеніп отыр.

"Бұл дегеніміз мыңдаған орыс жігіті – әкелеріміздің, ағаларымыздың, күйеулеріміздің – соғыстың ет тартқышына тасталатынын білдіреді және де бұл соғыс әр үйге, әр отбасына жетті", – дейді соғысқа қарсы "Весна" коалициясы.

Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу болса, Украинада қарулы қақтығыс басталғалы 5 937 ресейлік сарбаздың қаза тапқанын мәлім етті. Бірақ Америка Құрама Штаттары шілдеде жариялаған деректерге қарағанда, Украинада жер жастанған ресейлік әскери персоналдың саны 15 мыңнан кем емес.

Германия канцлері Олаф Шольц Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде Путин соғыста жеңе алмайтынын мойындағанда ғана "империялық амбицияларынан" бас тартатынын ескертті. 

Украинаның көршісі Польша үкіметі басшысының сөзінше, Ресей Украинаны жоюға әрекеттеніп жатыр.

 "Біз одақтастарымызбен бірге қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Ал НАТО Украинаға бұрынғыдан да көбірек көмектесіп, оны өзін-өзі қорғай алатын деңгейге жеткізеді", – дейді поляк премьер-министрі Матеуш Моравецкий.

АҚШ-тың Украинадағы елшісі Бриджит Бринктің пікірінше, "Ресей мобилизация жариялап, басып алған аумақтарда референдум мерзімін белгілеу арқылы өзінің әлсіздігін көрсетті".

Путин Ресейдің Украинадағы әрекеттерін қауіпті ұлтшылдардың көзін жойып, елді "нацистерден" тазартуды көздеген "арнайы әскери операция" деп атап келеді. Батыс бұл басқыншылықты Украинаны қайта жаулап алуды мақсат еткен әрекет деп біледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу