Ресейде Путинді тағы алты жыл билікте қалдыруы мүмкін сайлау жайлы не білеміз?

1255

Осы аптада ресейліктер мемлекет басшысын таңдайды. Онда қазіргі президенттің жеңіске жететініне күмән шамалы.

Ресейде Путинді тағы алты жыл билікте қалдыруы мүмкін сайлау жайлы не білеміз? Фото: 123ru.net

Ресейде өтетін президенттік сайлау Владимир Путиннің билігін кем дегенде 2030 жылға дейін созады деген болжам бар.

Ресейде сайлау қалай өтеді, бюллетеньдерге кімдердің есімі енгізілген? Осы және өзге де сауалдардың қысқаша жауабы төмендегідей.

РЕСЕЙДЕГІ САЙЛАУДА КІМДЕР ДАУЫС БЕРЕ АЛАДЫ?

Ресейдің 18 жастан асқан және түрмеде отырмаған кез-келген азаматы, дауыс бере алады. Ресей Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Ресейде және Украинаның Ресей басып алған бөліктерінде 112,3 миллион дауыс беруге құқығы бар азамат тіркелген. Тағы 1,9 миллион сайлаушы шетелде тұрады.

2018 жылы Ресейде президенттік сайлауға эдектораттың 67,5 пайызы қатысты. Сол кезде байқаушылар мен жекелеген сайлаушылар жәшіктерге жасырын бюллетень тастау және мәжбүрлі дауыс беру тәрізді заң бұзушылықтар туралы хабарлады. Ал 2021 жылғы парламенттік сайлауға қатысу деңгейі 51,7 пайызды құрады.

ДАУЫС БЕРУ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Кең байтақ елде дауыс беру негізінен жұмада басталып, жексенбіге дейін жүргізіледі. Бұл жолы Ресейде президенттік сайлауда бірінші рет сайлау учаскелері бір күн емес, үш күн бойы ашық тұрады.

Ресей алғаш рет 2020 жылғы референдумда көпкүндік дауыс беру әдісін қолданып, Путинге тағы екі мерзімге сайлауға түсуге мүмкіндік беру идеясын қолдады.

Бұл – онлайн дауыс беру тәсілін қолданатын алғашқы президенттік сайлау. Мұндай мүмкіндік Ресейдің 27 аймағында және Қырымда қолжетімді болады.

Дауыс беру Украинаның Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарында да өтеді. Дегенмен, 2022 жылы жаппай аннексияланған бұл төрт аймақты Ресей әскері толық бақылауда ұстап отырған жоқ. Киев пен Батыс оларда өтетін сайлауларды қатаң айыптап отыр.

БЮЛЛЕТЕНДЕРДЕ КІМДЕРДІҢ ЕСІМДЕРІ БАР?

71 жастағы Путин – тәуелсіз кандидаттар тізімінде. Ол осымен бесінше рет сайлауға түсіп, тағы алты жыл билік етуден үмітті. 2020 жылғы конституциялық өзгерістерге сәйкес, Путин осыдан кейін қайтадан бір мәрте сайлауға түсуге құқылы. Алғаш рет 2000 жылы сайланған ол Иосиф Сталиннен кейін Ресейді ең ұзақ басқарған лидер саналып отыр.

Дауыс беру бюллетеніндегі өзге есімдерді Кремльге жақын партиялар ұсынды: Коммунистік партиядан – Николай Харитонов, ұлтшыл Либералдық-демократиялық партиядан – Леонид Слуцкий және Жаңа халық партиясынан – Владислав Даванков. Харитонов 2004 жылы Путинмен бірге бақ сынап, екінші орын алған еді.

Бұл үміткерлер Кремльдің саясатын, соның ішінде Украинадағы соғысты мейлінше қолдап отыр. Алдыңғы сайлау мұндай кандидаттардың Путиннен басым түсуге жеткілікті дауыс жинай алмайтынын көрсетіп берді. 2018 жылы Коммунистік партия 11,8% жинаса, Путинге дауыс бергендер 76,7%-ға жетті.

Соғысты тоқтатуды өз науқанының басты тақырыбына айналдырған либерал саясаткер Борис Надеждин сайлау бюллетенінен орын алу үшін қол жинау кезінде кең қолдауға ие болды. Бірақ сайлау комиссиясының шенеуніктері бұл қолдауды жарамсыз деп танып, Надеждиннің сайлауға қатысуына тыйым салды.

Сайлау бюллетенінде Путинге қарсы шығуы мүмкін оппозиция қайраткерлері жоқ. Ресейдегі ең танымал оппозициялық саясаткер Алексей Навальный экстремизмге қатысы бар деген айыппен 19 жылға сотталып, 16 ақпанда түрмеде қайтыс болды.

РЕСЕЙДЕ САЙЛАУ ЕРКІН ЖӘНЕ ӘДІЛ ӨТУІ МҮМКІН БЕ?

Тәуелсіз бақылаушылар Ресей билігінің сайлауды бірнеше күнге ұзартып, онлайн дауыс беруге рұқсат беруін сынға алып, мұндай тактика осынау саяси науқанның ашықтығына одан әрі кедергі келтіреді деп санайды.

Бұрын Путиннің баяндамашысы болған саясаттанушы Аббас Галлямовтың пікірінше, бұл сайлау: "Сіз Путинді жақтайсыз ба, әлде оған қарсысыз ба?" немесе "Соғысты қолдайсыз ба?" деген сауалға жауап іздеген референдумға көбірек ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу