2026 жылдың жазы ресейлік қоғамдағы үрейдің күрт өршуімен тарихта қалатын түрі бар. Елдегі мобилизацияның жаңа толқынына дайындық туралы қауесеттер аясында шетелге үдере аууға деген қызығушылықтың шарықтау шегіне жетуі, шекарааралық аударымдардың рекордтық көлемі және жүріп-тұруға бақылаудың күшеюі тіркелуде, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Соғысудан бас тартса, миллиондап айыппұл төлейді
Ресейде соғысқа жұмылдыру баршаға – билікке, бұқара мен бизнеске ортақ міндетке айналатын болды. РФ Үкіметі Мемлекеттік Думаға әскери операция жағдайында губернаторлар мен өңірлік оперативті штабтардың мобилизацияға, сондай-ақ армия мен халықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге байланысты шешімдерін орындамағаны үшін жауапкершілікті енгізетін заң жобасын енгізді.
Бұл құжатты МемДуманың бейінді комитеті мақұлдап та қойды. Комитет өз шешімінде заң жобасын күзгі сессия кезеңінде, қазан айында қарауды ұсынатынын көрсетті. Онда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті 19.5-бабымен – "РФ субъектісінің жоғары лауазымды адамы мен жедел штабының шешімін орындамау" бабымен толықтыру ұсынылған.
"Бұл ретте "арнайы әскери операцияны" өткізу жағдайында Ресейдің қарулы күштерінің, басқа да әскери құралымдардың, билік органдарының қажеттіліктерін және халықтың мұқтаждықтарын қанағаттандыру жөніндегі іс-шараларды жүргізу және шараларды жүзеге асыру бойынша шешімдерді орындамау да жазалауға соқтырады", – деп түсіндірді "Интерфакс".
Заңжоба ережелеріне сәйкес, губернаторлар мен оперштабтардың мобилизациялық шараларды өткізуге және армия мұқтаждықтарын қанағаттандыруға қатысты шешімдерін орындамағаны үшін айыппұлдар енді барлығын қамтиды:
- азаматтарға – 5 мыңға дейін,
- лауазымды тұлғаларға – 50 мыңға дейін,
- бизнеске – 1 миллион рубльге дейін айыппұл салу қарастырылған.
Қайталап орындамаса, қылмыстық жауаптылыққа соқтыруы мүмкін. Сонымен қатар, ұжымының қызметкерлерін майданға жіберуге күш салмаған немесе соған ықпал еткісі келмеген компанияларға қызметін 90 тәулікке дейін тоқтату түрінде жазалау шаралары қолданылады.
Үкімет түсіндірме жазбасында "мұндай бұзушылықтар үшін жаза соғыс жағдайы жарияланған (Украинамен шекаралас) аумақтарда бұрыннан бар" екенін алға тартты. Алайда Ресейдің қалған өңірлерінде бұл үшін жауапкершілік әлі күнге болмаған екен. Бұл ретте күш құрылымдары осы бап бойынша РФ-тің өзге өңірлерінде тіркеліп жатқан құқық бұзушылықтардың "айтарлықтай көп екенін" қаперге салды. Енді Ресейдің барлық аумағын соғыс жағдайындағы аймақтарға нақты түрде теңестіру көзделіп отыр, деп жазды The Moscow Times.
The Wall Street Journal мәліметінше, Кремль және РФ қорғаныс министрлігі өңірлердің алдына 2026 жылы 409 мың жігітті соғысқа алу міндетін қойды. Жергілікті шенеуніктер белгіленген жоспарларды орындауға міндетті, бірақ қажетті көрсеткіштерге қол жеткізу қиындай түсуде. Өйткені еріктілер саны күрт азайды.
Сол себепті ресейлік сарапшылар Кремлдің күзде – МемДума сайлауынан кейін жаңа жұмылдыру шараларын өткізуге баруы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ресей билігі жаңа мобилизацияның жүзеге асырылатынын жоққа шығарды.
Жаппай көш пен шетелге ағылған капиталдың сыры
Көрші мемлекет өз азаматтарының жүріс-тұрысын бақылауды күшейтуде. РФ Көлік министрлігі билікке тұрғындардың Ресей ішінде және елден сыртқа ұшақтармен, пойыздармен, автобустармен және су көлігімен сапарларын бұрынғыдан да мұқият, тіпті онлайн режимде қадағалауға мүмкіндік беретін жаңа бұйрықтың жобасын дайындады.
Жалпы, тасымалдаушылар, такси қызметтері және брондау сервистері 2024 жылдан бері құзырлы органдарға жолаушылардың билеттеріне қатысты мәліметтерін, сондай-ақ оның телефон нөмірлерін, электрондық поштасын, логиндері мен паролінің хэштерін, IP-адрестерді және карталар мен шоттардың деректерін беріп келеді.
Енді жолаушылардың жоспарлаған сапарлары туралы ғана емес, чартерлерді қоса алғанда, оның барлық жүріс-тұрысы жайында нақты мәліметтерді де беруге тура келеді.
Жаңа заңға сәйкес, авиакомпаниялар әр жолаушысының әуежайға келгені туралы 15 минут ішінде, автомобиль және су көлігі – 30 минут ішінде хабарлауға тиіс болады. Әрбір сапарға бірегей сәйкестендіргіш нөмірі беріледі: онда брондау, мініп-түсу, ауысып отыру, багажды тапсырып-алу уақыты қамтылады. Ресейлік "Верстка" басылымы сарапшыларының пікірінше, осы арқылы ресейлік күш құрылымдары жедел-іздестіру жұмыстарын барынша жеңілдетуге ұмтылуда.
Мұның бәрі РФ тұрғындарын қажытып бітті. Сондықтан көрші елде эмиграцияға сұраныс еселеп артып келеді. "Релокац" жобасы "Осторожно, новости" арнасына хабарлағандай, өтініштер саны 1,7 есеге – күніне 70-тен 120-ға дейін өскен.
"Ресейліктер өз сұранысында биылғы қыркүйек-қазан айларына дейін шетелге көшіп үлгергісі келетінін көрсетеді. Оның үстіне уақытша бас сауғалар мекенді емес, ұзақ мерзім бойы өмір сүруге арналған, болашағын байланыстыруға болатын елді жиі іздестіруде. Негізгі себептер – РФ-та қалыптасқан үрейлі ахуал, жаңа мобилизациядан қорқу, Ресейдегі қаптаған тыйым мен шектеуге құрылған тіршіліктен шаршау, сондай-ақ "алаңсыз өмір сүру, жұмыс істеу, оқу және болашаққа жоспар құруға" деген тілек", – деп түсіндірді басылым.
Шетелге аууға өтініш білдірушілердің көпшілігі 40 жасқа толмаған, тепсе темір үзетін азаматтар екен. 18 жасқа толған азаматтардан, сондай-ақ күйеуін, ұлын немесе сүйіктісін қауіпсіз елде жасыруға ынтыққа ресейлік әйелдерден келіп түсетін сұраныстар саны да өсті.
"Релокац" жобасының бас редакторы Александра Назарованың байламынша, "ресейліктердің есіл-дерті болған қазіргі жалпы көңіл-күй – басқа пана болатын қосалқы әуежайды ертерек дайындауға деген ұмтылыс".
"Ковчег" жобасы да соңғы 3 айда елден кетуге қатысты өтініштердің шамамен 1,5 есе өскенін тіркеді. Жобаның негізін қалаушы Анастасия Буракова бұл жағдайды "жаңа эмиграция толқыны" деп бағалап отыр. Дегенмен әзірге көпшілігі тек "жағдайдың артын бағуда". РФ тұрғындары көшу үшін ең танымал бағыттар ретінде Сербияны, Арменияны, Грузияны және Қазақстанды таңдауда.
Ресейліктердің іздеу жүйелеріне енгізген сұраныстарының статистикасы көрші елді тұмшалаған үрейден хабар береді. Ресейлік "Можем объяснить" порталының есебінше, биылғы маусымда "көшу" ("переезд") сөзі 705,7 мың сұраныс жинаса, шілде айында 809,9 мыңға жеткен. Бұл 2022 жылдың күзіндегі алғашқы мобилизациядан бергі ең жоғары көрсеткіш.
"Кету" ("уехать") сөзі шамамен 1,3 миллион рет ізделген. "Мобилизация" сөзі – бір ай бұрынғы 1,3 миллионнан енді 3,4 миллионға жетіп, ары қарай артуда. Өсім 166%-ды құрады. "Визасыз" ("без визы") деген сұраныс 27%-ға немесе 171,6 мыңға дейін өсті. Ал, "визасыз кету" ("уехать без визы") 2023 жылдың қаңтарынан бері абсолютті рекордқа жетіп, маусымдағы 1251-ден шілдеде 2253-ге немесе 80% ұлғайды.
Үрейдің тағы бір көрсеткіші – ақша аударылымының қарқыны. Forbes дерегінше, биылғы маусым айында жеке тұлғалардың трансшекаралық аударымдары 2025 жылдың шілдесінен бергі ең жоғарғы деңгейге жетті. Ресейден бір айда 321 миллиард рубль шығарылған.
2026 жылдың II тоқсанының қорытындысында шетелге аударылған ақшаның жалпы көлемі 800 миллиард рублден асты. Яғни, бүкіл 2023 жылғы көрсеткішке небары жартыжылда жеткен.
Ресейлік тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Бархота "Форбсқа" сұхбатында бұл өсімнің артында миграция аясында ресейліктердің шетелдік жылжымайтын мүлікті жаппай сатып алуы тұрғанын түсіндірді.
Бұрын РФ-та жұмыс істейтін шетелдік келімсектер тапқан табысын – бума-бума ақшаны өз Отанына тоқтаусыз аударатын. Бүгінде жағдай күрт өзгеріпті.
Т-Банк мәліметінше, қазірге кезде Ресейден кеткен шекарааралық аударымдардың 63%-ы мигранттарға емес, РФ азаматтарына тиесілі. Ресей азаматтары қаражатын енді шетелде, соның ішінде Қазақстанда сақтауды жөн көреді: Финам сарапшысы Александр Потавиннің бағалауынша, егер бұрын ресейліктер доллар мен еуроны ел ішінде жинаса, бүгінде шетелдік валютасын шетелде сақтау әлдеқайда қауіпсіз.