Ресейде ұрланып Қазақстанда сатылған 10 көліктің иесі мәлімдеме жасады

Ол полиция табылған көліктерді айғақ болғанына қарамастан, сатып алушыларға қайтарып бергенін айтып отыр. 

Ресейде ұрланып Қазақстанда сатылған 10 көліктің иесі мәлімдеме жасады

Ресейлік Василий Заяц Қазақстанға алаяқтық жолмен  сатылып кеткен 10 көлікті іздеп Алматыға келген. Оның сөзінше ресейлік "Альмак", "Династия", "Гермес" және "АК Династия" компаниялары өздеріне тиеселі 14 автокөлікті "Кронос" ЖШС арқылы "Автотранс" компаниясына бір айға берген. Аталған компания үшінші тұлғаларға сатып алу құқығымен уақытша жалға беруді ұйымдастыруға тиіс болған. Алайда 13 қаңтар күні ресейлік шекара қызметі көліктердің бірін Қазақстанға алып кету әрекетінің алдын алып, бұл туралы көлік иелеріне хабарлайды. Бұдан кейінгі тексеріс барысында "Автотранс" компаниясына берген 14 көліктің 10-ы алаяқтық жолмен Қазақстанға сатылып кеткені белгілі болады. Мұны компания иелері көлікке орнатылған бақылау жүйесі арқылы білген. 

"Көліктерге тұрақты және үнсіз режимде жұмыс істейтін қосымша жүйе орнатылған. Алаяқтар оның алғашқысын Мәскеуде шешіп алып, көліктерді Ресейде жүргендей көрсеткенімен, біз қосымша жүйе арқылы нақты орнын анықтадық", – дейді Василий Заяц.

Көлік иелері Ресей Федерациясы ІІМ аймақтық органдарына 25 қаңтарда Интерполдың федералдық базасы арқылы 10 автоны іздеуге арыз берген. Сонымен қатар аталған компания  Қазақстанға өкілін жіберіп,  жергілікті полицияның көмегімен темір тұлпарларды қайтару қамына кіріскен. Нәтижесінде 10 автокөліктің 3-і Алматының Алмалы, Наурызбай, Қарасай аудандары аумағынан табылып, айып тұрағына қойылған. Олар Hyunday Sonata және Genesis G80 маркалы көліктер. Барлығы 2020 жылы шыққан су жаңа автолар. Алайда көліктер 24 сағаттан кейін сатып алушыларға қайтарылған. Себебі ресейлік компаниялар өкілінің сөзіне сенсек, Алматы қалалық полиция департаменті автокөліктер әлі халықаралық іздеуде болмағандықтан, қылмыс құрамы жоқ деген уәж айтқан. 

Ал Василий Заяц көліктерді тапқан кезде 102-ге қоңырау шалып, тәртіп сақшыларын шақырған. Ол жергілікті полиция қызметкерлеріне  көліктердің кімге тиеселі екенін, барлық құжатымен дәлелдегенін жеткізді. Тіпті екінші  кілттеріне дейін ұсынған. Сондықтан ол темір тұлпарларды сатып алғандарға қайтару заңсыз деп санайтынын хабарлап, Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденовтің атына мәселені заңды жолмен шешуді сұрап, өтініш жолдаған. Сонымен қатар Алматы облысының аумағында тағы 2 көлік анықталып, жергілікті Полиция департаментіне де өтініш жіберген. Бұдан бөлек 10 көліктің екеуі Нұр-Сұлтан, қалғандары Шымкент, Атырау, Өскенмен қалаларында екені анықталған. 

"5 автокөлік Алматы мен Алматы облысында, тағы 5-еуі Қазақстанның басқа қалаларында. Көліктерді тапқанда өздерін көліктің иелеріміз деп таныстырған адамдар да келді. Құжаттардың барлығы біздің компаниямызға тіркелген. Олар ресейлік көліктерді Орал қаласына барып заңды жолмен сатып алғандарын айтады. Қаншаға сатып алғанын сұрасам алған бағалары нарықтық құнынан 40% төмен. Ойлап қараңызшы, нарықтық бағасы 15-16 млн теңге тұратын көлікті қалай 8 -9 млн теңгеге алуға болады? Мұнымен қоймай жергілікті полиция өкілдері көліктерді айып тұрағынан сатып алғандарға беріп жіберді. Енді жедел әрекет етпесе, олар бақылау құралдарын алып тастап, VIN-нөмірлерін ауыстырып тастауы мүмкін. Онда біз көліктерді мүлде таппай қаламыз", – дейді Василий Заяц.

Бұл мәселенің анығын білу үшін inbusiness.kz тілшісі Алматы қалалық Полиция департаментіне хабарласты. Ведомствоның баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек аталған өтініш 19 қаңтарда келіп түскенін растап отыр. 

"Аталған азамат 19 қаңтар күні Полиция департаментіне жүгінді. Сол кезде ол Ресейде оған қылмыстық із қозғау бойынша бас тартылғанын хабарлады. "Династия" мен "Кронос" компанияларының арасында келісім азаматтық құқықтық қатынас белгілеріне сай болғандықтан, қазіргі заңнамаға сәйкес Василий Заяцқа азаматтық құқықтық тәртіппен сотқа жүгінуге кеңес береміз", – деді Салтанат Әзірбек.

Алайда Василий Заяц Ресейде арызы қабылданғанын айғақтайтын құжат ұсынып, бұл пікірмен келіспейтінін жеткізді. Егер Алматы тәртіп сақшылары шара қабылдамаса, ол Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа істі жеке бақылауына алу туралы өтініш жазбақшы. 

Құралай Құдайберген


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу