Ресейде жаулаған алапат өрт Қазақстанға ауысуы мүмкін

3552

Көршінің Қазақстанмен шекаралас өңірлерінде "тілсіз жау" өршіп барады. Адамдар шығыны бар.

Ресейде жаулаған алапат өрт Қазақстанға ауысуы мүмкін Фото: tengrinews.kz

Астанадағы билік, соның ішінде Юрий Ильин тізгінін ұстаған Төтенше жағдайлар министрлігіндегі шенеуніктер мерекеден бас көтере алмай жатқан сияқты. Оның ресми сайты Мемлекет басшысының атынан марапаттауларға арналған жаңалықтарға толы. Ал осы айда елімізді жайлап жатқан "тілсіз жаулар" туралы бір сөз жоқ. 

Тек ақпарат құралдары мен жергілікті тұрғындар дабыл қағып жатыр. Мысалы, өрт сөндірушілер Петропавлдағы ірі өртті әзер дегенде құрықтады. Соның өзінде 9 ғимарат жанып кетіп, қаншама адам баспанасыз қалды. Мұны СҚО Төтенше жағдайлар департаменті растады.

Ведомствоның дерегінше, өрт 7 мамырда, сағат 18:57-де басталған. Алдымен қамыс тұтанған, артынша таяудағы үйлер отқа оранған. Салдарынан 9 нысан жойылды: жеті тұрғын үйді және 2 тұрғын емес мүлікті өрт жалмады. 540 шаршы метрді алып жатқан "Сервис Вектор" жеке кәсіпкерлігінің гаражы, 3 автобус жанып кетті.

Өртті ауыздықтауға жеке құрамның 137 маманы және 28 бірлік техника жұмылдырылды. Бүгінде оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеуде. Ол аумақтан 40 адам, соның ішінде 9 бала эвакуацияланды. Оларға уақытша баспана ұсынылыпты. Зардап шеккендерге жылу жинау ұйымдастырылуда. Солтүстікқазақстандық ТЖД құрбандар және жарақат алғандар жоқтығын мәлім етті. Өрттің себебі анықталуда.  

Мамандар өрт тұтанған күні ауа температурасы тым қызып, аптап орнап, қауіптіліктің 4-сыныбы тіркелгенін атап өтеді. Облыстың әр жерінде құрғақ шөп, қамыс, қурай және басқасының өздігінен жану ошақтары да тіркелген. Бұған қоса, табиғат аясында тынығуға шыққандардың алау жағуы, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, егіншілердің былтырғы шірік шөпті өртеуі де осындай ошақтардың пайда болуына ықпал етеді.  

Өртпен күресушілерде дамыл жоқ: сондай ошақтарға үздіксіз дерлік аттанып жатқан көрінеді. 

Оның үстіне "тілсіз жаудың" енді Ресейден ауып келу қаупі артты. Өз азаматтарының өмірін көк тиынға бағаламайтын көрші өзіндегі осы табиғи апаттың ауқымын жасырып отырған көрінеді. Дегенмен, ресейлік ақпарат құралдары өз зерттеулері арқылы өңірлерге қандай нәубет келгенін анықтауға тырысуда. 

Мысалы, ТАСС агенттігі медициналық саладағы төл дереккөздеріне жүгініп, Қорған облысындағы ғаламат өрттер салдарынан қазірдің өзінде 6 адам қаза тапқанын жариялады. РФ Қорған облысы оңтүстік-шығыста және шығыста – Солтүстік Қазақстан облысымен, ал оңтүстікте – Қостанай облысымен шектеседі. 

Қорған облысының губернаторы Вадим Шумков өрт кесірінен дүние-мүлкінен толығымен айрылған жергілікті тұрғындарға 50 мың рубль, ал мүлкінен ішінара айрылғандарға – 10 мың рубльден төлеуге уәде етті. Қорған облысында төтенше жағдай режимі енгізілді. 

Кеше, 8 мамыр түнінде Солтүстік Қазақстан облысымен шектесетін тағы бір ресейлік өңір Түмен облысының Красный Яр елді мекенін өрт жаулаған. Оны сөндіру барысында 49 жасар жергілікті тұрғын қаза тапты. Тағы екі адам жараланған. Бұл туралы өңірлік штабтың отырысында аудан басшысы Валерий Борисов хабарлаған. 

Түмен облысының губернаторы Александр Моор өрт салдарынан 7 мамырда бүкіл аймақ аумағында төтенше жағдай жариялады. Тұрғындарға орманға баруға және далада от жағуға тыйым салынды. 

"Біз күн сайын ландшафтық, орман өрттерінің жаңа ошақтарын тіркеп жатырмыз. Мұның бәрін қатты аптап ыстық, құрғақшылық және күшті жел ушықтыруда. Өрттердің негізгі себебі – адами фактор", – деді губернатор халыққа бейнеүндеуінде. 

Өткен демалыс күндері Ресейдің Қорған, Түмен, Свердлов облыстарында өрттер алапат ауқымға жеткен. РФ төтенше жағдай министрі Александр Куренков осы өңірлерге өзі аттанды. Әзірге министр кең ауқымды ландшафтық 9 өрттің алтауы локализацияланғаны туралы есеп берді. Тек біреуі ғана толық сөндірілген.

Жергілікті 72.ru порталының хабарлауынша, жол полициясы Түмен — Омбы трассасын қос бағытқа да жауып тастады. Тек ауылдар мен деревняларды ғана емес, Түмен қаласының өзін де қою көк түтін жапқан. Тұрғындар күйенің иісінен демігіп, тыныс алу ауырлағанына, жолдарда алдағыны көру қиындағандықтан, қозғалудың мұң болғанына шағымданады. 

Әлеуметтік желілерде және телеграм-арналарда әлдебір ақырзаман-апокалипсис туралы фильмдердің сюжетіне ұқсас көріністердің орнағаны бейнеленген фотолар мен видеолар жетерлік.

Құтқарушылардың әңгімелеуінше, РФ Тобыл муниципалдық ауданындағы "Энергостроитель" елді мекенінде кем дегенде 32 нысан жанып кеткен. Табиғи өрт үйлерге көшіпті. Жарақаттанған тұрғындар бар.

Өңір бойынша Төтенше жағдайлар министрлігінің басқармасы Успенка, Речкина деревняларының да отқа оранғанын хабарлады. Өткен сенбіде тағы үш елді мекеннің тұрғындарын тегіс эвакуациялауға тура келген. 

Сонымен бірге орман қорғау қызметкерлері Түмен облысының Абат ауданында 1992 жылы туған Омбы тұрғынын ұстап алды. Ол көлігімен келе жатып, жол бойындағы құрғақ шөпке от қойған. Бұл қылмысы үшін ол 20 мың рублге дейін айыппұл арқалауы не бас бостандығынан айрылуы мүмкін. 

РФ ТЖМ мәліметінше, Қорған облысында Альменев, Варгашин, Белозер, Кетов, Шадрин, Мишкин және басқа муниципалдық округтерінің, Қорған қаласының елді мекендеріне өрт қаупі төнді. Өрт жақындаған тұстардан тұрғындар эвакуациялануда. Сондықтан Қорған облысында ТЖ енгізілді. Жұлдыз (Юлдус) ауылында мектеп те жанып кетті.  

Бұл облыста ландшафтық өрт "майданының алғы шебі" (огненный фронт) кей жерде 3 және одан көп шақырымнан асыпты.

"Авиалесоохрана" дерегінше, Ресейде қазірдің өзінде кем дегенде 123 орман өрті өршіп жатыр. Оның 39-ы ғана локализацияланған (бірақ сөндірілмеген).

Аса ауыр жағдай қалыптасқан бір ғана Свердлов облысында орманның 33 мың гектардан астамын от жалмады. Сонымен қатар облыстағы Режевск ауданында өрт оқ-дәрі сақталған қоймаларға жетіпті: Рунетте онда жарылыстар болып жатқаны бейнеленген видеолар тарады. Ауданда ТЖ жарияланды. 

Ғаламат жалын тілі жалақтап, ірі мегаполистерге таяп қалды. Екатеринбургтан 43 шақырым жердегі Ревда қаласында төтенше жағдай режимі енгізілді.

Ресей аймақтарында жүздеген елді мекен тұрғындары көк түтінге қақалуда. "Тілсіз жау" жақын қалған елді мекендерден адамдар көшіріліп, ГИБДД трассалар мен жолдарды жауып жатыр. Энергетиктер біраз өңірде электр қуаты ағытылып жатқанын мәлім етті. Тұрғындарға есік, терезелерді ашпауға, бетперде тағуға, көбірек су ішуге кеңес берілген.

Жағдайдың ушығуына өрт сөндірушілердің жетіспеушілігі түрткі болған көрінеді. Өртпен күресушілердің бір бөлігі былтырдан бері соғысқа алынды. Бір бөлігі одан қашып, өзге елдерде бас сауғалады. 

Свердлов облысының губернаторы Евгений Куйвашев отты ауыздықтауға өздерінің күші жетпейтінін мойындап, Мәскеуге жүгініп, федералдық деңгейде көмек сұрады. Бұдан бөлек, ол қалалардың мэрлеріне денсулығы жарамды ерлер мен әйелдерді "ерікті түрде" өрт сөндіруге жұмылдыруға тапсырма берді. 

"Масқарасы сол, мамыр айының алғашқы аптасы ғана өтті, ал бүкіл облыс өртеніп жатыр. 20 мың гектар жануда! Өңірде — катастрофа! Адамдарға тыныс алуына ауа қалмай барады. Тұрғындар үйлерінен айрылуда. Ал базбіреулер далаға шығып, кәуап қуыруда. Одан өрт шығады. Егер жақсы айтқанды, жұмсақ өтінгенді түсінбесеңдер, жаман сөйлесетін боламыз. Заң бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғандарға 2 миллион рубльге дейін айыппұл саламыз. Әрбір заң бұзушыдан ақша өндіртетін боламыз", – деп күйіп-пісті губернатор Евгений Куйвашев.

Бірнеше жылдан бері осылай өз еліндегі өртті сөндіре алмай жатып, Ресей көрші елде соғыс өртін тұтатты. Соғыс салдарынан енді өз елінде "тілсіз жауға" жеңілуде. Ресей "қырсық шалған шеңберден" әзір шыға алатын түрі жоқ. 

Біз өз жағдайымызды ойлауымыз қажет. Ірге лаулап өртеніп жатқанда, ТЖМ басшысы Юрий Ильин Ұлы Отан соғысындағы Жеңісті тойлай бермей, Ұлы даланың отқа орануына жол бермеудің қамына бас қатырғаны жөн-ақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу