Қазіргі таңда ресейлік университеттерде 59 мыңнан астам қазақстандық студент білім алып жатыр. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Бұған қолжетімді оқу ақысы, мықты ғылыми база, заманауи инфрақұрылым және халықаралық мансапқа жол ашатын мүмкіндіктер себеп. Ресейдің жоғары оқу орындары зертханаларды жаңғыртуға қаражат бөліп, бизнеспен әріптестікті кеңейтіп, жаңа ғылыми орталықтар ашып жатыр. Бұл білім беруді тәжірибелік бағытқа көшіруге мүмкіндік береді.
Ресей білім экспорты бойынша әлемдегі ең ірі жеті орталықтың қатарына кіреді. Мұнда жыл сайын 170-тен астам елден студенттер келеді. Қазақстан Ресейдің негізгі серіктестерінің бірі болып қалып отыр. Екі ел арасында ғылым мен жоғары білім саласында тығыз байланыс орнатылған. Тек Қазақстанда ғана ресейлік зерттеушілермен бірге 200-ден астам ғылыми жоба жүзеге асырылып келеді.
НМТУ НЭТИ-де заманауи ғылыми-білім беру инфрақұрылымы құрылды
Ресей Білім министрлігінің дерегінше, қазақстандық талапкерлер негізінен инженерия, әлеуметтік ғылымдар, педагогика, медицина, математика және жаратылыстану бағыттарын таңдайды. Бұл мамандықтар оқуға түсушілер арасында ең сұранысқа ие.
Қазақстандық студенттер арасында Орынбор мемлекеттік медицина университеті, Новосібір мемлекеттік техникалық университеті, Томск мемлекеттік университеті, Орал федералдық университеті және Томск басқару жүйелері және радиоэлектроника университеті ең танымал оқу орындарының қатарына кіреді.
Бір ғана Томск мемлекеттік университетінің өзінде 2500-ге жуық қазақстандық студент білім алады. Университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Евгений Луковтың сөзінше, қазақстандық студенттер ғылыми жұмыстарға белсенді атсалысады.

"Студенттер зертханаларда жұмыс істеп, жетекші профессорлармен бірге мақалалар жариялайды, конференцияларға қатысады. Бұл – Томск мемлекеттік университетінің студенттік қоғамдастығының белсенді бөлігі", – деді ол.
Бұл ретте Ресейдің жоғары білім беру жүйесі мыңнан астам университетті қамтиды. Бұл әрбір талапкерге өз мақсатына сай бағдарламаны – инженерия мен биотехнологиядан бастап IT және гуманитарлық ғылымдарға дейін таңдауға мүмкіндік береді.
Қалай тегін оқуға болады
Қазақстандық талапкерлер Ресей университеттерінде үш жолмен тегін оқи алады. Ең бірінші әрі танымал тәсіл – Ресей үкіметі бөлетін мемлекеттік квота арқылы оқуға қабылдану. Бұл механизм арқылы жыл сайын шетелдік студенттерге мыңдаған бюджеттік орындар беріледі.
Өтінішті Астанадағы Россотрудничество өкілдігі арқылы жіберуге болады. Талапкерлерге тиісті университетті таңдауға және құжаттарды дұрыс рәсімдеуге көмек беріледі. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады: тестілеу, аттестат конкурсы, жеке жетістіктерді бағалау және үміткердің ынтасын бағалауға мүмкіндік беретін сұхбат. Осындай кешенді іріктеуден өткен студенттер оқу барысында жоғары дайындық пен жақсы нәтижелер көрсетеді. 2025-2026 оқу жылына арналған квотаға өтініштерді қабылдау осы жылдың 15 желтоқсанына дейін жүргізіледі.
Екінші тәсіл – Ресей немесе халықаралық университеттердің беделді олимпиадаларында жеңімпаз атану немесе жүлдегер болу. Бұл – академиялық бәсекеге дайын талапкерлер үшін қолайлы нұсқа. OpenDoors немесе International Olympiad on Financial Security сияқты жарыстардың жеңімпаздары Ресейдің жетекші университеттеріне емтихансыз түсе алады. Олимпиада арқылы түсу жолы жоғары бағаланады, себебі бұл елдегі ең мықты білім бағдарламалары мен ғылыми мектептерге жол ашады. Жүлдегер атанғандардың дипломы үздік университеттерге "жолдама" болып саналады. Олимпиадалардың толық тізімін университеттердің сайтынан көруге болады.
Үшінші мүмкіндік – ресейлік талапкерлермен қатар жалпы конкурс арқылы оқуға түсу. Қазақстандық түлектер кез келген университетті таңдап, құжат тапсырып, қажетті емтихандарды тапсырып, жалпы конкурсқа қатыса алады. Бұл тәсіл кезінде оқу бағдарламасын және қаланы еркін таңдауға болады, сонымен қатар квота немесе олимпиада бойынша бәсеке жоғары университеттерге түсуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек ақылы оқуға түсу мүмкіндігі де бар. Оқу ақысы университетке, бағдарлама деңгейіне және мамандыққа байланысты өзгеріп отырады. Бағыттар, қабылдау талаптары мен оқу құны туралы толық ақпаратты Study in Russia порталынан немесе таңдаған университеттің ресми сайтынан табуға болады.
Студенттер неліктен Ресейді таңдайды
Көп талапкерлер үшін сапалы білім, ғылыми мүмкіндіктер мен кампустағы қолайлы өмір сүру жағдайларының үйлесуі шешуші фактор болып саналады. Ресейде әлемдік деңгейдегі жаңа кампустар қарқынды түрде салынып жатыр: заманауи аудиториялар, коворкингтер, спорт орталықтары, кітапханалар, зертханалар. Бәрі де студенттерге күн сайын қолжетімді.
Оқыту дәрістермен ғана шектелмейді. Университеттер ондаған студенттік клубтарды, ғылыми қауымдастықтарды, ғылыми инкубаторларды, спорт секцияларын және шығармашылық жобаларды дамытып отыр.

"Мен теориялық физикамен бет бұрғым келді. Қазір біз ерте ғалам физикасын – инфляция кезеңінен бастап алғашқы "қара құрдымдардың" түзілуі мен гравитациялық толқындарға дейінгі кезеңді зерттеп жатырмыз. Томск мемлекеттік университетінде ғылымға толықтай зейін бөлуге барлық жағдай жасалған", – деді Томск мемлекеттік университеті физика факультетінің 2-курс аспиранты Даниил Фроловский inbusiness.kz-ке берген сұхбатында.

Оның айтуынша, болашақ талапкерлер үшін мотивацияны жоғалтпау әрі қоныс аударудан қорықпау маңызды.
"Университетте жас зерттеушілерді қолдау шаралары өте көп. Осы мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білу керек", – деп атап өтті ол.

Ресейдің ЖОО-лары шетелдік студенттерді бұдан да көп қабылдауға дайын. Қазақстандық талапкерлер үшін мұнда бірнеше бағыт ашық: квоталар, олимпиадалар, жалпы конкурстар. Олардың бәрі тегін немесе ашық талаптар бойынша жүргізіледі.
Бүгінде Ресейдегі білім дегеніміз сапалы кәсіби дайындық, халықаралық мүмкіндіктер, ірі ғылыми жобаларға қатысу және айрықша өмірлік тәжірибе. Оқу мүмкіндіктері мен университет таңдау туралы толық ақпаратты Study in Russia порталынан табуға болады.
Серіктестік материал