Үлкен теннистен әйгілі Уимблдон турнирі басталған. Ерлер арасындағы бірінші айналымда экс-ресейлік Александр Бублик Британия жұлдызы Энди Марреймен кездесіп, 1:6, 4:6, 2:6 есебімен үш сетте ұтылып, "Үлкен дулыға" додасынан тыс қалды.
Осы кездесуден кейін "Eurosport" комментаторлары одан сұхбат алып, ой-пікірін білді. Әрі қазақшаны қаншалықты білетіндігін тексеріп көрген болды. Мәселен, Бублик жүргізушілердің "сен қазақсың ба, әлде қазақстандықсың ба" деген сұрақтарына "мен Қазақстанның атынан ойнайтын орыспын" деп жауап берді.
Одан кейін Қазақстандағы ең әйгілі велокоманданың атын білмейтін болып шықты ("Астана" кәсіпқой ВК). Бұдан кейін, еліміздің бірінші президентін мүдірмей атады – Нұрсұлтан Назарбаев.
"Биссимиллә" деген сөзі "тағам бір" деп жаза басты. Сондай-ақ "базар жоқ" сөзін де түсінбейтін болып шықты.
Өте күлкілі өткен, Александр Бублик езу жимаған бұл бейне сұхбат отандастарымыздың көбісіне ұнаған жоқ. Әлеуметтік желілерде қызу талқыланды да...
Естеріңізге сала кетейік, Александр Бублик Ресейдің Ленинград облысындағы Гатчина қаласында туған. Қазір біздің елдің атынан сынға түсіп жүр. Ол жыл басында lenta.ru сайтына берген сұхбатында:
"Былтыр Ресейде өткен турнирлердің өзіне жалғыз баратынмын. Қазір (Қазақстанның намысын қорғауға келіскелі – автор.) Аустралияға да отбасыммен және жаттықтырушыларыммен бара аламын. Маусым аралығындағы жаттығу жиынын толық командаммен Майамиде өткіздім. Айырмашылық – жер мен көктей, мәселе тек қана ақшада емес. Маған жаттығу және жетіле түсу үшін тамаша мүмкіндіктер жасалып отыр. Менде қазір не керектің бәрі бар. Әрі қоныс ауыстыру туралы шарт қойылған жоқ, Санкт-Петербургте тұра беремін", – деген болатын.
Сонда қалай? Бублик мырзаның эфирдегі "күлкілі сұхбат" кезінде Қазақ елі мен халқына бір ауыз жылы сөз айтуға жарамағаны ма? "Сыйға – сый" деген пейіл, ілтипат болушы еді ғой...
Маруан Түсіп