Соғыстың алғашқы жылдарында Ресей экономикасы мұнай экспортынан түсетін ұландария кірістің арқасында таңғаларлық тұрақтылық пен төзімділік танытты. Дегенмен, әлем жұртшылығын таңдай қақтырған, кейбірін тіпті тәнті еткен "санкцияға бейімделу сыйқыры" осымен аяқталғанға ұқсайды.
Биыл жағдай күрт өзгерді: мұнайлық валютаның тасқындаған ағыны күрт сұйыла бастады, оның үстіне санкциялар қысымы тек күшейіп келеді және қарулы қақтығыстың да тоқтайтын белгілері байқалмайды.
Таяуда Ресей Қаржы министрлігінің жариялаған статистикасы көрші экономикасына шығарылған үкімге ұқсап кетті: биылғы 11 ай ішінде "қара алтыннан" түскен кіріс бірден 22,4%-ға құлдыраған. Ал, өткен қараша айында көрсеткіш тұңғиық-шыңырауға бір-ақ құлапты: алдыңғы жылмен салыстырғанда минус 34%-ға кеміді.
Яғни, өткен 2024 жылдың қарашасында жаһандық қара базарға мұнай сатудан РФ 802 млрд рубль табыс тапса, 2025 жылдың қарашасындағы табысы небары 530,9 млрд рублді құрады.
Ресейдің мұнай сатып, бұрынғыдай қыруар қаржыға қарық болу арманы күн өткен сайын алыстап, сағымға айналып бара жатқандай: аяқталып қалған жылдың соңғы айында РФ үкіметі мұнай мен газды экспорттаудан 580 млрд рубль кіріс түсіруді жоспарлап қойды. Мұның өзі бір жыл бұрынғыдан (780 млрд рубль) рекордтық 36%-ға немесе 280 миллиард рубльге аз.
Бірақ оған да қол жеткізе алмауы мүмкін. Себебі, мұнайлық кірістердің күрт төмендеуіне бір емес, бірден бірнеше фактор қатарынан ықпал етіп жатыр. Бұған қоса, жыл соңында оның бәрі қарқынды түрде өрши бастады, деп жазды германиялық Deutsche Welle.
Неліктен Ресейдің мұнай кірістері азайып барады
Құлдыраудың себептері кешенді әрі іргелі сипатта. Мұнда солтүстік көршіміз "мінсіз дауылға" (идеальный шторм) тап болды. Ресейдің экспорты әр жағынан үстемелеткен соққыға жығылуда.
Біріншіден, әлемдік бағалар күрт төмендеді: қаңтарда 79 доллар тұрған Brent желтоқсанға қарай 62 долларға дейін арзандады. Оған қарағанда сапасы төмен бағаланатын Ресейдің Urals экспорттық мұнай брендінің бір баррелі 2025 жылдың қаңтарында 71 долларға саудаланса, 15 желтоқсанда 54 долларға дейін құнсызданып кетті.
Екіншіден, "іштен шыққан сұр жылан" дегендей, жойқын соққыны рубль жасауда: РФ ұлттық валютасының бағамы биылғы қаңтарда 1 доллар үшін 100 рубль тұрса, желтоқсанның басында 76 рубльге дейін (бүгінде 79) нығайды. Салдарынан, "мықты рубль" шетел валютасында кіріс алатын бюджет үшін апатқа айналды.
Жыл соңында бұларға үшінші фактор қосылды: өткен аптада Украина пилотсыз дрон-қайықтарды пайдаланып, ресейлік "көлеңкелі флотқа" тиесілі және халықаралық санкцияларға ұшыраған төртінші танкерге шабуыл жасап, істен шығарды.
Әрине, сарапшылардың бағалауынша, РФ "көлеңкелі флотында" 700-ден көп танкер бар. Бірақ шабуыл жалғасса, қалғанының иелері және экипаждары Ресейге қызмет етуден жаппай бас тартуы мүмкін. Сондай-ақ кейбір порттар экологиялық апаттан, қаржылық шығыннан қорқып, ол танкерлерді қабылдаудан бірте-бірте бас тартуда.
Төртіншіден, жылдың соңында әлемдегі №1 супердержава ойынға араласты: Ресейдің басты мұнай алыптары және негізгі бюджеттік "асыраушылары" саналатын "Лукойлға" және "Роснефтьке" қарсы қатаң санкциялар енгізді. Осылайша, үлкен бөлігі тек желтоқсан айында ғана күшіне енген (тағы бір бөлігі келесі жылға шегерілді) америкалық санкциялар РФ мұнай экспортының үштен екі бөлігін жермен-жексен етуде.
Салдарынан, ресейлік мұнай бұрынғыдан бетер "улы активке" айналды және басқа сорттарға қарағанда тезірек құнын жоғалтып жатыр. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, осы айдың 7 желтоқсанда аяқталған алғашқы аптасында Новороссийск портында Urals баррелі орта есеппен небәрі 38,28 долларға, ал, Балтық порттарында 41,16 долларға сатылды.
Бұл Brent-пен салыстырғанда рекордтық 20 долларға арзан. Бұрын баға айырмашылығы бұдан екі есеге жуық аз болатын. Яғни, осы порттардан өзің алып кетсең, бір бөшкесін осынша арзанға аласың. Егер "көлеңкелі флотпен" жеткізу керек болса, тасымал шығыны қосылады.
Желтоқсанның екінші аптасында төмендеу үрдісі жалғасты: эталондық Brent-ке қарағанда ресейлік Urals шикі мұнайының жеңілдігі 25,80 долларға жетті.
Argus Media деректеріне сілтеме жасап, Bloomberg хабарлағандай, ресейлік мұнайдың төмендеуі үшінші аптада да тоқтаған жоқ. Жеңілдік 2022 жылдың мамыр айындағы ең жоғары көрсеткішке жақындап келеді: соғыс енді басталған сол кезде дисконт 34 доллардан асқан еді. Ресейлік сарапшылар: "ресейлік мұнай енді батылдардың және ашкөздердің тауарына айналды" деп ащы әзілдейді.
АҚШ санкциялары РФ мұнай экспортына қалай әсер етті
Bloomberg хабарлауынша, ресми статистика бойынша Ресейдің мұнай өндірісінің көлемі төмендеген жоқ, тіпті аздап өсті, бірақ бір гәп бар: логистика бұзылды. Мұнай толтырылған танкерлердің жартысының журналында енді қандай портқа бағыт алғаны туралы жазба жоқ.
Bloomberg бағалауынша, қазіргі кезде шамамен 180 миллион баррель қара алтын қалқымалы қоймаларда, яғни, танкерлерде жатыр. Бұл көрсеткіш бұдан бұрынғы, тамыз айының соңында жарияланған мәліметпен салыстырғанда 28%-ға көп.
Халықаралық сулардағы жағдай сюрреалистік кинолардағы көріністі елестетеді: алып қалқымалы қоймаларға айналған, мұнай толтырылған танкерлер тізбегі, базбір "елес кемелер" сияқты, теңіздерде еш адресатсыз, беталды жүзіп жүр.
Олардың экипажы кемесіне тиелген жүкті біреу-міреу санкцияларды бұза отырып, сатып алады деп үміттенеді. Қай ел алса, дереу сол елдің портына бет қояды. Дегенмен, алуға қызыққаны аз болғандықтан күн сайын тауарының бағасын түсіріп, "намысқа тиетін" жеңілдіктерге келісуге мәжбүр. Дисконттың екі есе артуының мәнісі осында.
Карнеги Берлин орталығының сарапшысы Сергей Вакуленко сияқты оптимистер РФ-тің бұл тығырықтан да шығар жолды табатынына сенімді. Мысалы, биылғы жылдың басында ұқсас тұйыққа тірелгенде, "фирма-прокладка" аталатын жалған компаниялар арқылы сатып, қысымнан құтылып кеткен.
Алайда мұнда да енді үлкен бір "кілтипан" бар. Жыл басында әлемде мұнай дефициті байқалды. Бүгінде керісінше, профицит қалыптасып, нарықта қара алтын шектен тыс тасып-төгіліп жатыр.
ING аналитиктері ескертеді: ресейлік танкерлер теңізде мәңгілік лағып жүре алмайды, не бұрынғыдан да көп жеңілдік ұсынуға тиіс, немесе РФ шикі мұнай өндірісін доғарып, біраз ұңғымаларды жабуға мәжбүр болады. Өйткені "көлеңкелі флоттағы" жүздеген танкерлер шикізатқа онсыз да мелдектей толып қалды.
"Теңізде танкерлерде тұрған ресейлік мұнай көлемі қарқынды артып келеді. Бұл ұзаққа созыла алмайды. Сатып алушыларды қызықтыру үшін Urals мұнайынан қазіргіден де жоғары жеңілдіктер талап етілуі мүмкін. Егер одан да нәтиже шықпаса, бұл өндірісті қысқартуға соқтырады. Біз сондай-ақ өз сценарийімізде Ресейдің санкцияларды айналып өтудің жаңа жолдарын табуы мүмкін екенін де жоққа шығармаймыз", – деді ING аналитиктері Уоррен Паттерсон мен Ева Мантей.
Сарапшылардың түсіндіруінше, бұған дейін оқиға мынадай сценариймен дамып келді: АҚШ не Еуропа санкция енгізеді, ресейлік мұнайдың негізгі сатып алушылары – Қытай мен Үндістан алдымен импортты уақытша қысқартты. Содан соң РФ санкцияны орағыта өтіп, қара алтынды жеткізудің басқа жолдарын табады және дисконтпен ынталандырады. Тиісінше, халқының саны жөнінен әлемде бірінші-екінші орында тұрған қос алпауыт қайтадан ресейлік мұнайды сатып ала бастайды.
Ресей қайтадан бейімделе ала ма?
Соңғы рет РФ 2025 жылдың басында Америка Құрама Штаттары "Газпром нефть" пен "Сургутнефтегаз" компанияларына санкциялар енгізгенде, осы сценарийге жүгінді. Әйтсе де, сарапшылардың байламынша, бұл маневрді қайталау енді қиынырақ болады.
Неге? Жыл басынан бері нарықтағы жағдай қатты өзгерді: жаһандық мұнай нарығы тапшылықтан молшылыққа (профицитке) ауысты. Егер жыл басында қара алтыннан тарыққан тұтынушы оны кез келген сатушыдан алуға мәжбүрленсе, қазіргі кезде сатып алушы – патша: шертіп жүріп, бірнеше жеткізушінің ішінен өзі таңдайды.
Негізгі драма 2026 жылы өрбиді деген жорамал бар. Сарапшылар әлемде теңдессіз мұнай "тасқыны" болады деп тұспалдап отыр. Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) қараша айындағы соңғы болжамына сәйкес, нарықтағы сұраныстан асып түскен мұнай профициті қазірдің өзінде тәулігіне 2,4 миллион баррельге жетті. Ал, 2026 жылға қарай әлемде тәулігіне 4 миллион баррель "артық" мұнай қалыптасады: бұл – Ресейдің барлық экспортына барабар.
Міне, осы жайт Ресейдің "көлеңкелі флот" стратегиясын күл-талқан етуі ғажап емес. Мұндай жағдайда, яғни, ұсыныс сұраныстан асып кеткенде, сатып алушылардың көбі санкция астындағы Urals үшін тәуекелге бел бумайды. Одан гөрі, басқа жеткізушілерден, мысалы, Сауд Арабиясынан немесе Ирактан мұнай алу тиімдірек әрі қауіпсіз болады.