Ресейдің 100-ге жуық қаласында шеру өтті

8161

Бүкіл елге тараған наразылық акциялары кезінде Навальныйдың әйелі мен мыңдаған жақтасы тұтқындалды.

Ресейдің 100-ге жуық қаласында шеру өтті

Ресей полициясы 3000-нан астам адамды сенбіде бүкілхалықтық наразылық акциялары кезінде ұстады. Саяси тұтқындарды санаумен айналысатын топтың мәліметінше, шерушілер Кремльдің ең әйгілі жауы - оппозиция жетекшісі Алексей Навальныйды босатуды талап етті.

Кейбір аймақтарда ауаның температурасы минус 50 ° C –қа дейін төмендесе де, ондаған қалада өткен митингтер Навальныйдың ықпалы Мәскеу мен Санкт-Петербург тәрізді саяси және мәдени орталықтардан тыс жерлерде де қалай өскенін көрсетіп берді.

Мәскеуде шамамен 15000 демонстрант қала орталығындағы Пушкин алаңына және оның айналасына жиналды. Бұл акция полициямен қақтығысқа ұласып, арнайы күш қызметкерлері мен полицейлер шерушілерді автобустар мен жүк көліктеріне тиеп, кейбіреулерін шоқпармен соққыға жықты. Тұтқындалғандардың арасында Навальныйдың әйелі Юлия да болды.

Полиция демонстранттарды алаңнан ығыстырды. Содан кейін мыңдаған адам бір шақырым жердегі бульвардың бойына қайта топтасты. Олардың көпшілігі тағы таратылмас бұрын полицейлерге қар лақтырды.

Демонстрациялар Навальный қамалған тергеу изоляторының жанында да өтті. Онда да полиция бірнеше адамды тұтқындап әкетті.

Наразылық акциялары ұланғайыр Ресейдің Оңтүстік Сахалинск аралынан бастап, 50 градус аяз қысқан Шығыс Сібірдің Якутск қаласына және елдің еуропалық бөлігіндегі халық тығыз қоныстанған қалаларға дейінгі аралықта өтті.

 "Қатаң тактика"

Саяси тұтқындауларды қадағалайтын АТС-Инфо тобының дерегінше, Мәскеуде кем дегенде 1167, ал Санкт-Петербургте 460-тан астам адам ұсталған. Жалпы алғанда, шамамен 100-ге жуық қалада 3068 адам тұтқындалыпты. Дегенмен, Ресей полициясы қамау туралы мәлімет бермей отыр.

Осының бәріне қарамастан, Навальныйдың жақтастары жұртты алдағы демалыс күндері тағы да шеруге шақырды.

Навальный бес айдай емделіп, қаңтардың 17-де Германиядан Мәскеуге оралғанда қамауға алынды. Ол өзін Ресей билігі нейропсихиатриялық затпен улады деп есептейді. Алайда, Кремль мұны үнемі жоққа шығарып келеді.

44 жастағы белсенді президент Владимир Путиннің үкіметі кезінде өркендеген сыбайлас жемқорлық туралы репортаждарымен көпке танылды.

Оны кең қолдау Кремльді қиын жағдайға душар етіп отыр - шенеуніктер Навальныйды босатқысы келмейтін сияқты, бірақ әйгілі оппозиционерді қамауда ұстау Батыстың наразылығы мен сынын тіпті күшейтеді деген қауіп бар.

Өз мәлімдемесінде АҚШ Мемлекеттік департаменті ресми Мәскеуді "демалыс күндері Ресейдің барлық қалаларында наразылық білдірушілер мен журналистерге қарсы қатаң тактика қолданды" деп айыптап, РФ үкіметін Навальныйды және наразылық акцияларында ұсталғандардың барлығын дереу босатуға шақырды.

Еуропа одағы мен Ұлыбритания да мәлімдеме жасап, Кремльді "бейпропорционалдық күш қолданды", "демонстранттар мен журналистерге зорлық-зомбылық көрсетті" деп кінәлады.

Президент Владимир Путинге сенсек, Навальный - оның халық алдындағы беделін түсіруге бағытталған америкалық науқанның бір бөлігі.

Навальный тамыздың 20-да Сібірден Мәскеуге баратын ішкі рейс бортында комаға түсті. Екі күннен кейін ол жергілікті ауруханадан Берлинге жеткізілді. Германия, Франция, Швеция зертханалары мен Химиялық қаруға тыйым салу ұйымы жүргізген сынақтар оның Кеңес дәуірінде жасалған "Новичок" жүйкені зақымдайтын элементінен уланғанын анықтады.

Ресей Навальныйды Германияға ұшақпен жібермес бұрын Сібір дәрігерлері одан уланудың іздерін таппағанын алға тартып, неміс шенеуніктерінен оппозиционерге қастандық жасалғанына дәлел келтіруді талап етті. Және де Мәскеу дәлел жоқ деп, мәселеге қатысты толыққанды қылмыстық іс қозғаудан бас тартып отыр.

"Путиннің сарайы"

Наразылықтар қарсаңында Навальныйдың командасы Қара теңіз жағасындағы керемет сарай туралы видео жариялап, оны Путинге тиесілі деп хабарлады. Бірақ, Кремль мұны да жоққа шығарып отыр. Сенбі күнгі жағдай бойынша атышулы видео 70 миллионнан астам рет қаралған.

Навальныйдың одақтастары жалақының көп жылдан бері құлдырауы мен пандемияның экономикалық салдары үшін халықты өз жағына тартудан үмітті.

Бірақ әзірге Путиннің күші мызғымай тұр: 68 жастағы президентті мақұлдау дәрежесі үнемі 60%-дан жоғары. Бұл – Навальныйдың рейтингімен салыстырғанда әлдеқайда биік көрсеткіш.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу