Ресейдің Байқоңыр тұрғындарын соғысқа шақыруының сыры анықталды

2487

"Роскосмостың" жеке жасағын құрып жатқаны әшкереленді. 

Ресейдің Байқоңыр тұрғындарын соғысқа шақыруының сыры анықталды Фото: exclusive.kz

Бұдан бұрын, биылғы ақпанда әлеуметтік желіде және ақпарат құралдарында Ресейге 50 жылға жалға берілген "Байқоңыр" қаласында тұрғындарға Украинадағы соғысқа қатысу үшін ақша ұсынылып жатқаны туралы суыт хабар тарады. Бұған Байқоңыр кешені басшысының қаулысы түрткі болды. Құжатта қала тұрғындары Украина аумағындағы әскери қимылдарға қатысып, табыс таба алатыны жазылған.

"Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысының 2023 жылғы 7 ақпандағы №46 қаулысымен мобилизацияланған азаматтарға, сондай-ақ Байқоңыр қаласында тұрып жатқан, арнайы әскери операцияға қатысуға тілек білдірген және әскери қызметтен өтуге контракт бекіткен барлық еріктілерге әлеуметтік қолдау шарасы есебінде 260 мың рубль мөлшерінде бір реттік ақшалай төлем тағайындалды", – делінген Байқоңырдың РФ билігі таратқан ресми құжатта. Сонымен бірге қаулының күшіне еніп, қолданыла бастағаны мәлімделді.  

Артынан қаланың РФ тағайындаған басшылығы соғысқа тек ресейліктер ғана шақырылып отырғанын айтып, Қазақстанның қоғамына басу айтқан. Бірақ құжатта оған тек РФ азаматтары ғана шақырылатыны қадап айтылмады. Керісінше, "қалада тұратын еріктілер" туралы сөз болуда. Бұған дейін Қазақстанның азаматтары ерікті ретінде Украинадағы қантөгіске аттанғаны әшкереленді.

Осы орайда енді Financial Times "Ресейдің ғарыш агенттігінің соңғы миссиясы: Украинадағы соғысқа еріктілерді жинау" деген атпен төл зерттеуін жариялады. Онда айтылғандай, "Роскосмос" еріктілерден тұратын тұтас батальон жинап, Украина территориясында ұрыс қимылдарын жүргізуге аттандырған. Бірақ оның ішінде қаншасы Байқоңыр тұрғыны екені беймәлім қалды.

Жалпы, абсурдты, парадоксты жағдай қалыптасты. Былтыр Мәскеудің кең ауқымды шапқыншылығы басталғалы "Роскосмосқа" қарсы Батыстың бірде бір елі санкция енгізген жоқ. Ал бұл ұйым Украинаны қанға бөгуге алғашқы күннен бері белсене атсалысып жатыр. Бейбіт тұрғындарды қырған зымырандар да, артиллерия да, ирандық жойқын дрондар да оның ғарышта қалықтаған жерсеріктері арқылы ұшады. Қантөгіске РФ әскери-ғарыш күштері тікелей араласуда. Енді бұл аз болғандай, "Роскосмос" еріктілерді соғысқа ынталандырып, жұмылдырумен айналысып жатқан көрінеді.

"Ресейлік ту бейнеленген шлем киген ерлер ғылыми фантастикалық фильм үшін жазылған Daft Punk саундтрегінің ырғағымен танктерден қарғып-қарғып түсуде. Олар зымырандық қондырғылардың аясында қолдарындағы Калашников автоматтарын сермеп, рухтанды. Содан соң кадр артындағы дауыс голливудтық стилде үн қатады: "Госкорпорация "Роскосмос" призывает вас вступить в добровольческий батальон "Уран", где вас будут готовить к победе в этой великой войне". Бұл жарнама америкалық NASA-ның қазіргі серіктесі саналатын ресейлік мемлекеттік ғарыш агенттігінің тарихының жаңа белесін әдіптеді", – деді "Роскосмостың" еріктілерге бағытталған бейнеүндеуін сипаттаған ресейлік журналист Полина Иванова.

Оның дерегінше, "Роскосмос" ресейлік армиямен тонның ішкі бауындай біте қабысып кетті: ол Украинада соғыс салатындарды жинаумен, жабдықтаумен және қаржыландырумен шұғылданады.

Файнэншл Таймс бұл ұйымның санкциялардан тыс қалғанынан Батыстың екіжүзді саясатын байқады.

"Контраст – көзге ұрып тұр. Батыс онымен серіктестігін жалғастырды, бүгінде Жер орбитасындағы Халықаралық ғарыш станциясында ресейлік 3 ғарышкер америкалық астронавттармен бірге жұмыс істеуде. Ал осы кезде "Роскосмос" Америка қолдауымен азаттығы үшін күресіп жатқан украиналықтарды қыруға, "ұлы соғыста жеңіске" жетуге еріктілер жасағын жасақтап жатыр", – деп жазады Financial Times.

Тәуелсіз әскери аналитик, Conflict Intellegence Team зерттеу жобасының негізін қалаушы Руслан Левиев өз командасының "Уран" батальонына еріктілерді тарту науқанын бақылап отырғанын жеткізді. Бірақ ол осы батальонның еріктілері алғы шептегі ұрысқа тасталғанына әзірге айғақ таппағанын айтады. Оның пікірінше, РФ ғарыш агенттігінің еріктілері майдан даласында жасындай жарқырап, жауын жусататын үздік жасаққа айналуы неғайбыл. Бірақ олар Кремль қойып отырған міндетті орындауға жарайды: еріктілер, жалдамалылар тасқыны Путинге РФ халқын ары қарай қорқытпау үшін мобилизациялаудың жаңа толқынын жарияламауына мүмкіндік береді.

Әрине, "Роскосмос" төл жеке әскери компаниясын құрғанын ресми жариялаған жоқ. Онда ол шынымен санкцияға түсіп қалуы мүмкін. Бірақ "Уран" батальонының жарнамалық плакаттарына "Роскосмос" логотипі түсірілген.

Бұған қоса, көршінің ғарыш агенттігі кеңсесінің вестибюліндегі үлкен экранда "Уран" сапына тұруға уағыздаушы роликтер көрсетіле бастаған. Сондай-ақ "Роскосмос" құрылымдарының сайттарында да агитациялық видеолар орналастырылды. Мысалы, "Уранды" жарнамалайтын бейнеүндеулер ғарыш агенттігін жабдықтаушы "Турбонасос" мемлекеттік компаниясының сайтында, "Роскосмостың" зымырандық-ғарыштық техника өндіретін еншілес компаниясы "Автоматиканың" әлеуметтік желілердегі парақшасында пайда болды.

Ресейлік сарапшылардың дерегінше, бүгінде Украинадағы соғысқа РФ тарапынан кем дегенде 40 әртүрлі әскери құрылым жұмылдырылған. РФ қорғаныс министрі Сергей Шойгу еріктілерді, яғни жеке әскери компанияларды биылғы 1 шілдеге дейін өз ведомствосымен контракт бекітуге міндеттеді.

Бұл ретте "Уран" өз роликтерінде РФ қорғаныс министрлігінің қанатының астында қимылдайтынын хабарлады. Оның еріктілері тұрақты армиямен контракт бекітеді. Тиісті соғыс төлемдерін де РФ бюджетінен алатын болады. "Роскосмос" өз видеосында "Уран" еріктілерін оқыту және жабдықтау бойынша қорғаныс министрлігі қойған барлық міндетті орындап жатқанын" мәлім етті. Көршінің ғарыш агенттігі басқа көршісін оккупациялауға ерік білдіргендерге ерекше жеңілдіктер мен шарттар жасауға ниетті.

Халықаралық сарапшылар НАСА да, Еуропалық ғарыш агенттігі де "Роскосмоспен" байланысын үзетініне шүбәланады. Демек, РФ ғарыш агенттігіне де санкцияның салынуы екіталай. Горбачевтің қайта құруы тұсында дәл осы ғарыш саласында басталған ынтымақтастық Батыс пен Мәскеу арасындағы ғарышты игерудегі ұзақ жылғы қатаң бақталастыққа нүкте қойды. Бұл қырғи-қабақ (суық) соғыстың жойылуына түрткі болды.

Әрине, "Роскосмос" бұдан біраз бұрын халықаралық ғарыш станциясы құрамынан шығатынын ресми жариялады. Соған қарамастан, ғарыштағы ықпалдастық сол бойы үзілмеді. Қолында Байқоңыр, Плесецк, Восточный атты үш ірі ғарыш айлағы бар мемлекетпен Батыс ғарыш саласында қайтадан тайталасқысы келмейді. Тіпті Украина үшін де...

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу