Ресейдің көршілерінің жеріне көз алартуы ойландырарлық жағдай – саясаттанушы

4965

Ресейде "Авангард" әскери мектебінің ашылуында қандай мән жатқанын және Қазақстан осы орайда не істеу керектігі жайлы саясаттанушы пікірін білдірді. 

Ресейдің көршілерінің жеріне көз алартуы ойландырарлық жағдай – саясаттанушы

Қазақстан тәуелсіздігі күні қарсаңында ресейлік саясаткер Вячеслав Никоновтың "Қазақстан бұрын болмаған, Қазақстанның аумағы – Ресей мен Совет одағының үлкен сыйлығы" деген мәлімдемесі біраз дау тудырған еді. Артынан тағы бір депутат Евгений Федоров Ресей мен Қазақстанды қосып, бір мемлекет құру керек екенін айтып айды аспанға шығарған болатын. Қазақстан тарабы осы орайда нота жолдады, Никонов кешірім сұрады, бірақ Ресейдің Сыртқы істер министрлігі де, президент Владимир Путин де бұған қатысты тіс жармады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев айтпақшы, Ресейдің саяси сайқымазақтарына қарсы біздің тарап ешқандай шара қолданбады. Оның Қазақстанға тіл тигізгендерді елге кіргізбеу керек деген ұсыныс тастағанын көпшілік біледі. 

Ал қазір мына бір жайт Inbusiness.kz редакциясы назарына ілікті. Мәскеу қаласында осы жылы мектеп оқушыларына арналған "Авангард" деп аталатын әскери-патриоттық тәрбиелеу оқу орталығы жұмысын бастады. Көршілес ел жастарды патриоттыққа баулу идеясын желеу етіп, оларды соғысқа біртіндеп дайындамақшы ма деген орынды сұрақ туындап отыр. Неліктен Мәскеу осындай қадамға барды, бұл әрекетінің сыры неде, Қазақстанға бұдан қандай қауіп төнуі мүмкін,еліміз осындай жағдайда не істеуі керек? Осы сұрақтарды біз саясаттанушы Расул Жұмалыға қойдық. 

Сарапшы Ресейде тойланатын Жеңіс күні ардагерлерді еске алу күні емес, Путин билікке келгелі елдің әскери әлеуетін көрсету, әскери техникасын көрсету арқылы басқаларға сес көрсету екенін және Ресейдің экономикалық, технологиялық, мәдени емес әскери держава болуға бет алғанын айтады.

"Авангард" сияқты орталықтың ашылуы таңғаларлық жағдай емес, бірінші рет болып отырған шара емес. Соңғы он жылда Ресей мемлекетінің сыртқы және ішкі саясатының сол кеңестік дәуірге аяқ басқанын сезіп те, көріп те отырмыз. Сол ескі бір империялық көзқарастарды аңсау, әсіресе жастарды тәрбиелеу мәселесін бірінші кезекке қою және ресейлік патриотизм немесе "русский мир" мәселесін көтергенде осы әскери патриотизмді қайта жандандыруды көздеп отыр. Көбіне милитаризациялық бағытта. Милитаризация дегеніміз – сол қоғамды бір әскери сапқа, әскери бір үрдіске жақындастыру. Бұл Совет заманында болған, сол замандағы азаматтар біледі. Түрлі лагерьлердің, жастардың жаздық лагерьлерінің, түрлі патриоттық қауымдастықтардың ұйымдастырылуы – соңғы он жылда жалғасып келе жатқан үдеріс", – деп сөзін бастады сарапшы.

Ресей билігінің осындай саясат ұстануына 2014 жылы Украинада болған дағдарыстың себеп болғанын меңзеді. 

"Ресей қоршауға алынған қамал сияқты күй кешіп отырғандай. Осы қоршауда олар өз мүдделерін іске асыру үшін міндетті түрде қарулануымыз керек, жастарды келешек соғысқа дайындауымыз керек деген ұстанымда. Пропаганда тұрғысынан жастарды соғысқа баулу, соғыс әрекеттеріне дайындау, тоғызыншы мамырда балабақшадағы балаларға әскери киімдерді кигізу, танкке отырғызу сияқты романтизациялау бағытын ұстанып отыр. Бұл көршілес елдер үшін қауіпті жағдай. Әрине, бұл Ресейдің ішкі ісі болып табылатын шығар. Бірақ Ресейдің көршілерінің жеріне деген көз  алартуы,меніңше, ойландырарлық жағдай. Көріп отырғанымыздай, милитаризациялық бағыт ерте ме кеш пе сыртқа шығады. Бұны Совет одағының да саясаты көрсетті. Әрине, қатты бір дүрлігуге салынудың қажеті жоқ,бірақ байсалды түрде осындай үрдістерді бақылап отыру қажет", – деді ол.

Қазақстан не істеуі керек?

"Дәл осындай Авангард сияқты мектептер, дәл солардың көшірмесі бізге қажет емес. Қазақстан бұл мәселені асыра сілтеушілікке салынбай ойластыруы керек, Қарулы күштерге деген қоғамдағы оң көзқарасты қалыптастыру керек.Тәуелсіздігіміздің кепілдемесі мен қорғаушысы – біздің Қарулы күштеріміз. Әскерде қызмет ету тек парыз емес, үлкен сенім, үлкен мүмкіншілік, карьерада өсудің алғышарты болуға тиіс. Әскері әлсіз, қорғаныс күштері әлсіз, қоғамында қарулы күштерге деген көзқарас нашар жағдайда, жастарды бұған баулымаса, оның салдары өте ауыр болатынын Украинадағы жағдай байқатты. 45 млн халқы бар үлкен мемлекет, бірақ жеме-жемге келгенде 2014 жылы әскерінің әлсіздігі мен қоғамда қолдауға ие болмағанының салдарынан аянышты жағдайға душар болғанын білеміз", – деп сөзін түйіндеді саясаттанушы. 

Ресейде ашылған әскери мектептің сипаты қандай?

Мәскеу қаласының оқушылары осы жылдан бастап "Авангард" деп аталатын әскери-патриоттық тәрбиелеу оқу орталығындағы әскери-оқу жиынына қатысатын. Осы мектептің бірінші ауысымының салтанатты ашылуына Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу, Мәскеу мэрі Сергей Собянин және Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьев қатысты.

Аталған шенеуніктер осы мектептің құрылысын салу туралы шешімді бірлесе қабылдап, оны ел президенті Владимир Путин қолдады.

Қазір 600-ге тарта жоғары сынып оқушысы мен колледж студенті бес күндік әскери жиынға қатысып жатыр. Бұл әскери дайындықтан өткен барлық студенттер үшін міндетті болып табылады. Собяниннің айтуынша, оқулар мектеп бағдарламасының жалғасы саналады. "Авангард" ауыр техниканы жүргізуге арналған тренажерлар, парашютпен секіру симуляторлары, спорт кешені, скалодром, интерактивті тир және басқа да керекті құралдармен жабдықталған. Бір жыл ішінде бұл мектепте 15 мың мәскеулік оқушы оқи алады. 

"Бес күндік жиын – мектеп бағдарламасының жалғасы. Бірақ көріп отырғаныңыздай, бұны толықтай мектеп бағдарламасы деп айтуға келмейді. Ең бастысы, бұл ресми жоба емес, Қорғаныс министрінің идеясы бойынша құрылған жоба. Президент осындай мектеп салу идеясын қолдады. Мұндағы рух пен атмосфера басқаша. Бұл жерде балалар бір-бірлерімен мүлдем басқаша сөйлеседі, олардың көңіл-күйі соған дәлел", – деді Сергей Собянин.

Мәскеу мэрі осындай мектептердің тағы да салынатынын мәлім етті.

"Әрине, олардың қатары артады. Биыл тек 15 мың оқушы осы мектептегі жиынға қатысады. Бұл аз деуге болады, өйткені Мәскеуде жылына 40 мыңға жуық жасөспірім осындай жиыннан өтеді. Біз орталықты одан әрі дамытамыз, қосымша ғимараттар саламыз, жаңа мүмкіндіктерді қолдан келгенше жасаймыз", – деді Мәскеу мэрі.

Табиғат Нұрболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу