Ресейдің мұнысы барып тұрған қиянат!

20182

Қазақстан Еуразиялық одақ құрылымдарына арызданады.  

Ресейдің мұнысы барып тұрған қиянат!

Отандық және ресейлік ақпарат құралдары одақтастың Қазақстан экспортына тағы да тосқауыл қойғанын жарыса хабарлауда. Атап айтқанда, өзгенің экспортын шектеуде небір қулық-сұмдық схемасын меңгерген Мәскеу "Россельхознадзор" шешімімен елімізден қызанақтар мен бұрыштар жеткізіліміне шектеу енгізгенін жариялады.

Осы орайда РФ Ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі федералдық қызметі барлық БАҚ арқылы Алматы мен Ақтөбе облыстарында өсірілетін бақша өсімдіктерінің "денсаулыққа зиянды" екенін айтып, жар салды. Сондықтан дүйсенбі, 18 қаңтардан бастап, өзіне аталған көкөніс түрлерін жеткізуге қатаң тыйым салады.

"Россельхознадзорға" сенсек, "Қазақстанның аталған облыстарынан Ресей территориясына жеткізілген қызанақтардан томат жемістерінің қоңыр қатпарлы вирусы (Tomato brown rugose fruit virus немесе ToBRFV) табылыпты". Осыған жауап ретінде "Россельхознадзор" елімізге қарсы фитосанитарлық карантин шарасын енгізді.

Мәскеу Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігіне былтырғы 21 желтоқсанда отандық өнімінде қауіпті вирус анықталғаны туралы нота жіберіп, хабардар еткенін де мәлімдеді.

Қазақстан алпауыт серіктесінің негізсіз жаласына бірден қарсы шыққан екен. Әйтсе де 28 желтоқсанда өткен келіссөздер барысында Ресей жағы өз ұстанымында ары қарай табандайтынын білдіріпті. Бұған қоса, ол Қазақстаннан "қалыптасқан жағдайға тергеу жүргізіп, оның нәтижелерін, сондай-ақ Ресейге қауіпті вирустар жұқтырған өнімдердің жеткізілуіне жол бермеу үшін қандай шаралар қабылданғанын хабарлауды" талап етеді. Егер бұзушылық болмаса, қандай шара қабылдау керек?

Сорақысы сол, Мәскеу өзін сүттен ақ, судан таза етіп көрсетіп, бар айыпты одақтасына аудара салды: "Біз былтырдан бері ескертудеміз, алайда қазіргі уақытқа дейін қазақстандық тараптан ешқандай реакция жоқ", – деген "Россельхознадзордың" сөзін біздің ақпарат құралдары да тексермей таратып жатыр.

Бұған дейін Қазақстан одақтас ретінде Ресеймен арадағы осы мәселенің тігісін өзара жабық келіссөздер арқылы жатқызып, ың-шыңсыз реттеуге тырысып келген. Енді көршісінің бұл қиянатына шыдамай, біздің АШМ де керістің мән-жайын ақпарат құралдарына жариялауды жөн көріпті.

АШМ дауысы қатқыл шықты

"Қазақстандық қызанақтарда вирустар табылды деген ақпарат шындыққа жанаспайды!" – деп үзілді-кесілді мәлімдеді қазақстандық Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Ведомствоның растауынша, 2020 жылдың желтоқсанында Ресейдің "Россельхознадзоры" қазақстандық "Green Capital Kazakhstan", "Green Land Alatau" ЖШС-лердің өнімдерінде қызанақ жемістерінің қауіпті вирусы анықталғаны туралы хабарлама жіберіпті. Сонымен қатар "Greenhouse-Qaztomat" ЖШС-і өндіретін қызанақты алып келуге шектеу енгізгені жайында құлағдар еткен.

Осыған байланысты АШМ-ның Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті шұғыл түрде ресми тергеу ұйымдастырды. Бұған бір емес, бірнеше меммекеме жұмылған. Өйткені одақтастың айыбы ауыр. Ол бүкіл қазақстандық көкөніс экспортына зиян келтіруі мүмкін. Егер әлгі вирустың бары расталса, өзге елдер де экспортқа тыйым салуы ықтимал. Демек, Ресей жай шектеу енгізіп отырған жоқ, ол Қазақстан беделіне соққы жасап отыр.

Сонымен, тергеу барысында Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар, сондай-ақ "Фитосанитария" РМК, "Фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы" РММ және "Республикалық өсімдіктер карантині орталығы" ММ мамандары ПТР-талдау жүргізу мақсатында сынамаларды алу үшін "Greenhouse-Qaztomat" ЖШС-де жаппай комиссиялық тексеру жүргізді.

Әрине, бұл тексеру шетелдік аспаптармен жүрсе, батыспен қас көрші оның қорытындыларына сенбеуі мүмкін. Сондықтан талдау үшін Ресейдің "Бүкілресейлік өсімдіктер карантині орталығының" жедел тесттері қолданылды.

"Ықтимал қателер мен келіспеушіліктерді болдырмау үшін зертханалық талдау әдістері ресейлік ұйымның мамандарымен бірге жасалды. Сараптама қорытындысы бойынша "Greenhouse-Qaztomat" ЖШС өнімдерінде ToBRFV вирустары анықталған жоқ. Сондай-ақ, объективтілік үшін компания өз бастамасы бойынша өнімнің сынамаларын Нидерландыдағы "Groen Agro Control" тәуелсіз зертханасына жіберді. Еуропадағы осы қосымша зерттеу нәтижелері бойынша жылыжай шаруашылығында ешқандай да вирус анықталған жоқ!" – деді министрлік.

Осындай комиссиялық тексерулер "Green Capital Kazakhstan" және "Green Land Alatau" жылыжай шаруашылықтарында жүргізілді. Ол жерлерде де Ресей таңып отырған вирус анықталмады.

"Ресми тексерулердің барлық нәтижелері РФ Ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі федералдық қызметке хабарланды. Сол себепті АШМ-ның Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті "Россельхознадзордың" іс-әрекеті Еуразиялық одақ туралы шарттың талаптарын өрескел бұзады және жасанды кедергі болып табылады деп есептейді. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Еуразиялық экономикалық комиссияға шағыммен жүгінуге ниетті!" – деді меморган.

Сонымен қатар, қазақстандық АШМ көршінің вирустарды анықтау фактілерінің дұрыстығына ашық күмән келтірді. Өйткені "Россельхознадзордың" Свердлов референттік орталығы 2020 жылғы 11 желтоқсанда "Greenhouse Kazakhstan" өніміне "қауіпті" деп қорытынды берген. Алайда компания 24 желтоқсанда сол партиядан сынамаларды алып, "Бүкілресейлік өсімдіктер карантині орталығы" ФМБМ-нің орталық зертханасында қайта сараптама жүргізуді талап еткеннен кейін дәл сол өнімнің тазалығын растайтын қорытынды жіберілген.

"Қазақстандық қызанақ пен бұрыш өнімдері вирус жұқтырды" деген ақпаратқа байланысты АШМ-ның Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті еліміздің барлық жылыжай шаруашылықтарына және республика аумағына алып келетін қызанақтарға кешенді тексеру ұйымдастырды. Зертханалық сынақтардың қорытындысы бойынша отандық жылыжай шаруашылықтарының ешқайсысында аталған вирус анықталған жоқ.

Демек, қазақстандықтарға да отандық осы көкөністерді еш алаңдамай тұтына беруіне болады.

Тағы бір масқарасы сол, Ресей қауіпті вирустары бар өзге елдердің өнімдерін анықтай алмай, Қазақстанға өткізіп қоюда. Мысалы, былтыр Әзірбайжан келген қызанақтардан вирус анықталуының 16 оқиғасы тіркелді. Қауіпті вирусы бар қызанақ тиелген барлық көліктер тек қазақстандық шекарада ұсталып, жүк экспорттаушы елге қайта қайтарылды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу