Ресейдің санкциядан ең көп сорлаған салалары аталды

3411

Мұны да біле жүрген абзал, өйткені көрші ел Қазақстанмен бір одақта, әрі ортақ экономикалық кеңістік құрып жатыр.

Ресейдің санкциядан ең көп сорлаған салалары аталды Фото: zensovet.ru

Былтыр Қазақстанда бензин мен дизель тапшылығы өршігендіктен, ел Үкіметі республикадан мұнай өнімдерін автокөліктермен шетелге шығаруға қатаң тыйым салып тастады. Ол тыйымның мерзімі 2023 жылғы 12 қаңтарда аяқталатын еді. Алайда ел Үкіметі оны тағы жарты жылға ұзартуға мәжбүр болды. Тиісінше, ол тыйымның уақыты жыл ортасында аяқталды.

Бірақ Қазақстанға бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің өзге де түрлерін автокөлікпен сыртқа шығаруға 2024 жылдың қаңтарына дейін тыйым салуға тура келді. Оның үстіне шектеу қатайтылды: көлік иелеріне Қазақстаннан канистрлермен 20 литрден артық бензин мен дизелді шекарадан ары алып өтуге рұқсат етілмейді.

Өйткені бүгінде Ресейді көп өңірінде "бензин дағдарысы" белең алып тұр. Егер мемлекетіміз дер кезінде тосқауыл қоймағанда, айналдырған үш мұнай өңдеу зауыты шығаратын бұл өнімді көрші қотара көтеріп, алып кететін еді.

Америкалық Newsweek журналы сарапшылардың пікіріне құлақ түре отырып, Ресейдің санкциядан барынша көп зардап шеккен салаларын анықтады.

Алмастыруға қажетті запастық бөлшектердің жетіспеуінен ресейлік әуе тасымалдаушылары ұшақтарының айдалаға қонуы, ақау табылып, рейстердің орындалмауы, "авиафлот каннибализациясының" кең таралуы – батыстық санкциялардың орыс авиациясын қалтыратқан ызғары. Ресейлік кітаптардың сарғыштау қағазда шығарылуы, түрлі тауарларының қаптамаларында бояуды үнемдеуі де санкциялардың салқыны.

Сонымен бірге санкция кесірінен Ресейдегі интернет – әлемдегі ең шабанына айналды. Бұл солтүстік көршінің цифрландыруда әлем көшінен арттап қалуына соқтырмақ. Ал осы кезде іргесіндегі Қазақстан ақырындап 5G технологияларына көшуде.

Баспа мен полиграфия

"360" басылымы Мерзімді баспасөз баспагерлері гильдиясының президенті Сергей Моисеевпен әңгімелесті. Оның айтуынша, тек қағаз түрлері ғана емес, сонымен бірге бояудың түр-түрі, керекті саналуан химиялық заттар да дамыған елдерінің санкциясының астында қалды. Ең бастысы, санкциялар аясында сала үшін өмірлік маңызды импорттық станоктардың запастық бөлшектерін де Ресейге тасуға тыйым салынған. Бұлардың бәрі – салаға соққы болды.

Әрине, Гильдия басшысының байламынша, бұдан сала толығымен тоқырап, компаниялар тегіс жабылып қалмайды. Экономиканың осы сегментіндегі бизнес қытайлық арзанқол, сапасыз өнімдерге көшіп, балама тапты. Сала алпауыттары керектісін одақтас елдер арқылы параллельді импорт схемасымен тасуға тырысуда. Алайда бұл ресейлік типографиялық өнім бағасының қымбаттауына соқтырды.

"Альпина" баспа тобының бас директоры Алексей Ильиннің дерегінше, бір жыл ішінде қағаз бағасы 20%-ға, полиграфиялық қызметтер – 25–40%-ға өскен.

"Парето-Принта" директоры Павел Арсеньевтің айтуынша, еуропалық шығыс материалдарын азиялық баламаға ауыстыру кітап өнімдерінің күрт қымбаттауына әкелген. Себебі, біріншіден, логистика күрделенді, алыс маршруттермен тасылады. Екіншіден, жеткізу мерзімі ұзарды. Үшіншіден, "Азиядағы серіктестері ресейлік клиенттерінің өздеріне ғана тәуелді екенін түсініп, жеңілдіктер беруді доғарды". Төртіншіден, Ресейде девальвация жүріп, рубль қарқынды құнсыздануда.

Сондықтан Арсеньевтің айтуынша, шығындардың бір бөлігін типографиялардың өз мойнына алуына тура келіп жатыр. Салдарынан баспа бизнесінің рентабельділігі, табыстылығы құлдырап барады. Әйтпесе бағасы күрт өскен орыс кітаптары мен баспа өнімдерін көрші Қазақстан, ТМД елдері түгіл, ресейліктердің өзі де алмай қояды.

Қарызға батқан ресейлік типографиялардың алды жабылуда.

РБК жазуынша, былтырдан бері кітап өнімдері өндірісіндегі маңызды компоненттердің арасында "толыққанды импорт алмастырылған" жалғыз ғана өнім бар: ол – офсеттік қағаз. Бұрын ол тек Финляндиядан импортталатын. Оны Еуропадан жеткізуге санкция енгізілген 1,5 жыл ішінде ресейлік кітап басушылар толығымен жергілікті баламасына көшіп алды. Алайда нарық қатысушылары РБК-ға шағымданғандай, ресейлік өнім ассортимент жөнінен тым жұтаң. Олар баспаханаларға "спецификалық дизайнерлік сорттарды" ұсына алмады.

Оның үстіне жергілікті өндіріс кітап басушылардың барлық сұранысын және газеттер мен журналдардың бұрынғы таралым-тираждарын қамтамасыз ете алмады.

Фанера өндірісі

Бір қарағанда, тым қарапайым көрінгенімен, фанера құрылыстың сантүрлі салаларында кең қолданылады. Бұл конструкциялық материал капиталды объектілерді тұрғызуда, монолитті және каркасты құрылыстарда, ғимараттардың іші мен сыртын қаптауда, едендерді, шатырларды жабдықтауда, бөлмелер арасын бөлуде пайдаланылады.

Кеңселік корпустік жиһаздың 90%-ға жуығы, есіктер, столдар мен орындықтар, шкафтар және басқасы осы материалдан жасалады.

"Коммерсант" жазуынша, ресейлік зауыттарда бүгінде фенолдік шайыр-смола таусылуға таяды. Ал онсыз фанера жасалмайды. Соңғы кездері Ресейде шайыр өндірісі қатты құлдыраған: олардың көбі бірнеше есе жоғары құнын төлейтін батыстық нарықтарға бағдарланып келген екен. Енді оларға бай, майшелпек нарықтар қолжетімсіз болды. Қалған кәсіпорындар өнімдерін негізінен ТМД елдеріне сатуда. Тіпті көршілерде тіркелген жалған фирмалар арқылы еуропалық нарыққа реэкспорт жасауға тырысады. Нәтижесінде, Ресейдің өзі фенолдік шайырдан қағылып отыр.

Бұл Ресейде құрылыстың, баспананың, жиһаз өнімдерінің қымбаттауына түрткі болады.

Интернет және ұялы байланыс

Ресейде интернет Қазақстандағыдан да нашар болып кеткенін көршіге сапарлаған қазақстандықтар аңғарған болар?

Мысалы, оларда ұялы байланыстың сапасының төмендегені сонша, тіпті қаланың орталығында смартфонын қопарып отырған адамның "байланыс аясынан тыс жерде" не "телефоны сөндірулі" болып шыға келуі ғажап емес. Ресейлік абоненттер телефон соққан адамына қоңырау жетпейтініне, әлдекімдердің өзіне хабарласа алмағанына, тіпті ол туралы ескерту смсі келмейтініне жиі шағымданады.

"Известияның" жұмсартып жазуынша, былтыр Украинамен қарулы қақтығыс басталғалы ресейлік интернеттің орташа жылдамдығы да 7%-ға төмендеді. Бұл – елдегі орташа шама.

Шынында, өңірлерде желіге қатысты проблема ушығыпты: қоңыраулардың көбі ақырғы абонентке жетпейді. Бірнеше рет теру талап етіледі. Кейде байланыс пен интернет қараптан қарап жоғалып кетеді. Яғни, Ресейде ұялы байланыс саласында да "веерлік ағытулар" болып тұратынға ұқсайды.

Бұл да – Путин мақтаған "санкцияның арқасы". Өйткені РФ Украинада қантөгісті соғысын бастағалы, Ресейден Nokia мен Ericsson компаниялары кетіп қалды. Бұған дейін Ресейдегі ұялы байланыс мұнараларына арналған жабдықтарды солар жеткізетін. Енді Ресейдегі байланыс операторларына өңірлер мен провинциялардағы мұнараларды бұзып, ірі қалаларға әкетуге, немесе ол жабдықтарды көрші елдерден тіленіп, сұрауына тура келуде.

Үлкен жүк көліктеріне арналған шиналар

Соғысқа дейінгі заманда Ресей көлік тасымалындағы әлемдік хаб болды. Себебі, РФ территориясы ұлан-байтақ, көлемі жөнінен әлемде бірінші орында тұр. Оны айналып өту де қиын. Бірақ санциялар оның көршілерін Ресейді айналып өтетін баламалы бағыттарды дамытуға мәжбүрледі.

Мысалы, Қазақстан лидері Қасым-Жомарт Тоқаев таяудағы "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты жаңа жолдауында РФ аумағына соқпай, оны Каспий арқылы орағытып өтетін Транскаспий бағдары (сарапшылар арасында ТМТМ немесе Middle Corridor атымен танымал) – бұдан былай транзиттік әлеуетімізді нығайту ісінде айрықша рөл атқаратынын жариялады. Президент Үкіметке орта мерзімдік кезеңде осы дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемін бірден 5 есе арттыруды тапсырды. Ол үшін Қытай, Әзербайжан, Грузия, Түркия сияқты серіктес мемлекеттермен бірге күш жұмылдыруды жүктеді.

Ресей болса, өз еншісінде қалған транзитті де еңсере алмай қалуы мүмкін. Өйткені ресейлік жүк тасушы компаниялар алып фурларына қажетті шиналарды батыстық компаниялардан алатын. Әсіресе Michelin өнімдері танымал еді. 

Бүгінде "Ведомости" жазуынша, оларға басқа нарықтардан соның баламасын іздеуге тура келуде. Кейбір компаниялар өз көліктерін қытайлық шиналармен "киіндірген". Бірақ оған өкініпті: қытайлық шина ұзақ жолға төзбейтін көрінеді. Michelin және басқасы Қазақстанда, ТМД елдерінде сатылады. Ресейліктер солардан тасуға тырысуда.

Ұшақтардың бөлшектері

"Ространснадзор" дерегінше, былтыр ресейлік авиакомпаниялар қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін ұшақтармен 2 мыңнан астам рейс жасады. Ендеше пилоттардың және жолаушылардың бастарын бәйгеге тігуде.

Ресейлік әуе тасымалдаушыларының өздері мемлекеттік органның бұл айыбын мойындамады. Олар өз жолаушыларының өміріне қатысты тәуекел жасамайтынына сендіріп бағуда.

Бірақ авиаинциденттердің көбеюі олардың бұл мәлімдемесін жоққа шығарады. Сонымен қатар авиакомпаниялар әуе көліктеріне арналған запастық бөлшектерді табу қиындағанын жасырмады. Оны да көрші елдер, жалған фирмалар арқылы дамыған елдерінен тасуға тура келуде.

Алайда бұрын тапсырыс беру мен жеткізу арасында әрі дегенде апта ғана өтетін. Бүгінде бөлшектердің параллелді импорт арқылы жеткізілуі екі айға дейін ұзайтын көрінеді. Демек, осы мерзім бойы әуе көлігі қаңтарылып босқа тұрады.

Newsweek журналы "санкциялар салдарынан Ресейде барлығы дерлік тапшы бола бастады" деген байламға келіп отыр. Бұл ретте санкциялар өтпелі кезеңдерден соң, тек биылғы жыл басында ғана толыққанды күшіне енді. Олай болса, В.Путин, лауазымды немесе ұсақ пропагандистер дәріптегендей, РФ экономикасының төзімділігі шексіз, беріктігі орасан зор емес сияқты.

РФ Украинаға кең ауқымды шапқыншылық жасағалы, Батыс әлемі, G7, дамыған елдер 13 мыңнан астам санкция мен шектеулер енгізіпті. Соғыс аяқталмай, олардың саны алда тек толыға береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу