Ресейдің талабы негізсіз

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
1709

Ресей Қазақстанды қант нарығында жымысқы әрекет жасады деп айыптауда.

Ресейдің талабы негізсіз

Әрине, Қазақстан мұнымен мүлдем келіспейді және бұған қарсы шара қолданбақ.

Естеріңізге сала кетейік, солтүстіктегі көршіміз қантты кері экспорттауға қатысты елімізді айыптаған болатын. Біздің тарап қант нарығына шектеу қою туралы талапқа жауап қайтаратын болады. Бұл туралы ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді.

Сәрсенбі күні "Ведомости" Қазақстан және Беларусь елдерінен жеткізілетін қантқа шектеу қоятындығын хабарлады. Басты себеп – қос мемлекеттің ортақ саясатқа томпақ келетін әрекет жасауы. Ал Қазақстан болса бұл шағымды түсіне алмай дал.

"Қазақстан қант нарығында жауапсыздық танытты деп айтылды. Әрине, олай емес", – деді Тимур Сүлейменов.

Министр Еуразиялық экономикалық одақты құру барысында барлық ел белгілі бір өтпелі ережелерді мойнына алғанын атап өтті. Бұл ретте, Қазақстан 2017 жылға дейін құрақ қант шикізатын үшінші елдерден жеткізу жеңілдігіне ие.

"Сәйкесінше, Қазақстан тарапынан ешқандай ереже бұзушылық орын алған жоқ. Квота біздің сұранысымызға байланысты бекітіледі. Яғни, кейін Қырғызстанға, Қытайға, Ресейге экспорттау үшін деген ниетпен артық көлемде қант қарастырылмайды. Квота өзіміздің сұранысты толықтай өтеу үшін тиісті деңгейде ғана бекітіледі. Сондықтан үшінші елдерден қант алдырып, кейін оны Ресейге кері экспорттау туралы әңгіме қозғаудың реті жоқ", – деп түсіндірді Тимур Сүлейменов.

Қазақстан тағам кәсіпорындары одағының деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда елімізде қанттың 90%-ы құрақ қант шикізатынан алынады екен. Ал қалған 10%-ы қант қызылшасына тиесілі. Бұл ретте, Қазақстан тағам кәсіпорындары одағы қант шикізатына берілетін квотаны ұзарту үшін ЕАЭО елдерімен келіссөздер жүргізу қажеттігін бірнеше мәрте мәлімдеген еді. Әйтпесе, ішкі нарықта қантқа деген дефицит орын алуы ықтимал.

Ресей Федерациясы ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген ұлттық экономика министрі ЕАЭО аясында еркін сауда айналымы қамтамасыз етілгенін атап өтті. Яғни, өзге мемлекеттер кез келген кедергіні алға тартқанда біздің тарап жедел түрде қарсы әрекет қолданбақ.

"Мұның бәрі ойдағыдай реттеледі деп сенеміз. Әрине, біз экономикалық одақта болсақ та, әр мемлекет өз мүддесін қорғайды. Тиісінше, РФ мемлекеттік органдары өз кәсіпкерлері тарапынан қысым көріп отыр. Бұл кез келген елде болатын қалыпты жағдай. Бұған түсіністікпен қарау керек. Ең бастысы, мемлекеттік мекеме отандық бизнесті ғана емес, одақ құрылған кезде бекітілген халықаралық міндеттемелерді де естен шығармауы тиіс. Егер халықаралық міндеттемелер бұзылатын болса, біз шара қолданатын боламыз", – деді министр.

Еркебұлан Қыздарбек, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу